Әлем шабандоздары бас қосқан аламан
Астанада ат спортынан халықаралық деңгейдегі беделді турнир ұйымдастырылды. Елордада алғаш рет өткен дүбірлі додаға әлемнің 12 елінен келген спортшылар қатысып, үш күн бойы жанкүйерлерге тартысты бәсеке сыйлады. Халықаралық аламанда үздік шыққан шабандоздар жүлделермен қатар маңызды рейтингтік ұпайларға да қол жеткізді.Елорда төрін дүбірге бөлеген айтулы іс-шара Халықаралық ат спорты федерациясының (Fédération Équestre Internationale – FEI) қолдауымен өтті. Турнирдің басты ерекшелігі – бір мезетте үш халықаралық жарыстың ұйымдастырылуы. Атап айтқанда, FEI Әлем кубогінің кезеңі, FEI «World Cup Challenge» финалы және CDI1*/CDI3* бағдарламалары бойынша спортшылар өзара мықтыны анықтады.
Биыл Германияның Ахен қаласында ат спортынан әлем чемпионаты өтеді. Астанадағы халықаралық турнир сол жаһандық додаға іріктеу кезеңдерінің бірі саналады. Осыған байланысты отандық спортшылар халықаралық рейтингтік ұпайларды енді шетелдегі жарыстарда ғана емес, елімізде өткен беделді турнирде де жинауға мүмкіндік алды.
Елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылған халықаралық додада жергілікті спортшылар Бразилия, Колумбия, Үндістан, Марокко, Жаңа Зеландия, Оңтүстік Африка Республикасы, Мысыр, Эквадор, Ресей және Өзбекстаннан келген тәжірибелі қарсыластарымен бақ сынасты. Бұл жарыс отандық ат спортының халықаралық деңгейдегі байланысын кеңейтіп, шабандоздарымыздың тәжірибе алмасуына жол ашты.
Жарыс бағдарламасына конкур мен атпен мәнерлеп жүру (дрессаж) сайыстары енгізілді. Қатысушылар әр бағдарламада жоғары шеберлік пен тыңғылықты дайындығын көрсетті. Әсіресе биіктігі 160 сантиметрге дейінгі кедергілерден секіру бәсекесі көрермендердің ерекше қызығушылығын тудырды. Әлем кубогінің кезеңі мен Гран-при жарыстарының мәртебесі жоғары болғандықтан, әрбір шабандоз жеңіс жолында аянып қалған жоқ.
Турнир FEI «Jumping World Challenge Final» іріктеу жарысымен, CSI-W Әлем кубогі кезеңімен басталды. Биіктігі 125 сантиметрлік кедергілерден секіру сайысында өзбекстандық Хуршидбек Әлімжанов «Champions League» тұлпарымен жеңіске жетті. Біздің Бекжан Байжанұлы «King Diamond» сәйгүлігімен күміс жүлдеге ие болса, қырғызстандық Ринат Галимов үздік үштікті түйіндеді.
FEI «Jumping World Challenge Final 2026» бағдарламасының алғашқы іріктеу кезеңінде өзбекстандық Бекзод Розмухамедов үздік нәтиже көрсетті. Екінші орын бразилиялық Бернардо Краус Герраға бұйырса, жаңазеландиялық Эйми Коллинсон үшінші орыннан көрінді.
Алғашқы күннің ең жауапты сындарының бірі «CSI-W FEI Jumping World Cup» аясындағы «Bank center credit equestrian cup» Гран-приіне іріктеу жарысы болды. Биіктігі 140 сантиметрлік кедергілерден секіруде біздің Олег Соколенко «Cinderella» тұлпарымен үздік өнер көрсетіп, жеңімпаз атанды. Бейтарап мәртебедегі Сергей Петров күміс жүлде иеленсе, Олеся Лукина қола медальға қол жеткізді.
Халықаралық турнирге тыңғылықты дайындалған өзбекстандық Бекзод Розмухамедов «Challenge Final» бағдарламасының екінші іріктеу жарысында да қарсыластарынан оқ бойы озық шықты. Марокколық Нал Зеруал екінші орын алса, Бернардо Краус Герра тағы бір мәрте жүлдегерлер қатарынан көрінді. Қазақстандық Әнуар Досмаилов алғашқы бестіктен орын алды.
