Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Биыл былтырғыдан қиын болды

Биыл былтырғыдан қиын болды

Елімізде 20-маусым мен 1-шілде аралығында мектеп түлектері ұлттық бітыңғай тест сынақтарынан өткізілді. Ал биылғы ҰБТ қалай өтті, өзгешелігі қандай? Осы сауалдар төңірегінде бірер адамдармен тілдескен едік.
ҰБТ-дан 115 балл алған түлек Жанерке Әбдештің айтуынша, тест сұрақтары оңай болмапты.
«Таңдаған пәнім – физика-математика. Мұғалім болғым келеді. Осыған дейін дайындалып жүрген тестілеуден сәл өзгерек демесеңіз, оқығанымның пайдасын көрдім. Ұстазымыз айтпақшы, оқысаң оңай екен. Осы ретте бір нәрсе айта кетейін.
Бұрын тест сұрақтарын сатып алуға болады деп еститінмін. Биыл өзім осы жайттың куәсі болдым. Білімі төмен кей оқушылар «көкесі» мен ақшасының арқасында жоғары балл алып кетті. Әділдік пе осы? Мен секілді өз күшіне сенгендердің біразының төмен көрсеткіш алғанына қарап, жаным ашыды», – дейді ол.
Ал тағы бір мектеп түлегі Арайлым Жарқынбек былай дейді:
«Мен мүмкін болған 140-тан 93 балл жинай алдым. Бірақ оған бола көңілімді түсіргім келмейді. Байқағаным, ерекшелік баршылық екен. Математикадан гөрі математикалық сауаттылық пен Қазақстан тарихы пәндері біз дайындалған тесттен әлдеқайда қиын соқты. Сол себепті көп оқушы тарихтан 15 балға жете алмады.
Әрине, барлық оқушының қабілеті бірдей емес, дегенмен әр оқушы жетістікке жету үшін еңбектенуі керек», – дейді Арайлым.
...Биыл еліміз бойынша 102 мың 447 түлек ҰБТ-ға қатысты, тестті қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде тапсырды. ҰБТ кезінде 1206 аудитория жұмылдырылып, бейнекамералармен, ұялы телефон байланысын өшіретін құрыл­ғылармен, металл детекторлармен жабдықталды.
ҰБТ-ның бірінші күнінде облысымызда ең жоғары 137 балды Шымкенттегі Ө.Жолдасбеков атындағы №9 мектеп-лицейдің бітіруші түлегі Сухраб Камалов жинады. Одан кейінгі 136, 135 ұпайға облыстық үш тілде оқытатын мамандандырылған №1 мектеп-интернатының екі оқушысы қол жеткізді. Шұғыла Сайлаудың көрсеткіші – 136, Абылайхан Шораевтікі – 135 балды құрады.
ҰБТ көрсеткіші бойынша Алматы көш бастап тұр. Күні кеше 140 ұпайға қол жеткізген А.Йассауи атындағы №123 мектеп-гимназияның түлегі Шиара Құдайбергенова енді Ұлттық тестілеу ортылығының басшысы Рамазан Әлімқұловтан «іPhone» телефонын сыйлыққа алады.
Биыл облыс түлектерінің ҰБТ бойынша орташа балы өсті. Былтырғы көрсеткіш 76 пайызды құраса, биыл түлектердің орташа балы 79,6 пайызға жетті. Биыл сынаққа қатысқан түлектердің қатары 22 мың 800, яғни былтыр­ғыдан 800 адамға артқан. Шекті деңгейден өтпегендердің саны 2500-ден асады. Бұл туралы Түркістан облыстық білім басқармасының басшысы Исатай Сағындықов мәлімдеді.
...Біле жүріңіздер, ауыл шаруашылығы және ветеринария бағыты бойынша ең төменгі шекті балл – 60. Ұлттық университеттерге түсу үшін 65 балл жинау керек, медицина бойынша да 65 балл.
Биыл тест сұрақтарының 50 пайызы жаңартылыпты. Былтыр 40 мың сұрақ болса, бұл жылы 119 мың сұрақ бар. Оның 3 мыңдайы – ағылшын тілінде. 119 мың сұрақтың 11 пайызы функционалдық сауаттылыққа бағытталған, 37 пайызы бір немесе бірнеше дұрыс жа­уапқа арналған тест сұрақтары екен.
Көптің көкейінде 50 балл жинай алмаған түлектер не істейді деген сауал да болары рас. 2017-жылы қолданысқа берілген жаңа форматтың ерекшелігінің арқасында түлектер ҰБТ-дан өтпей, яғни 50 балды жинай алмай қалса, тамыз айында қайтадан сынақ тапсыра алады. Егер тамызда да тиісті балл жинай алмаса, онда қыркүйекте жоғары оқу орнына бір семестрге ақылы түрде түсуге мүмкіндігі бар. Бір семестр­ден кейін, қаңтар айында тестті үшінші рет тапсыруға мүмкіндік беріледі екен.
Д. БАЙЖІГІТ.
Zamana.kz
13 шілде 2018 ж. 1 582 0