Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ДЕКРЕТ – МІНДЕТ ПЕ, МҮМКІНДІК ПЕ?

ДЕКРЕТ – МІНДЕТ ПЕ, МҮМКІНДІК ПЕ?

Қоғамда «бала күтімі – ананың міндеті» деген түйсікті түсінік қалыптасқалы қашшан. Алайда қазіргі таңда бұл қағидаға сын айтылып, жаңа үрдістер пайда болуда. Соның бірі – әкелердің декреттік демалысқа шығуы. Бұл заңмен рұқсат етілгенімен, қоғамда екіұдай пікір тудырады. Бірі мұны отбасы ішіндегі теңдік пен жауапкершілік деп бағаласа, екіншісі ер азаматқа тән емес әрекет ретінде қабылдайды. Ендеше, бұл үрдіс қаншалықты орынды және оның артық-кем тұстары қандай?

Бірер күн бұрын Мәжіліс депутаттары Еңбек кодексіне зейнетақы тағайындау кезінде жұмыссыз әкелердің декреттік демалысын ескеру туралы өзгеріс енгізуді бірінші оқылымда-ақ мақұлдады. Біраз жылдан бері қоғам талқысына түскен бұл тақырыпты біз де тарқатып көрдік. Еңбек кодексінің 99-бабына сәйкес, демалыстың екі түрі болады. Біріншісі – жүктілікке және босануға байланысты демалыс, ол қызметтегі жүкті әйелдерге беріледі. Еңбек кодексінің 99-бабының 2-тармағына сәйкес, жүкті әйелге еңбекке уақытша қабілетсіз екенін растайтын парақ беріледі. Оның негізінде қызметкер декреттік демалысқа шыға алады. Жүкті әйелге босануға дейін күнтізбелік 70 күнге және босанғаннан кейін күнтізбелік 56 (қиын босанғанда немесе екі немесе одан көп бала туған жағдайда – 70) күнге демалыс беріледі. Ал екіншісі – бала күтіміне байланысты берілетін демалыс, оны баланың анасы, әкесі немесе заңды асырап алған адам алады. Осы кодекстің 100-бабына сәйкес, бала күтіміне байланысты демалысты кімге рәсімдейтінін отбасы мүшелері өзі шешеді.
ДЕКРЕТ ДЕМАЛУ МА?
Бүгінде түрлі жағдаймен декретке шығып жатқан отбасылар бар. Мәселен, Сымбат – жұмыссыз, үйде отырған ана. Ал күйеуі – ұзақ жылдан бері мұнай саласының қызметкері. Былтыр үшінші баласын босанғанда бала күтіміне байланысты декреттік демалысты жолдасының атына рәсімдеген. – Соңғы жылдары жолдасымның денсаулығы сыр бере бастады. Шаштары түсіп, белі, бүйрегі жиі ауыратын болды. Қаншама жыл вахталық әдіспен жұмыс істеп келеді. Ол жұмыссыз, біз мүлдем күн көре алмай қаламыз, бірақ қалайда демалыс, емделу керек. Жұбайым екеуіміз ақылдаса келе, декреттік демалысты оның атына рәсімдейтін болып шештік. Қазір айына 180 мың теңге аламыз. Балаларды өзім бағамын, үй шаруасындамын. Жолдасым күніне 3-4 сағат такси жүргізіп, табыс тауып келеді. Есесіне емделуге уақыты бар әрі жүйкесі тыныш. Декреттік демалыстағы ер-азамат кез келген уақытта басшылығына ескертіп, жұмысқа шыға алады. Емі толық біткен соң жұмысына шығады», – дейді Сымбат. Алайда әйелінің табысы жоғары болғаны үшін декретке шығатын ер-азаматтар да бар. Мәселен, 34 жастағы Берік – декреттегі әке. Ерназар есімді ұлын бағып отырғанына 1,5 жылға жуықтады. Одан үлкен ұлы Әлиханды балабақшаға тасиды. – Әйелім екіншімізді көтерген соң лауазымы жоғарылап, бөлім басшысы болды. Сөйтіп декреттік демалысқа шығуға мені үгіттей ­бастады. Басында бала бағу әйелдің жұмысы деп келіспедім. Кейіннен ойлана келе осы дұрыс деп шештік. Арасында әжелері келіп