ҰЛТ ҮНІ ҰЙЫСҚАН АЛАҢ
Қызылорда қаласында өткен V Ұлттық құрылтайдың алғашқы күні нағыз ұсыныстар мен ой-пікірлер алаңына айналды. Елдің барлық өңірінен келген 100-ден астам құрылтай мүшесі төрт панельдік секцияда бас қосты. Таңертеңгі сессия әлеуметтік-мәдени даму мен білім-ғылымға арналса, күннің екінші жартысында азаматтық қоғам мен экономиканың өзекті мәселелері қызу талқыланды. Әр секция – елдің болашағын айқындайтын шешім мен идеяның отыны болды.Әлеуметтік-мәдени даму секциясында Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Ұлттық құрылтайдың қоғам үшін тек пікір алмасу алаңы емес, тұрақты әрі жүйелі диалогтың сенімді механизміне айналғанын айтты. Мұнда айтылған әр ұсыныс пен пікір – ел дамуының ұзақ мерзімді бағытын айқындайтын маңызды сигналға айналған.
– Ұлттық құрылтай аясында айтылған барлық ұсыныс пен пікір Мемлекет басшысы мен мемлекеттік органдардың ерекше бақылауында. Мәдениет және ақпарат министрлігі құрылтай мүшелері ұсынған бастамаларды іске асыру жоспарының орындалуына тұрақты түрде мониторинг жүргізіп келеді. Алдыңғы төрт отырыста аса маңызды мәселелер көтеріліп, ауқымды жұмыс атқарылды. Атап айтқанда, заңнаманы жетілдіру мақсатында 26 заң қабылданды. Сонымен қатар 10 заң жобасына, сондай-ақ Президент Жарлықтары мен кешенді даму жоспарларына өзгерістер енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде, – деді Премьер-министрдің орынбасары.
Биыл елімізде белгілі тұлғалардың мерейтойлары күнтізбесі бекітілді. Министр Аида Балаева олардың өмір жолы мен шығармашылығын насихаттау өскелең ұрпақтың рухани кемелденуіне маңызды әсер ететінін атап өтті. Сол секцияда Ұлттық балалар кітапханасының мәселесі де сөз болды.
– Қазір еліміздегі кітапханалардағы кітап қорлары жеткілікті емес, – деді министр. – Соңғы отыз жылда бір автордың кітабы жүздеген, тіпті мыңдаған рет қайта шығарылған. Кейде атауын ғана өзгертіп береді. Біз әр кітапхананың қорын тексердік – өкінішке орай, көп жерлерде балалар іздеген кітабын таба алмайды. Балалардың кітапқа қызығушылығын арттырғымыз келеді, бірақ олардың сұранысын қанағаттандыратын дүниелер жоқтың қасы. Сондықтан жағдайды толық ашық айтып, шешімін жүйелі жолмен жасау керек.
Осыған байланысты министр аударуға және басып шығаруға ұсынылатын кітаптар тізбесін айқындайтын арнайы комиссия құруды ұсынды. Сонымен қатар заманауи жас авторлардың шығармаларын ел кітапханаларының қорына жүйелі түрде енгізу қажеттігіне ерекше назар аударды.
Балалар контентін дамыту мен анимация индустриясын өркендету тақырыбы да күн тәртібінде басты орын алды. Аида Балаева мультфильм өндірісіне арнайы тоқталып, бұл бағыттың маңыздылығын ерекше атап өтті.
– Президент Жолдауындағы тапсырмаларды жүзеге асыру мақсатында министрлік жанынан Креативті индустрияларды қолдау қоры құрылды. Қазір оның материалдық-техникалық базасы қалыптасуда, ал анимация үшін арнайы бағыт қарастырылып отыр. Мұнда саннан гөрі сапаға мән беру маңызды. Контенттің бала психологиясына ықпалы, жас ерекшеліктері мен тәрбиелік әсері міндетті түрде ескерілуі керек. Қор толыққанды жұмысқа кіріскен соң анимация индустриясы тың серпін алып, қарқынды дамиды деп сенемін, – деді министр.