Дрессаж бағдарламасындағы бәсекелерде де жоғары нәтиже тіркелді. CDI 1* FEI Dressage бағдарламасының St. George сынында өзбекстандық Алина Шевцова топ жарды. Қырғызстандық Екатерина Каркавцева күміс жүлдеге ие болса, қазақстандық Дарья Попова үздік үштікті қорытындылады.
Сайыстың екінші күні өткен «CDI Intermediate I» бағдарламасында Дарья Попова күміс жүлдегер атанды. Ал Grand Prix «Bank center credit cup» CDI 3* жарысында тағы да Алина Шевцова жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Екатерина Каркавцева үшінші орынды иеленді.
«CSI-W FEI Jumping World Cup» бағдарламасы бойынша 135 сантиметрлік кедергілерден секіруде Олег Соколенко қола медаль жеңіп алды. Ал «Ultima yandex cup» жарысында Раиса Соколенко «Uran-nad Wigrami» тұлпарымен тамаша өнер көрсетіп, Қазақстан қоржынына алтын медаль салды.
Турнирдің ең әсерлі сәттерінің бірі «Six Bar Jump-Off» сайысы болды. Бұл бәсекеде кедергілердің биіктігі кезең-кезеңімен 170 сантиметрге дейін көтеріліп отырды. Нәтижесінде, Нүрила Тұрысбекова мен Ясмин Ибрагимова үздік шығып, елімізге тағы екі алтын жүлде сыйлады.
Үшінші жарыс күні «FEI Jumping World Challenge Final» жеңімпаздары анықталды. «Final Competition – Challenge Final» (120 см) бағдарламасында бразилиялық Бернардо Краус Герра жеңіске жетті. Күміс жүлде Бекзод Розмухамедовке бұйырса, колумбиялық Николас Родригес Посада үздік үштікті түйіндеді.
Бұл бағдарламада жерлестеріміз жоғары нәтиже көрсете алмағанымен, «CSI-W AEF/Mantena Cup» (135 см) сайысында есесін қайтарды. Олег Соколенко «Shenanigan» тұлпарымен жеңімпаз атанып, «Selly Blue» сәйгүлігімен тағы бір мәрте күміс жүлдеге қол жеткізді. Ал қыздар арасындағы бәсекеде Нүрила Тұрысбекова қола медаль еншіледі.
Турнирдің шарықтау шегі саналатын «Grand Prix Maxima Masters Eurasia Cup CSI-W» (160 см) жарысы да жоғары деңгейде өтті. Бұл сында бейтарап мәртебедегі Богдан Васковский «Emilion fonroque» тұлпарымен жеңіске жетті. Ксения Хайрулина күміс жүлдегер атанса, қырғызстандық Камил Сабитов қола медаль иеленді.
Дрессаж бағдарламасындағы «Intermediate i freestyle aef/Mantena CUP» сайысында Дарья Попова қола жүлдеге ие болды. Ал «grand prix freestyle CDI 3* бағдарламасында Алина Шевцова тағы да өзінің жоғары деңгейін дәлелдеп, жарыстың жеңімпазы атанды.
Елордадағы халықаралық турнир Қазақстанның Халықаралық ат спорты федерациясы аясындағы беделді жарыстарды жоғары деңгейде ұйымдастыра алатынын тағы бір мәрте көрсетті. Үш күнге созылған бәсеке қорытындысында Қазақстан құрамасы 14 медаль жеңіп алды. Бұл нәтиже отандық ат спортының қарқынды дамып келе жатқанын, отандық спортшылардың халықаралық аренадағы бәсекеге қабілеттілігін айқын аңғартты.
Олег Соколенко, Раиса Соколенко, Нүрила Тұрысбекова, Ясмин Ибрагимова, Дарья Попова, Бекжан Байжанұлы бастаған шабандоздардың табысты өнері жанкүйерлердің көңілінен шықты. Енді олар алдағы халықаралық жарыстарда да ел намысын абыроймен қорғап, жоғары нәтижелерге қол жеткізеді деген сенім мол.







