Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Алты айдың қорытындысы айтылды

Алты айдың қорытындысы айтылды



Қыстағы ақ басқан қара жерді, көктемгі көкке бояп, далада дүбір басталып, ел жапатармағай егін егіп, малын жайлауға айдап жатқаны кеше сияқты еді. Енді міне, шіліңгір шілденің ми қайнатар ыстығында қауын пісіп, көрші елге қарбыз артып, әйелдердің базар аралап банкі басып, қыс азығын жаз ойла дейтұғын уақытына да келіп қалдық. Әуелден желсөзге тез сенгіш халықпыз ғой, «кешегі ыстықтың қайтарымы бар, 40 градус ыстығың қыстың шілдесінде 40 градус суық болып қайтады екен», деген сөз ұйқыда жатқан қайманаға қамшы болды ма, әйтеуір жұрттың барлығы қыстық шөбін әзірлеп, отын-суын қомдап жатыр. Бірдеңені ести қалсақ соған қарсы керек-жарақтың барлығын қымбаттатып жібере тұғын ескі әдетімізге салып, биыл да шөптің бағасын екі есеге өсіріп үлгердік. Мөңке бидің әнебір ақырзаман жайлы айтқан сөздері біздің заманға дөп келіп, қара сиырыңыз пұл болып тұрған заматта қу қамыстың бір «пресі» 250 теңге болып тұр. Жә-жарар, не көріп, неге көнбей келеміз. Сәл сабыр етсек, қымбатшылықтың да қыл үстіне шығып, құздан құлдилап құлаған сәтін көрерміз әлі-ақ. Сейсенбінің түсі ауып, жұмыс уақыты аяқталар шақта аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудандағы алты айда атқарылған жұмыстардың қорытынды жиыны болатыны жайында хабар жетті. Содан қалам, қағазымызды сайлап «ақ үйге» қарай аттанған едік.
Жиналысқа келгендермен амандасып алған аудан әкімі Ә.Оразбекұлы бүгінгі отырыста ағымдағы жылдың алты айында жасалған жұмыстар мен шешімін таппай келе жатқан түйткілді мәселелердің түйінін шешу жолдары қарастырылатынын айтты. Күн тәртібіндегі 3 мәселе бойынша, аудан әкімінің екі орынбасары мен аппарат басшысы баяндама оқитын болды. Баяндама басталмас бұрын сәл кідіріс жасаған аудан әкімі өңірде орын алып жатқан кадрлық өзгерістерге тоқталып, Жиделіарық ауылына сайланған су жаңа әкімді таныс­тырып, оның алдағы жұмысына табыс тіледі. Сонымен, құрылыс, архитектура, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жол, ауылшаруашылығы, жер, ветеринария салаларының алты айда атқарған жұмыстар легін баяндау үшін бірінші болып мінбеге аудан әкімінің орынбасары Т.Жағыпбаров шықты. Аудан әкімінің орынбасарының сөзіне сүйенсек, өңір ауылшаруашылығында едәуір өсім бар екен.
Мәселен, жыл басынан бері ауданда ауылшаруашылық саласы бойынша 3,1 млрд. теңгенің өнімі өндірілген. Бұл былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өнім көлемінің 4,3 пайызға артқанын көрсетеді. Жалпы, бекітілген сызбаға сәйкес ауданда 29 062 гектар жерге егін егілген. Оның ішінде Шиелінің бренді атанған ақ күріш – 12 500 гектар жерге егіліп, жалпы егіс көлемінің 43,0 пайызын құраған. Сонымен қатар, күздік бидай – 936, жаздық бидай – 257, жүгері – 250, тары – 65, мақсары – 1014, жаңа жоңышқа – 3035, ескі жоңышқа – 6588, мал жемдік асқабақ – 89, картоп – 1050, көкөніс – 1285, бақша – 1993 гектар жерге орналастырылған.
Елбасы алдағы 5 жыл ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігін кем дегенде 2,5 есеге арттыруды биік мақсат етіп қойып отырғаны баршаға аян. Осы ретте, ауданда «Сыр агро и К» ЖШС жобалық құны 2,5 млрд. теңгені құрайтын 1100 бастық тауарлы сүт фермасының құрылысы басталған. Кешен құрылысын жүзеге асыру үшін 20 га жер телімі берілген. Ал, сүт өндіру бағытында «Асылхан» шаруа қожалығының жобалық құны 250 млн. теңгені құрайтын тәулігіне 1 тонна сүт өңдеу цехы іске қосылды. Мемлекеттік тағы бір жоба аясында аймақтағы шағын қожалықтарды топтастырып кооператив құруда да оң нәтижелер орын алған. Атап айтсақ, бүгінде ауданда 201 майда қожалықтар мен 311 дара кәсіпкерлердің бірігуімен 37 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылса, 2018 жылы 6 кооператив тіркелген.
