Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қарыз – мойныңдағы парыз

Қарыз – мойныңдағы парыз

Бірі жан бағып, бірі қарманып, енді бірі жалданып жүрген базар іші. Күннің аптап ыстығына қарамастан арлы-берлі жүрген адамның қарасы көп. Дүниенің дүбірге толы екенін білу үшін осы жерде сәл ғана аяңдасаң жеткілікті сияқты. Расымен, бір-бірімен емен-жарқын сөйлескен жандардың отбасындағы жағдайын, жұмысындағы жаңалығын осы жерден ести аласыз. Тіршіліктің қыз-қыз қайнаған ортасында ашуға булыққан жандардың өзгенің жағасына жармасқан көрінісіне куә болуыңыз да ғажап емес. Әне, қараңызшы! Үстіне аспан түстес көйлек киіп, қолына былғары сөмке ұстаған, бұйра шашты әйелдің алдындағы жанға қалай айқайлауын. Ашуға булыққан жанның жанайқайын бастапқы да ешкім түсіне алмаған еді. Алайда, жан дауыстары шығып, айқайласқан екеудің әңгімесінен жұрт қараторы келіншектің көк көйлекті әйелге берешек екенін аңғарды. Осы орайда, ойыма қарыздың күліп келіп, жылап қайтатыны орала кетті. Қазіргі қоғамда қарыз ақшасы үшін қам жемейтіндер көбейген тәрізді. Көбісі қолын бір сілтеп, бетін аулақ ұстауға тырысып бағады. Десе де, қайтарымы бар қаржының сіздің өміріңізде маңызы зор.Ең алдымен қарыз алу тұрғысында емес, қарыз беру жайлы айтып өтсек. Өйткені, қарыз берген адам әр күні үшін берген қарызының көлеміндей садақаның сауабын алады екен. Сондай-ақ, сіз бір кісінің тығырықтан шығуына сеп болып, қол ұшын созасыз. Әрі оның тіленшілігінің алдын алып, ар-намысын сақтап қалуға жәрдемдесесіз, күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айырылған адамның уайымын жеңілдетіп, қайғысын сейілтесіз. Байқап қарасаңыз, қарыз алғаннан көрі, бергеннің пайдасы молырақ. Бірақ, біреуге қарыз бермес бұрын «Асыл сөз media» тілге тиек еткен төрт әдепті сақтасаңыз берешекті алатын уақыттағы кикілжіңнің алдын аласыз.
1. Қарыз алушының қарыз беруші алдындағы жауапкершілігі мен сенімін арттыру үшін қарыз алғандығы жөнінде қолхат жазған жөн. Ол хатта ақшаны қайтарып алатын нақты уақыт пен қаржының көлемі дәл көрсетілуі тиіс.
2. Қарыз берген сәтіңізде қасыңызда куәгерлердің болғаны дұрыс. Алдағы уақытта берешек адамның бұлтарып кетпеуі үшін бұл әдепті де естен шығармаған абзал.
3. Егер қарыз алушы ақшасын уақытысында қайтара алмаса, түсіністік танытып, мерзімді ұзартқан сізге сауап, қарыз алушыға мүмкіндік.
4. Ең бастысы қарызды не үшін бергеніңізді ұмытпаңыз! Сіз оны біреуге жәрдемдесу мақсатында ұсындыңыз. Олай болса берген ақшаңызды үсті-үстіне сұрай беріп, сабырыңыздан айырылмаңыз. Бір кісінің сізге қарызы бар екенін біле тұра қайта-қайта қыспаққа алу адамгершілігіңізге нұқсан келтіруі мүмкін.
Әрине, пенде болған соң өміріміз бір қалыпты жүрмейді. Бірде жағдайымыз жақсарып күн кешсек, енді бірде өзгенің есігін қағуға мәжбүр боламыз. Осыдан шығар қазақтың «Беруші қол алушы қолдың үстінде» дейтіні. Жоғарыда қарыз берушінің сақтауға тиіс әдептерін тізбектеп шықтық, ендігі кезекте қарыз алушының әрекеттеріне көз жүгіртсек. Өзгеден ақша алу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Қарызды адамдар арасындағы қатынасты сынаушы деп білсек, қарыз алушының да сыналар тұсы дәл осы сәт. Егер сіз бір кісіге берешек болсаңыз өзіңіздің қандай екеніңізді танытатын кез келді деп ойлай беріңіз. Осы орайда, қарыз алушының ескеруге тиіс ережелерін де «Асыл сөз media» сайты назардан тыс қалдырмаған екен. Бізде сол әдептерді өз оқырмандарымызға ұсынуды құп көрдік.
1. Қарызды қиындықтан құтылар өзге жол таппаған кезде ғана сұраған жөн. Және ол ақшаны тек пайдалы істерге жұмсаған абзалырақ.
2. Қарызды қайтаратын нақты уақытты білмей тұрып, ауызбен «орақ орудан» аулақ болыңыз. Жалған уәде беріп, сенімсіздікке ұшырап қалмаңыз.
3. Қарызды алғанда оны қайтара алатын жағдайыңызды ойлаңыз. Сіздің тапқан табысыңыз алған соммаңызды қайтаруға жететіндігіне көз жеткізіңіз.
4. Өзіңізге көмектесіп, қарыз берген кісіге рахмет ретінде сыйлық беруге болады. Бұл туралы Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Қарыздарыңды әдемі қайтаруға тырысыңдар» деп айтқан.
Берген қарыз беделді өсіреді. Сол сияқты қайтқан қарыз мерейіңізді үстем етеді. Әрі адамдар арасындағы араздықтың алдын алып, бір-біріне сенімділік қасиетін арттырады. Сондықтан, қарызды алмас бұрын береріңізді ойлап, уақытылы құтылуға асығыңыз.

Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА.
12 тамыз 2018 ж. 1 382 0