Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бір өзі бір газет еді-ау...

Бір өзі бір газет еді-ау...


Тағдыр ажал ортамыздан тағы да бір атпал азаматты алып тынды. Өкініштісі сол, қарымды қаламгер азаматтың шалқар шабыт сыйлар ақылы толысқан, кемел шағына енді жеткенде мезгілсіз кеткені ғой. Қуатын сарқып ай мен күн санап меңдей түскен ауыр науқас, өмір мен өлім дейтін көзге көрінбес тағдырдың шекті шеңберімен мысықтабандап келіп іліп түсерлік межеге жақындап-ақ қалғанын басқа-басқа, сезімтал, ақынжанды Алтайдың сезінбеуі мүмкін емес. Солай бола тұра, өмірге деген құштарлық оған өмірінің соңында тағы да бір жігерін жанып, жасықтық танытпас жігіттің жігітінде-ақ болатын абырой сыйлағандай. Алмай қоймас аурудың алғышартындай болып оң қолы қалам ұстауға икемге келмей қалғанда да, сау сол қолына салмақ салған Алтекең шұқшиып отырып маржандай тізілген әріптерінің мұртын шақпастан сұп-сұлу қалпында қағаз бетіне түсіріп мақала жазып отырғанын көрсеңіз таң қалмасқа шараңыз қалмас еді. Ер демеске лажың, Өр демеске уәжің болмайтындай осыны көрдік біз одан! Осы дімкәс жағдайымен-ақ өзіне ғана тән мойылдай сұлу мұртына ағараңдап әр жерден ақ түскенімен, суала бастаған ұртын әдемі көмкеріп, реңіне ерекше бір мейірім (бәлки қимастық сезім) табын сыйлаған жарасымды жымиыспен қолына ұстаған таяғының балдағына екі қолын артып отырғанында бір-екі ауыз тілдесіп едік.
– Ау Алтеке, мынау таяғың не? Бір ауыз сөзбен іліп түсер қаруың қалам, сермесең сеспей қатыратын семсер сөзің аздай-ақ, енді қолыңа сойыл-таяқ ұстағанбысың? – деймін әзілдеп. Сырқаттанып жүргенін білсем де, елемегенсіп өзімше дем берген түрім ғой...
– Кейбір хабарсыз кеткен жігіттер жасқанып жүрсін деп әдейі айбат шегіп таяқ ұстап отырмын, – деп езу тартқаны бар. Артынша өзінің көп жылғы әріптесі, ақын Қуанышбай марқұмның шүйіркелесіп, сыралатып отыратын достары ілуде бір сырғақтап төбелерін көрсетпей жүргенде айтатын «Жұмабай көкемнің селебесін қойныма тығып жүрмін, жан керек болса жетіңдер» – дейтін сәлем сөзін күлісіп отырып еске алдық.
– Кейде, Жұмабайдың лөкетін... деуші еді. Досыңның осы «лөкет» дегені не сөз екенін білмеймін, әйтеуір суық қару болса керек?..» – деп ескі досқа қатысты кейбір қызық-шыжықтарды бірге мұңая еске алысқанда төбеңнен әлдеқайда асыра қараған көз жанарынан жылт-жылт ұшқын атып тұрғандай болып еді. Енді бір аз күндерде өзінің де сағыныш сағымға айналып кете барарын іштей біліп тұрды ма екен қайдан білейін, дені сау адамның бітпейтін қу тірлігімен асығыс амандық тілеп айналып кеткеніме шын өкінем бүгін.
Алтекеңмен етене араласқан тұсым да осыдан он жылдан аса бұрын аудандық ішкі саясаттағы қызметімде жоғарыда айтқан сыныптас досым Қуанышбай Уәлшерұлын аудандық газет редакторының орынбасарлығы қызметіне апаруыммен де тікелей байланысты болып еді. Жайлыбаевтың өзінен кейін редакция ұжымында қалған жазғыш жайсаңдардың ортасына жай оты түскендей жапыра жайпап, соңғы он жыл ішінде бірінен кейін бірі кете барыпты, ләйім соңы Алтекең болғай да... Екі мың жылдықтың басында нарық заңдылықтары талаптарына сәйкес жұмыс барысында салық, жарық т.б түрлі қарыздарға белшесінен батып, мардымсыз жалақы мен күні-түнгі жұмыстан кадрлардың тұрақтамаған аудандық газет үшін ең бір қиын кезеңдерде Алтайдың апталап үйіне бармай, түскі, кешкі тамағын үйінен алдырып, қона жатып, көз майын тауысып жазу жазып, тіпті газеттің өн бойындағы мақала, хабарларды түгелдей өзі жазып, авторлығына «Алтай», «Айуп», «Мұртты бала» т.б неше түрлі ат қойып, шығара беретін. Бір өзі бір газет! Өзім тікелей қадағалаушы болған 3-4 жылғы қызметімде аптасына кемінде екі рет шығатын газет бірде бір рет шықпай қалған кезі болған емес. Не деген жанкештілік?! Сол көп жылдарға созылған ұйқысыз түндер, мезгілімен тамақтанбау, ем алмау, демалмау із-түзсіз кетпеген сыңайлы, өмірінің соңында ауыр науқасқа шалдықты. Сонда да болса баспасөз майданындағы «постысын» тастамаған алғы шептегі солдаттай соңғы демі біткенше қолынан қаламы түспеді. Шегінбеді. Бақұл бол, Бауырым! Өнегелі өмірің кейінге үлгі, көңілге медет. Сен бізбен мәңгі біргесің.

Исабек Сәрсенбайұлы.
15 тамыз 2018 ж. 941 0