Секция барысында қатысушылар мен сарапшылар ұлттық дәстүрді сақтау, «кітап оқитын ұлт» қалыптастыру – Қазақстан қоғамын жаңғыртудың маңызды құрамдас бөлігі екенін баса айтты.
Білім-ғылым секциясында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек елімізде AI-Sana бағдарламасының биыл да жалғасатынын жариялады. Бұл бастама жоғары оқу орындарына дәстүрлі білім беру форматынан ғылыми-зерттеу тәсіліне өтуге мүмкіндік береді. Бағдарлама жасанды интеллекттің базалық білімінен бастап, стартаптарды кәсіби дамытуға, нарықта масштабтауға дейінгі толық жолды қамтиды.
– Былтырдан бері AI-Sana бағдарламасы іске асырылып келеді. Осы уақытқа дейін 668 мың студент оны оқыды. Еліміздегі барлық студент бұл курсқа міндетті түрде қатысады. Біз Coursera, HUAWEI, Microsoft, Google сияқты халықаралық платформалармен бірігіп, курстарды қазақ және орыс тілдеріне аударып, студенттерді оқытып жатырмыз. Ақпан айында бағдарламаның екінші кезеңі басталады, оған 100 мың студент тереңдетілген жасанды интеллект алгоритмдерін меңгереді, – деді министр.
Бағдарламаның ерекшелігі – ЖОО өздері әзірлеген курстарға электронды сертификат беріп, студенттерді жан-жақты оқыта алады.
– Оны одан әрі дамыту үшін еліміздің әр өңірінен 27 жетекші ЖОО іріктелді. Бұл оқу орындары AI-Sana бағдарламасын іске асыруға қажетті инфрақұрылыммен, шетелдік серіктестермен және есептеу қуаттарымен қамтамасыз етілді. Олар өз өңірлерінде ғана емес, көршілес облыстардағы студенттерді де оқытуды бақылап, жобаның сапасын қамтамасыз етеді, – деді Саясат Нұрбек.
AI-Sana бағдарламасы – тек білім беру емес, еліміздің жас ғылыми ойшылдары мен IT мамандарын әлемдік деңгейде дайындайтын стратегиялық қадам. Бұл бастама Қазақстанды жасанды интеллект саласында алдыңғы қатарға шығаратын айрықша мүмкіндік болып отыр. Әлгі аты аталған бағдарлама елімізде жасанды интеллект саласын дамытуға арналған қолайлы экожүйе қалыптастыруға бағытталған. ЖОО-лар қабылдау комиссиясынан бастап оқу процесін сүйемелдеу мен бітіру кезеңіне дейінгі толық ақпараттық жүйені қамтамасыз ететін 9 ЖИ агентін әзірледі. Бұл – студенттің білім алу жолын барынша қолайлы әрі тиімді етуге арналған кешенді шешім.
Заман талабына сай жаңашылдыққа біздің облыс та ілесіп келеді. Мысалы, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінде Сеул техникалық университетімен бірлесіп ЖИ және информатика жоғары мектебі ашылды. Бұл – аймақ үшін ғана емес, бүкіл еліміз үшін жасанды интеллект саласында білім мен ғылымның жаңа белесін ашатын маңызды қадам.
Ұлттық құрылтайдың секциялық отырыстары түстен кейін де қызу жалғасты. ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин өткен жылдың қорытындыларын жариялап, алдағы экономикалық даму жоспарымен бөлісті.
– Өткен жылы еліміздің экономикасы тұрақты және сапалы өсім көрсетті. Жалпы ішкі өнім 300 млрд АҚШ долларынан асып, жан басына шаққандағы көрсеткіш шамамен 15 мың АҚШ долларын құрады. Өсу қарқыны – 6,5%. Бұл 2012 жылдан бері ең жоғары көрсеткіш. Өңдеу өнеркәсібі, сауда, көлік қызметтері мен құрылыс салалары экономиканы қозғаушы басты күш болды, – деді министр.
