Сыр өңірі – белсенділік биігінде
Ел өміріндегі маңызды саяси науқан – Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер енгізу жөніндегі республикалық референдумда Сыр өңірінің тұрғындары жоғары белсенділік танытты. Дауыс беруге қатысқан тұрғындардың үлесі 93,04 пайызды құрап, Қызылорда облысы республика бойынша бірінші орынға шықты.Жалпы ел бойынша бұл саяси науқанда азаматтардың 73,24 пайызы өз таңдауын жасап, ел болашағына бейжай қарамайтынын көрсетті. Қазақстан Республикасы Орталық референдум комиссиясы мәліметіне сәйкес, сағат 20:00-дегі жағдай бойынша 9 126 850 азамат дауыс берген.
Тұрғындар өздерінің дауыс беретін учаскелерін бірнеше цифрлық платформа арқылы анықтай алды. Соның ішінде Smart Qyzylorda мобильді қосымшасы, арнайы сайт және телеграм-бот үздіксіз қызмет көрсетіп, азаматтарға қажетті ақпаратты жедел ұсынды. Платформалар арқылы тұрғындар өз учаскесінің мекенжайын, референдум комиссиясының байланыс деректерін және комиссия мүшелері туралы мәліметтерді ала алды. Сонымен қатар, 109 бірыңғай байланыс орталығының диспетчерлері де тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Айта кету керек, референдум қарсаңында облыс көлемінде 378 референдум комиссиясы құрылып, олардың құрамында 2642 комиссия мүшесі қызмет атқарды. Бұл комиссиялар дауыс беру үдерісінің ашық әрі заң талаптарына сай өтуін қамтамасыз етті.
Жалпы алғанда, Сыр өңірі тұрғындарының белсенділігі ел тағдырына бейжай қарамайтын азаматтық жауапкершіліктің айқын көрінісі болды. Халықтың саяси науқанға жоғары деңгейде қатысуы өңірдегі қоғамдық-саяси тұрақтылық пен бірліктің де белгісі екені анық.
Г.СӘБИТҚЫЗЫ