көмектеседі. Түске дейін тамағын беріп, ойнатып отырамын, түскі үзілісте анасы келіп, ұйықтатып кетеді, сосын кешке дейін тағы бірге қаламыз. Үйреніп қалдық, – дейді. ҚР заңнамасына сәйкес, декреттік демалыстағы адам бала үш жасқа толмай тұрып, кез келген уақытта жұмысқа шыға алады. Бұл туралы жұмыс берушіге бір ай бұрын ескертсе жеткілікті. Тіпті, демалысты үш жылға рәсімдеп, кейін жұмысын аяқасты жалғастыру керек болса, ата-анаға мүмкіндік беріледі. Тек Еңбек кодексінің 100-бабы, 4-тармағына сәйкес, жүктілікке және босануға байланысты демалыс алғанда мерзімінен бұрын жұмысқа шығуға рұқсат етілмейді. Ер адамның бала күтімі бойынша демалыс алу құқығы туралы Еңбек кодексінің 195-бабында тарқатылып жазылған. Декреттік демалыстағы еразамат ай сайын бала күтімі бойынша берілетін әлеуметтік төлем алады. Бала босануына байланысты тағайындалатын бір реттік жәрдемақы баланың анасына ғана беріледі, кейінгі бір жасқа дейінгі төлемді декреттік демалысқа шыққан ер адам ала алады. Бұл уақыт аралығында оған жалақы төленбегенімен, жұмыс орны сақталады. Декреттік демалысты қызметтегі отбасы мүшесінің атына рәсімдеу тиімді. Өйткені жәрдемақы көлемі орташа жалақының шамамен 40 пайызына тең.
ЖҰМЫССЫЗҒА ЖӘРДЕМАҚЫ ДА КӨМЕК
Жұмыс істемей декреттік демалысқа шыққандарға бала кезегіне қарай бiр жасқа толғанша ай сайын төлем беріледі. Бірінші балаға 5,76 АЕК немесе 22 648 теңге, екінші балаға 6,81 АЕК немесе 26 777 теңге, үшінші балаға 7,85 АЕК немесе 30 866 теңге және төртінші және одан кейінгі нәрестелер үшін – 8,9 АЕК немесе 34 995 теңге. Декретке шыққанға дейін жұмыс істегендердің бала күтімі бойынша әлеуметтік төлемі орташа жалақыға байланысты. Соңғы 2 жыл ішіндегі жалпы табысты 24 айға бөліп, мемлекет бекіткен 0,4 коэффициентіне көбейтіп, одан шыққан сомадан 10 пайыз зейнетақы жарнасы алынады.
АНА СҮТІН БЕРЕ АЛМАЙТЫНЫ БОЛМАСА...
Бала тәрбиесі – әке мен анаға ортақ іс. Сондықтан «бала тәрбиесімен әйел адамдар ғана айналысуы тиіс» деген қате түсінік. Бірақ қазақ халқында әйел адам баланың тәрбиесі мен шаңырақтың берекесіне жауапты болса, ер адам жанұяның асыраушысы, түздің адамы деп қабылдау әдетке айналған. Ал бала күтімі үшін ер адамның декреттік демалысқа шығуы қазақ үшін тіптен жат құбылыс. Өйткені көптің санасында декреттік демалыс әйел адамның жүкті болған кезінде немесе баланы дүниеге әкелгеннен кейін жұмысынан босап, демалысқа шығуы деген ой қалыптасқан. Ер азаматтың бала тәрбиесімен айналысу үшін демалысқа шығуы қазақи қалыпқа сыймайды дегенімізбен, ғалымдардың айтар уәжі басқа. Олардың зерттеуінше, ер азаматтардың сәбиге ана сүтін бере алмайтындығы болмаса, бала күтімін әйелдерден де артық орындайды екен. Ал психологтар ер адамдарда бала туғаннан кейінгі депрессия, стресс болмайтындықтан, олардың кез келген жағдайға төзімді келетіндігін айтады. Өз кезегінде әкеге қарап өскен бала тәртіпке, ұқыптылыққа үйренеді. Сәби күнінен негізінен әкесінің тәрбиесін көрген бала сыртқы ортаға да тез бейімделеді. Соған қарамастан, біздің елде ерлердің декреттік демалысқа шығуына қарсылық білдіретіндердің қатары