Түйіндеме жазуға 10 кеңес
1. Түйіндемені doc форматта жібермеген жөн. Себебі doc форматта кез келген ақпаратыңыз өңделеді және пошта арқылы ашқанда әріптер жан-жаққа шашылып, ұсқынсыз көрінеді. 2. Түйіндемеге міндетті түрде позитив фотоңызды қойыңыз немесе фотоңызды көретін әлеуметтік желілеріңіздің мекен-жайын жазыңыз. Мысалы, менің компанияма клиенттермен сөйлесетін бойы ұзынырақ қыз керек деген соң, түрі де, дене бітімі де маңызды. Сондықтан адамның түрін көруіміз керек. 3. Ешқашан Mail.ru пошта жазбаңыз. Сондай-ақ, поштаңызда жылыңыз, лақап атыңыз немесе қай өңірден екеніңіз жазылмасын. Іскерлік, кәсіби қарым-қатынаста әлемде кең тараған gmail.com сияқты сервисті пайдаланған жөн. 4. Тілдер туралы біліміңізді көрсеткенде "ағылшын тілі – сөздікпен" деген жауыр болған тіркесті қолданбаған дұрыс. Мұндай сипаттаманың орнына тек білетін тілдеріңізді тізіп берсеңіз жеткілікті. 5. Меңгерген бағдарламалар тізіміне MS Word, Google Chrome сияқты сервистерді мүлдем қоспаңыз. Себебі аталған сервистерді меңгеру әр білікті маман үшін міндетті. Олардың орнына кәсіби бағдарламаларды жазған жөн. Мысалы аудармашы болсаңыз, Smartcat, Memsource, WordFast сияқты бағдарламалар мен сервистерді меңгеріп жазған дұрыс. 6. "Маған резюменің үлгісін жібере аласыз ба?", резюме жіберіңіз деген поштаға "Сізбен қалай xабарласуға болады?" немесе барлық шарттарын жазып қойған жарнама туралы "Ол қандай жұмыс екенін толығырақ білуге бола ма?" деп онсыз да жұмысы көп адамның уақытын алып, жүйке талшықтарын өлтірудің "ауыр күнә" екенін айта кетейін ))) 7. Түйіндемені құжат деп қабылдау керек және құжат дәрежесінде жіберілуі тиіс. Оны жұмыс берушінің жеке чатына немесе жеке поштасына жіберу жұмыс этикасына жат нәрсе. 8. Қазіргі заман әлеуметтік желілердің тренд болып тұрған уақыты. Сондықтан сізді шақырып, әуре қылмай қандай маман екеніңізді білу үшін әлеуметтік желідегі аккаунттарыңызды да қосымша ақпарат ретінде қалдыра салу зиян болмайды. Болашақта осы парақшамды менің жұмыс беруші компаниям қарайды-ау деген стратегиялық жоспармен қазірден бастап, әлеуметтік желідегі әр салған фотоңыз бен жазбаңызға аса мән беріңіз. Инстаграм мен Фейсбуктағы анкетаңызды көрген адам резюме көргендей күй кешуі тиіс. Сонда сізге жұмыс берушілер көптеп xабарласады. 9. Қазірден бастап, резюмесіз жұмысқа кіретіндей деңгейде мықты, кәсіби маман болуға тырысыңыз. Сіздің әлеуметтік желідегі жазған жазбаңызды көріп, бірден жұмысқа шақыратын немесе оффлайнда өзіңізді қалай ұстап, қалай сөйлегеніңізге қарай сізге аяқ астынан жұмыс ұсынатын деңгейде алғыр hәм пысық болыңыз. 10. Резюмеңізді барынша сәндеңіз. Алғашқы әсердің өзі сіздің жұмыс берушіңіздің ойына қатты ықпал етеді. Жазулар мен ақпарат барынша жинақы, тиянақты, қысқа да нұсқа үлгіде жазылуы тиіс.
Massaget.kz
Massaget.kz