Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «САЙРАМ-ӨГЕМГЕ» САПАР

«САЙРАМ-ӨГЕМГЕ» САПАР

Біз атаулы мереке күндері достарымызбен еліміздегі көрікті аймақтарды аралауды әдетке айналдырғалы бір жылға жуық уақыт болыпты. Осыған дейінгі мейрамдарда Алматы қаласындағы «Шымбұлақ», «Көктебе», «Шарын шатқалы», «Көлсай», Шымкент қаласындағы «Тау самалы», «Алғабас» аталатын жерлерде болып табиғат анамен жүздестік. Шіркін-ай десеңші... Қазақтың ұлан-ғайыр жері шұрайлы, орманды, таулары көкпен таласып тұр. Еліміздегі мұндай аймақтарды көзбен көрудің өзі бір ғабинет екеніне әр барған сайын ұғынып келемін. Туған жеріме деген махаббатым мен сүйіспеншілігім артып, ­кеудемде осындай бейбіт, табиғаты сөзбен сипаттауға жетпейтін елдің перзенті болғаныма мақтаныш кернейді.
Өткен жұмыс аптасын сәтті аяқтап, кешкілік достарыммен ұялы байланыс телефоны арқылы тілдестім. Алдағы мереке күндері өңірімізге жақын орналасқан аймақтарды аралайық деп шештік. Келіскеніміз сол еді, бір досымыз әлеуметтік желідегі ортақ топқа Түркістан облысындағы «Қасқасу» деп аталатын ауылға барайық деген ұсынысымен, қосымша бірнеше суретін қоса жіберді. Біз де бірауыздан келісіп, ертеңіне баруға уағдаластық.
Таңертең, сағат тілі 05:30-ды көрсетіп тұр. Барлығымыз келісілген уақытта, бекітілген жерде кездестік. Әріқарай Ақмая ауылдық округінен шыққан көлігіміз, «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» үлкен жолақты тас жолымен көршілес Түркістан облысына қарай бет түзеді. Жол бойы көлік терезесінен сырттағы тіршілікке көз тастап, енді ғана қызара шыққан күнді тамашалап келеміз. Көктемгі дала жұмысына кіріскен диқандар, алып техниканы тізгіндеген механиктер таңмен таласа еңбек етудің қамына кіріскен. Ал жол бойының жиегінде тұрған полицей экипаждары қауіпсіздікті күзетіп, қалтқысыз қызмет етуде. Сондай-ақ егістік алқаптарының жиегінде өсіп, жайқалған қызыл қызғалдақтар қараған жанды сүйсінтпей қоймайды. Қасынан өте шығуға дәтіміз бармай, далаға қызыл кілемдей төселіп, көрік беріп тұрған гүлдермен суретке түстік. Жұлуға, зиян тигізуге болмайтынын да бір сәтке естен шығарған жоқпыз.
Сонымен 450 шақырымға жуық қашықтықты артқа тастап Төле би ауданы, Қасқасу ауылына түскі уақытта аман-есен, шаршамай-шалдықпай жеттік. Әріқарай ауылды кесіп өтіп «Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне табан тіредік. Парк мемлекет қарауында болғандықтан кіреберіс қақпасындағы күзетшілерден тіркеуден өтіп, паркті ластамауға, ағаштар жанынан от жақпау сияқты ішкі тәртіпті сақтайтын құжаттарға қол қойдық. Ұлттық паркке 1 көліктің кіру құны – 2200 теңге. Бұл соманы төлей отырып, сіз аумақта бір тәулік бойы бола аласыз.
Қақпадан кірген сәттен-ақ басталатын өзен арналары, биік-биік таулар, түрлі жеміс ағаштары бірден өзіне баурап алды. Тау жоталарының арасында салынған теп-тегіс жолдар біздің орналасатын негізгі жерімізге дейін жылдам жеткізді. Бұл жерде табиғаттың барлық тамашасына куә бола аласыз. Көркінен көз сүрінер өлкенің тек Қазақстаннан ғана емес, сонымен қатар әлемнің әр түкпірінен келген туристерді қызықтыратын орынға айналуы кездейсоқтық емес екінін ұқтық.
«Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі 2006 жылы құрылған. Жалпы аумағы 150 мың га жуық саябақ Түркістан облысының 3 ауданын қамтып жатыр. Өзендерге, ормандарға, сарқырамаларға, қарлы шыңдарға, сирек кездесетін өсімдіктер мен жануарларға толы таңғажайып өлке Қаржантау, Боралдайтау және Өгем тау жоталары мен Талас Алатауының солтүстік-батыс сілемдерінен құралған және Батыс Тянь-Шаньның солтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан.
Ақпарат тақтасынан байқағанымыздай парк аумағында таулы-далалы аймақтардан бастап биік таулы аймақтарға дейін кездесетін 7 табиғи аймақ бар, онда өсімдіктердің 1635 түрі, сүтқоректілердің 59 түрі және құстардың 300 түрі кездеседі. Сондай-ақ, өңірде Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген жануарлар мен өсімдіктер баршылық. Мысалы, мензбиер суыры, бүркіт, Тянь-Шань ақ тырнақты аюы, таутеке, ақ барыс. Аюлар, қасқырлар, түлкілер, қабандар, еліктер, борсықтар мен жайралар – саябақты мекендейтін қарапайым жануарлар. Сонымен қатар, мұнда сіз согдий шағаны, жабайы жүзім, Янчевский қарақаты, Альберт құртқашашы, Грейг қызғалдағы сияқты сирек кездесетін өсімдіктерді таба аласыз.
Парк аумағында діни ғимараттарды, ежелгі қоныстар мен әртүрлі тарихи дәуірдегі қорымдарды, петроглифтерді тамашалауға болады. Мәселен, петроглифтер Сазаната өзенінің маңында бар, онда қара тастың жалпақ тұсында жануарлардың суреттері бейнеленген. Парк қызметкерлерінің айтуынша, петроглифтерді тамашалау және суретке түсіру кезінде абай болу керек – тастардың орнынан қозғалып, құлап кету қаупі бар.
Түскі ас ішіп болып, паркті аралауға шыққалы тұрғанымыз сол еді, күн күркіреп, аспан бұлттанып, нөсер жаңбыр құя жөнелді. Бұл табиғаттың тосын сыйы да адамға ерекше әсер сыйлайды екен. Жауын жауып бастағаннан 2 сағат дегенде әзер тоқтады. Бірден аспан ашылып, күн жарқырай шықты. Бұл аумақтың тағы бір ерекшелігі жауған жаңбыр суы биіктіктен төмен қарай зулай ағып, жер тез құрғайды. Содан паркті арлауға шықтық. Бұлақтың сыңғырлаған дауысы, жап-жасыл табиғатты тамашалап тау шыңында жатқан аппақ қарға да жеттік. Тау шыңында тынықтық.
Бүкіл аумақ бойынша әр 1-2 шақырым қашықтықта арнайы белгілер орнатылған, сонымен қатар демалушылардың жайлылығы үшін дәретханалар, қоқыс жәшіктері, бірнеше шағын демалыс орны мен кемпинг қарастырылған.
«Сайрам-Өгем» ұлттық табиғи паркі – демалыс орны ғана емес, сонымен қатар туризм арқылы жергілікті экономиканы дамытудың тиімді тетігі. Біз де бұл сапарамыз арқылы тек демалыс қана емес, ел туризіміне қосқан тамшыдай үлесіміз деп білемін.
«Мың рет естігенше, бір рет көрген артық» демекші, әрбір оқырманды еліміздің осындай шұрайлы жерлерін, тұмса табағатын тамашалауға шақырамын.

Мейіржан Ибрагимов
14 мамыр 2026 ж. 24 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№35 (9402).

13 мамыр 2026 ж.

№34 (9401).

09 мамыр 2026 ж.

№33 (9400).

05 мамыр 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031