Не себептен балаларға бауырсақ пен бесбармақ беруге болмайды
Бауырсақ пен бесбармақты не үшін балалардың тамақтану рационына қосуға болмайды? Кез-келген мерекені мол дастарханда атап өту әдетінен қалай құтылуға болады? Тамақтану тәртібін неліктен балалық шақта қалыптастыру керек? Бұл сұрақтарға денсаулық сақтау саласының маманы және дұрыс тамақтану бойынша құрастырылған әдістерінің авторы Альмира Сейджапарова-Орлова айтып берді.
Альмира Сейджапарова-Орлова балаларға неліктен бесбармақ, бауырсақ секілді тағамдар беруге болмайтынын Экспресс К-ға берген сұхбатында айтты, деп жазады Stan.kz.Маман қазақстандықтарға шұғыл түрде аспаздық құмарлыққа деген көзқарастарын қайта қарауға және «етті етпен жейміз, етті сорпамен ішеміз» қағидасына сәйкес тамақтануды доғаруға кеңес береді. Әйтпесе, қазақтар алдағы 25-50 жылда Азия аймағындағы ең семіз ұлттың біріне айналуы мүмкін. Себебі, республикада жүрек-қан тамырлары аурулары мен қант диабетіне шалдыққандардың көрсеткіші рекордтық деңгейге жеткен. «Мен көп саяхаттадым, бірақ барған жерлерде дәл қазақстандықтар сияқты той-думан өткізетін халық көрмеппін. Туған күн, қоныс той, компанияның жетістігі, тіпті қарапайым қонаққа барудың өзі біздің асқазамызға үлкен мереке. Менің бұл сөзіме ренжімеңіздер, бірақ қазақстандықтар үстелдерге отыра салысымен бірнеше сағат бойы тамақ жеуден шаршамайды. Оның үстіне ұсынылған тағам әдетте, жоғары калориялы болады және олар ағзаға теріс әсер етеді»,-дейді Альмира. Мерекелік шарадағы дастарханда болсын, үйде болсын балалар да ересектермен бірге отырып бесбармақ, палау, майлы сорпа және қуырылған бауырсақ жейтіні баршамызға белгілі.
Альмираның айтуынша, үлкендер мұндай тағамдардың баланың денсаулығына қатты соққы болатынын сезбейді. Оның сөзінше, жылдам тамақтану орындарында әзірленетін гамбургерлер мен хот-дог та балалардың асқазаны үшін өте ауыр тағамдар. «Бірнеше рет халық жиі баратын жерлерге барып зерттеу жүргіздім. Мен жылдам тағам әзірлеуге маманданған кафелерге барып кешкі экскурсия да өткіздім. Бірақ, әрдайым кеш уақытта балаларымен жүрген ата-аналарды көремін. Өйткені, бала ұйқыға екі сағат қалғанда кафеге келіп, өздігінен гамбургерге тапсырыс бере алмайды. Оларды мұндай жерлерге ата-аналары ертіп әкеліп, осындай зиянды тамақтарды алып береді. Ал, балалар ондай тағамдарды отбасылық қарым-қатынастың бөлігі ретінде қабылдайды. Кейін олар өскенде де өз балаларын дәл осы тәртіппен тамақтандыратын болады»,-дейді маман.
Оның сөзінше, артық салмақ тамақтанудың ең нашар салдары ғана емес. Адамдар дұрыс тамақтанбағандықтан денсаулығынан айырылып, мүгедек болып, әртүрлі ауруларға шалдығып көз жұмады дейді маман.
«Ежелгі уақытта жануарлар тек табиғи азықпен ғана қоректенетін. Оларға ешқандай химиялық қоспалар берілмеді және құстарға әр түрлі антибиотиктер салынған емес. Ал, көкөністер мен жемістер барлық жерде сатылса да, қазақстандықтар оларды жеткілікті мөлшерде сатып алмайды. Бізде көптеген балалар көкөністердің атын да білмейді. Ата-аналар балаларының жеміс-жидек, көкөніс жемейтінін мақтанышпен айтады. Негізінде, олар осындай пайдалы өнімдерді өздері сатып алмайды. Мысалы, жеміс-жидектер дастарханда тұрса балалар одан бас тартпайды. Егер сізге көк шөптерді, алма және қызанақ жеуді үйретпесе, ол көкөністер сіздің балаңызға ұнамайды дегенді білдірмейді. Балалар көкөніс пен жеміс-жидекті ерте уақыттан жеуді әдетке айналдырса оларға соғұрлым жақсы»,-дейді Альмира.
Stan.kz