Көлдегі құпия түс қайдан пайда болады?
Көл дегенде көз алдымызға көгілдір немесе мөлдір су елестейді. Ал табиғат кейде қалыптасқан түсінігімізді өзгертіп, таңғаларлық көрініс ұсынады. Әлемнің әр түкпірінде суы қызғылт, кейде қою қызыл немесе күлгін реңкке боялатын көлдер бар. Әуеден қарағанда олар ертегідегі сурет секілді көрінеді. Бұл бояуды біреу құйып қойған жоқ. Қызғылт көлдің құпиясы – оның суында тіршілік ететін көзге көрінбейтін ұсақ ағзаларда.Көп жағдайда мұндай ерекше түс судың өте тұзды болуымен байланысты. Тұздылығы жоғары ортада қарапайым тіршілік иелерінің көбі өмір сүре алмайды. Ал керісінше, осындай қатал жағдайға бейімделген кейбір микроағзалар үшін тұзды су – қолайлы мекен.
Солардың бірі – Dunaliella salina деп аталатын микробалдыр. Ол өте тұзды көлдерде тіршілік ете алады. Күн сәулесі күшейіп, судағы тұздылық пен басқа да жағдайлар сәйкес келген кезде бұл балдыр жасушаларында каротиноидтар, соның ішінде бета-каротин жиналады. Дәл осы табиғи пигмент көлдің суына қызғылт немесе қызыл реңк береді.
Бір қызығы, бета-каротин бізге мүлде таныс емес зат емес. Ол сәбізге қызғылт-сары түс беретін пигменттердің бірі. Яғни көлдің ерекше түсінің артында табиғатта кең таралған пигмент жатыр.
Алайда көлдің түсін тек балдыр ғана анықтамайды. Кейбір аса тұзды көлдерде тұзды жақсы көретін бактериялар да маңызды рөл атқарады. Мәселен, Австралияның Батыс бөлігіндегі қызғылт көлдерде Dunaliella salina балдырымен қатар Salinibacter ruber секілді микроағзалар да кездеседі. Олар да күн сәулесінен қорғануға көмектесетін пигменттер түзеді.
Сондықтан көлдің түсі үнемі бір қалыпта тұрмайды. Бір күні ол нәзік қызғылт болып көрінсе, басқа уақытта түсі қоюланып, қызыл немесе сарғыш реңкке ауысуы мүмкін. Мұнда тұздылық, температура, күн сәулесі, су мөлшері және жауын-шашын сияқты факторлар әсер етеді. Жаңбыр көп жауып, көлге тұщы су араласса, тұздылық төмендеп, қызғылт түсті қалыптастыратын микроағзалардың саны азаюы мүмкін.
Мұны табиғаттың өзін-өзі реттейтін ерекше жүйесі деуге болады. Көлдің түсіне қарап, оның ішіндегі жағдайдың өзгергенін байқауға болады.
Мысалы, Ирандағы Урмия көлінің түсі кей кезеңдерде жасылдан қызылға дейін өзгерген. Ғалымдар мұны су деңгейінің төмендеуі, тұздылықтың артуы және Dunaliella балдыры мен тұзсүйгіш бактериялардың көбеюімен байланыстырған. Күн сәулесі мен жоғары тұздылық жағдайында балдырлар қорғаныш каротиноидтарын көбірек өндіреді де, су қызыл түске жақындайды.
Ал Австралиядағы қызғылт көлдердің кейбірі соңғы жылдары өз түсін жоғалта бастаған. Зерттеушілер мұны жауын-шашынның өзгеруі, тұздылықтың төмендеуі, климаттың өзгеруі және кей жерлерде табиғи ресурстарды шамадан тыс пайдаланумен байланыстырады. Мәселен, бұрын қызғылт түсімен танылған Батыс Австралиядағы Pink Lake-тің түсі көкшіл-сұр реңкке өзгерген.
Демек, алыстан қарағанда қызғылт көл жай ғана әдемі табиғи көрініс болып көрінуі мүмкін. Ал оның бетіне үңілсек, біз көзге көрінбейтін кішкентай тіршілік иелерінің үлкен табиғи құбылысты қалыптастырып тұрғанын аңғарамыз.
Табиғаттың таңғажайыптығы да осында. Кейде мыңдаған шақырымға созылған алып көлдің түсін өзгерту үшін алып күштің қажеті жоқ. Микроскоппен ғана көрінетін тіршілік иелері тұтас бір көлді қызғылт түске бояй алады.
Сол себептен қызғылт көл – жай ғана ерекше табиғат көрінісі емес. Ол бізге табиғаттағы әрбір ұсақ ағзаның өзіндік орны бар екенін, ал көзге байқалмайтын өзгерістердің кейде көз алдымыздағы алып әлемді өзгерте алатынын көрсететін тірі мысал. Қызғылт көлдің құпиясы – оның бояуында емес, сол бояуды табиғаттың өз қолымен жасап тұрғанында.
Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ

.jpg)





