КРЕАТИВТІ ӨНЕР КӨРМЕСІ: «ТАМЫРДАН ТУЫНДЫҒА...»
Сыр елінің абыройы Астана төрінде, Арқа төсінде асқақтап тұр. Олай деуімізге себеп, 12-13 қыркүйек күндері Астана қаласында «Creative Aimaq» республикалық жобасы аясында «Тамырдан туындыға…» атты көрме-жәрмеңкесі. Жоба Сыр өңірінің бай тарихи-мәдени мұрасын заманауи шығармашылықпен сабақтастырып, ұлттық құндылықтарды жаңа форматта танытуға және тың идеяларды жүзеге асыруға арналған.Шараға ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрлері Евгений Кочетов, Айбек Сыдықов, Креативті индустрияларды дамыту қорының басқарма төрағасы Ерлан Қаналимов, облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет, зиялы қауым және БАҚ өкілдері, елорда тұрғындары қатысты.
Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбеттің айтуынша, бұл жоба – креативті кәсіп иелерін қолдауға бағытталып, жұмыстарын әрі қарай дамытуды көздейді.
– Сыр өңірі қолөнершілерінің бір ерекшелігі, біздің ши тоқу, кілем тоқу болсын соның барлығы және де бұйымдарды ағаштан, мүйізден осы жерде қалай жасалатынын көрсетіп жатыр және бұған дейін де жасалған өнімдерін халыққа ұсынуда. Жалпы көрмеде тек заттарды көрсету ғана емес, насихаттап одан әрі жүзеге асыруға күш салудамыз, – дейді облыс әкімінің орынбасары.
Іс-шараға 100-ге жуық креатор қатысып, 21 экономикалық қызмет бағыты бойынша авторлық туындылары мен шығармашылық өнімдерін көпшілік назарына ұсынуда. Келушілер Сыр бойының басты брендтерінің біріне айналған ақ күріштен салынған бейнелеу өнері туындыларымен таныса алады. Шығармалар күріштің өңір тарихы мен тұрмысындағы маңызын, Сыр елінің табиғаты мен мәдени ерекшелігін танытады.
Сонымен қатар көрмеге дәстүрлі қолөнер мәдениетін дәріптейтін сүйек, ағаш және киізден жасалған ұлттық бұйымдар қойылған. Әр бұйымда Сыр бойына тән ұлттық нақыш, дәстүрлі өрнек және табиғи материалдарды өңдеудің өзіндік шеберлігі көрініс тапқан.
Креативті алаңда Qyzylorda Hub мамандары өз жобаларын, «Qyzylorda» телеарнасы «Syr Travel», «Qyzylorda Expedition», «Құдайы қонақ» секілді креативті жобаларын таныстырады.
Сонымен қатар екі күн бойы Qazaq Creative Hub алаңында Сыр өңірінің өнерпаздары жасанды интеллект технологияларын шығармашылықпен ұштастырған концерттік бағдарламасын көпшілік назарына ұсынады.
Айта кетейік, аймақта креативті индустрияны дамыту бағытында белсенді жұмыс істеп келе жатқан 146 креатордың 120-сы, яғни 82,2 пайызы республикалық креаторлар реестріне енгізілген. Бұл көрсеткіш Қызылорда облысын республика өңірлері арасында алғашқы үштікке орнықтырды.
«Өскен өңір» ақпарат