Сондай-ақ, Т.Әлиасқарұлы: қазіргі таңда ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің егістік электрондық картасын қалыптастыру жұмыстары 100,1%-ға жетіп, 29 633 гектар жердің электронды сызбасы қалыптастырылғанын айтып, субсидиялау жұмыстары электронды түрде тапсырылып жатқанын жеткізді.
– Ауыл шаруашылығы құрылымдары мен тауар өндірушілерінің өнімдерін, тұқымдық, қажетті қызметтер мен ауыл шаруашылығы техникаларын, тыңайтқыш, химикаттарды тұрақты жерден немесе жұмыс орнынан шықпай тиімді бағада сату, сатып алу және айырбас­тау мақсатында «Агробиржа» электрондық сауда сайты іске қосылды. Сайтқа қазіргі таңда ауданда 37 шаруа қожалықтар тіркеліп, өз өнімдерін жарнамалауда. «Тұқым шаруашылығын дамытуды субсидиялау» қағидасына сәйкес, аудан бойынша биылғы жылы мемлекет тарапынан элита І репродукциялы тұқымдар мен алма көшеттеріне – 51 млн. 893 мың теңге субсидия төленді – деді салаға жауапты орынбасар. Онымен қоса, аудандағы жалпы төрт түліктің есебін беріп, асылдандыру жұмысының да жақсарғанын тілге тиек етті.
Ауылшаруашылығындағы істелген шаруаларды толықтай тәмамдаған Т.Жағыпбаров келесі кезекте аудандағы жерге қатысты жұмыстарды саралап өтті. Белгілі болғанындай жыл басынан бері аудан көлемінде жаппай кәсіпкерлікті дамыту үшін кәсіпкерлік мақсатта сауда-саттық (аукцион) өткізіліп, нәтижесінде 41 жер телімі саудаға шығарып, оның 34-і жеке меншік және жалдау құқығы арқылы ҚР азаматтарына табысталған. Аталған сауда-саттық бойынша 18 502 740 теңге көлемінде жергілікті бюджетке қаржы түсіру жоспарлануда. Сонымен қатар, мамыр айында ауыл шаруашылығы мақ­сатын­да 32 жер учаскесі сауда-саттыққа түсіп, ­­3 848 000­­ теңге­ге сатылып, айналымға енгізілген. Сонымен бірге,­ аудан аумағынан жер учаскелерін өздеріне тиесілі жерге қосымша табыстау, нысаналы мақсатын өзгерту бойынша көлемі 1,3 га жер телімін сатудан бюджетке 560 мың теңге түсім түскен. Кент тұрғындарынан жер телімін алуға өтініш білдіргендер саны 6912-ні құраған. Оның ішінде инфрақұрылым жүргізілген дайын алаңнан («Береке» мөлтек ауданынан) 297 өтініш қанағаттандырылды. Қазіргі таңда инфрақұрылым жасалынған қалған мөлтек аудандар бойынша 200-ге жуық өтінішті қанағаттандыру мақсаты тұр. Шиелі кентіндегі арнайы жер кезегінде тұрған азаматтардың өтініштері тым көп болуынан, өтініш иелері келісім берген жағдайда инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген кентке жақын ауылдық округтерден жер учаскесін табыстау мүмкіндіктері қарастырылуда екен. Енді аудан құрылысына қатысты берген мәліметтерге үңілсек, жыл басынан осы кезге дейінгі құрылыс жұмыстарының жалпы көлемі 1547,0 млн. теңгені құрап, былтырғы жылдың алғашқы алты айымен салыстырғанда 2,7 есеге өскен.
Келесі болып мінбеге көтерілген аудан әкімінің орынбасары Болатбек Ысмағұлов аудандағы экономика, қаржы, жұмыспен қамту, кәсіпкерлік және идеология салалары бойынша алты айдың қорытындысы мен алдағы міндеттері туралы тарқатып айтып берді. Ал, жергілікті атқарушы органдар мен кент және ауылдық округтердегі орындаушылық тәртіп жөнінде аппарат басшысы Ғалымжан Күлбаев баяндама жасады. Аппарат басшысының баяндамасынан кейін аудан әкімі Ә.Оразбекұлы қызметіне салғырт қарап, берілген тапсырманы ат үсті орындаған орынбасарлары мен кей бөлім басшыларына, бірқатар ауылдық округ әкімдеріне үстерінен шара көрілуі жайында ұсыныс беруді Ғ.Қыдырияұлына тапсырды.
Ауданның алты айғы айнасын қысқаша қайырсақ осындай. Нағыз қым-қуырт тірлік алдағы алты айдың еншісінде. Жаздайғы бейнетті жауын-шашынға ұрындырмай жинап алу, мекеме, мектептердің жылуы, алдағы оқу жылына дайындық сынды күрделі мәселелер алдымыздан күтіп тұрғаны айқын. Жылды жақсы қорытындылаймыз десек, осы бастан аталған, тасада жатқан түйткілді мәселелердің түбіне түсіп, дер кезінде шешімін тапқанымыз жөн болар.
Елдос Жүсіп.
28 шілде 2018 ж. 602 0