Ауыл шаруашылығы да рекордтық нәтиже көрсетті. Жалпы өнім 5,9%-ға жетіп, дәнді дақылдардан 27,1 млн тонна өнім жиналды. Бұршақ пен майлы дақылдардан рекордтық өнім алынды, мал шаруашылығы да қарқынды дамып келеді. Жамбыл облысында жүгеріні терең өңдеуге арналған еліміздегі ең ірі агроөнеркәсіптік парк құрылысы басталды.
– Біз шығындарды оңтайландыру жүйесін енгіздік. Әлеуметтік қорғау саласын трансформациялау аясында мемлекеттік төлемдердің бірқатары цифрлық шешімдер арқылы ашық басқаруға көшті. Бірыңғай стандарт енгізіліп, жергілікті деңгейде қосымша көмек түрлері үйлестірілді. Бұл – әлеуметтік саладағы құқықбұзушылықты анықтап, алдын алуға мүмкіндік береді. Бір жарым жылдың ішінде әлеуметтік саясатты трансформациялау 600 млрд теңге үнемдеуге және заңсыз шаралардың алдын алуға жол ашты, – деді Серік Жұманғарин.
Республикалық бюджетке 8 түзету енгізіліп, жыл басынан бері 1 триллион теңгеден астам қаражат оңтайландырылды. Бұл қаржы нақты секторға бағытталып, экономикалық өсімге тың серпін берді.
Көлік пен логистикалық инфрақұрылымды дамыту – еліміздің стратегиялық бағыты. 2029 жылға дейінгі ұлттық жоспар аясында 204 жоба жүзеге асырылып, энергетика мен коммуналдық секторларды жаңғырту арқылы инфрақұрылымның тозуы 40%-ға төмендетілмек. Бұл мақсатқа шамамен 13 триллион теңге инвестиция жұмсалады.
Экономикалық өсімнің тұрақтылығында кәсіпкерліктің рөлі айрықша. Бизнесті жүргізуді жеңілдету бойынша жүйелі шаралар қолға алынуда, ал «Өрлеу» жеңілдетілген қаржыландыру бағдарламасы кәсіпкерлерді жаңа белестерге жетелеуде. Дегенмен, өткен жылы инфляциялық қысым сезілді: жылдық деңгейі 12,3%-ға жетіп, азық-түлік 5,5%, азық-түлік емес тауарлар 11,1%, ақылы қызметтер 12%-ға қымбаттады. Бұл – әр отбасының сатып алу қабілетіне тікелей әсер еткен қиындық.
– 2025 жылдың 11 айында халықтың жан басына шаққандағы нақты табысы 2,3%-ға қысқарды. Сондықтан алдағы уақытта Үкіметтің басты міндеті – инфляцияны тұрақтандырып, оны төмендету, – деді министр.
Осы мәліметтер – экономикалық саясаттың нақты бағыттарын көрсетіп, елдің даму жолындағы жаңа серпіннің айқын көрінісі.
Азаматтық қоғам секциясында ҚР Президентінің ішкі саясат мәселелері және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі Арман Қырықбаев Қызылорданың тарихи миссиясын еске салды.
– Бұл қалада «Қазақ» атауы қайта оралды, тұңғыш Қазақстан Үкіметі жұмысқа кірісті, алғашқы театр мен пьеса сахналанды, қазақ тілінде кітаптар жарық көрді. Алаш қайраткерлері бастаған саяси және мәдени орта қалыптасқан осындай киелі жерде 100 жылдан кейін тәуелсіз Қазақстанның Ұлттық құрылтайы өтуі – тарихпен сабақтастықтың айқын дәлелі, – деді ол.
Ұлттық құрылтай мүшелері әр секцияда ұсыныстарын ортаға салды, ал олардың әр сөзі мұқият зерделеніп, нақты шешімдерге айналатын қорытындыға жеткізіледі.
Бұған дейін атқарылған ауқымды жұмыстар көрсеткендей, Ұлттық құрылтай тек пікір алмасу алаңы емес. Бұл – елдің даму траекториясын белгілейтін, билік пен қоғам арасындағы алтын көпір. Әр ұсыныс – болашаққа жасалған нақты қадам, ал бүгінгі пікірталастар – ертеңгі шешімдердің бастауы.
С.БАХТИЯРҚЫЗЫ






