ШИЕЛІ – ТАТУЛЫҚТЫҢ ТӨРІ
Қазақ жері – ғасырлар бойы сан ұлттың тағдырын тоғыстырған, жүректерді бір мақсатқа біріктірген қасиетті мекен. Байтақ даланың төсінде түрлі этностың әуені үйлесіп, тілі жарасып, дәстүрі бір-бірін толықтырып келеді. Бүгінде Қазақстан деп аталатын ортақ шаңырақта бейбітшілік пен келісімнің іргесі берік, тату өмірдің төсі кең. Осы бір құндылықтар тағылымы ел ішінде күн сайын жаңғырып, жаңа мазмұн, жаңа серпін алып келеді.Осындай игілікті бастамалардың жарқын үлгісі ретінде аудандағы «Руханият» орталығында өткен «Қазақстан – татулық пен достықтың отаны» атты ауқымды форумды атауға болады. Жетінші жыл қатарынан ұйымдастырылып келе жатқан бұл шара биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп, елдік мәнін одан әрі айшықтай түсті. Форум – әдеттегі жиын ғана емес, көпұлтты ауданның бірлігін байыптайтын, ынтымағын ұлықтайтын рухани платформаға айналды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында сөйлеген сөзінде еліміздегі барлық этнос біртұтас Қазақстан халқын құрайтынын ерекше атап өтті. Президенттің пікірінше, достық пен татулық – біздің тәуелсіздігіміздің темірқазығы, ал тұрақтылық – ел дамуының басты шарты. Бұл – тек ресми саясат емес, бұл – бүгінгі қоғамның сұранысы, болашаққа жол ашатын ұстаным.
Осы оймен үндесіп жатқан ауданның тыныс-тіршілігі де бірлік пен өзара құрмет мәдениетінің дамығанын көрсетеді. Шиеліде бүгінде 13 ұлт өкілі тату-тәтті ғұмыр кешіп, әрқайсысы өз саласында еңбек етіп, аудан дамуына үлес қосуда. Атомөнеркәсіптен бастап білім мен денсаулық сақтау, спорт пен қоғамдық ұйымдарға дейін – татулықтың лебі барлық ортада сезіледі.
Форумға зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, ұстаздар, этнос жетекшілері және жергілікті журналистер қатысты. Әрқайсысы ортақ қоғамдағы өз рөлін, жауапкершілігін сезінетін жандар. Жиында аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Кенжехан Шахизатұлы мен облыстық «Қоғамдық келісім» КММ директорының орынбасары Руслан Болатбекұлы сөз сөйлеп, этносаралық қатынастар мәдениетін нығайтудағы ауданның жетістіктерін атап өтті.
Этносаралық қатынастар жөніндегі сарапшы Самал Бектайқызы жыл бойында атқарылған тың жобалар мен мәдени ынтымақтастық бағытындағы жұмыстарды баяндады. Оның сөйлеуінен көпұлтты ауданның рухани тынысы мен ортақ мүдде жолындағы бірлікке деген жауапкершілік айқын сезілді.
Форумда сөз алған шешен ұлтының өкілі Хамзат Чолондуров пен әзірбайжан диаспорасының белсендісі, ұстаз Шахриза Хайруллаева өздерінің өмір жолындағы Қазақстанда тапқан тыныштығын, қамқорлығын, мүмкіндіктерін тебірене жеткізді. Олардың жүректен шыққан ойлары көп этносты елде бір шаңырақ астында орныққан достықтың айғағы.
Жиын соңында ауданның қоғамдық-саяси, мәдени және әлеуметтік салаларында белсенді еңбек етіп жүрген азаматтар облыстық «Қоғамдық келісім» КММ директоры мен аудан әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Бұл марапаттар – бірлікке қызмет еткен еңбектің бағалануы ғана емес, ұлтаралық сыйластықтың кемелдене түсуіне қосқан үлестің көрінісі.
Қазақ халқы «Ынтымақ жүрген жерде – ырыс бірге жүреді» деп тегін айтпаған. Кешегі өткен форум осы даналықтың шынайы көрінісі іспетті. Әр ұлттың мәдениеті – бір мозаиканың бөлшегіндей. Бірігіп тұрған кезде ғана ол әсем, айшықты суретке айналады. Қазақстан дәл осындай алуан бояулы, бірақ айрықша үйлесімді мозаикадан тұратын мемлекет. Ассамблеяның 30 жылдығы – тек мерейтой емес, елдіктің, татулықтың, ортақ жауапкершіліктің биік белесі. Бұл – болашаққа бағытталған сенімді қадам, ынтымақты ұлықтаған кезең.
Қорыта айтқанда, «Қазақстан – татулық пен достықтың отаны» атты форум аудандағы бірлік пен ынтымақтың ғана емес, жалпы елдік саясаттың өңірлік көрінісі. Достыққа негізделген мемлекет қашан да биікке көтеріледі. Ендеше, татулық пен тұрақтылықтың ақ жолы мәңгілік болғай!
Сұлушаш БАХТИЯРҚЫЗЫ