көп-ақ. Себебі ықылым замандардан бері бала тәрбиесімен негізінен аналар айналысқан. Алайда бүгінгі заманның талабы басқа. Бүгінде ер мен әйелдің теңдігі, әке мен ананың мойнындағы жауапкершіліктің тең бөлінуі қажеттігі жайында жиі сөз қыламыз. Ерлердің декреттік демалысқа шығу мәселесі де осы құбылыстың жалғасы емес пе? «Қазаношақ, бала-шағаның айналасында жүрген еркектің оңғаны жоқ» дейтін еді көнекөз қариялар. Бұл күні ақсақалдардың бұл сөзінің мазмұны мүлдем өзгерген секілді. Өйткені қазіргі уақыттың талабы басқа. Десек те, нәресте үшін ананың тәрбиесі ешнәрсемен өлшенбейтін қазына. Бір жағынан, ер адамның бала күтіміне атсалысуы бүгінде төмендеп кеткен әке рөлін жоғарылатуға септігін тигізіп, бала тәрбиесіндегі жауапкершілік тек әйел адамның мойнында деген біржақты пікірден арылуға әкелер деген үміт те бар. Статистикалық деректер елімізде декреттік демалысқа шыққан ерлердің саны артқанын көрсеткенімен, олардың бәрі бірдей қазақ азаматтары деу де орынсыз. Ер азаматтың декретке шығуы қазақи қалыпқа сыймайтын құбылыс десек те, қанша қазақ азаматының мұндай қадамға барып жатқаны бізге беймәлім. Расында да, жанұяда денсаулығы нашар, себепті жағдайлары болмаса, үйде отырған еркектің тірлігі көзге ерсі көрінеді. Бірақ бүгінгі қазақ жастары үшін мұның бәрі ескіліктің сарыны. Қазір ер мен әйелдің міндеті де, құқығы да тең. Тіпті, мамандар әйелдердің ғана декреттік демалысқа шығуы дискриминацияға себеп болатындығын алға тартады. Яғни, жұмыс берушілердің көпшілігі ұзақ декреттік демалысқа шығуы мүмкін әйелден гөрі ер азаматтарды жұмысқа қабылдауға тырысады. Ал ұзақ уақыт декретке шыққан әйелдер еңбек күшінің санын азайтады. Бұл мәселенің шешімін табу үшін еліміз әлемдік тәжірибеге жүгінді. Сөйтіп, шведтік жүйеге сүйене отырып, бала күтіміне байланысты демалысқа шығуға ер азаматтарға да мүмкіндік беру мәселесі заңға енгізілді. P.S. Deloitte америкалық ­компаниясы жүргізген зерттеуге сәйкес, 1 жасқа дейін әкесінің тәрбиесінде болған балалар қатарластарына қарағанда ерте дамитын көрінеді. Олар ерте еңбектеп, жүріп бастайды, тілі де ерте шығады екен. Қатарластарымен тез тіл табысып, балабақшаға, басқа ортаға тез бейімделеді. Тақпақ жаттау, ертегінің мазмұнын айтып беру қабілеті де жоғары болған. Бұған қоса, декреттік демалысқа шығып, бала тәрбиесімен айналысқан әке ұл мен қызына тең қарайды екен. Ал бала бағумен айналыспаған ер-азамат көбіне ұлына жақын болатыны көрсетілген. Бұл зерттеу балаға анасы жақсырақ қарайды дейтін стереотипті бұзған. Соған қарамастан елімізде еразаматтардың басым бөлігі экономикалық тиімділігі болған жағдайда, болмаса денсаулығына байланысты декреттік демалысқа шығады. Басқа жағдайда «бала бағу – әлмисақтан әйелдің ісі». Қалыптасқан көзқарасты бұзу оңай емес. Дегенмен қоғам өзгеріп жатыр. Сондықтан әкенің декретке шығуын қалыпты жағдай ретінде қабылдайтын уақыт келді. Қандай жағдай болса да, бала тәрбиесінің бірінші орында екенін ұмытпағанымыз абзал. Ұрпағымыздың келешегін ойласақ, оларға бесіктен дұрыс тәрбие беруге барымызды салғанымыз жөн. Бұл ретте әкенің де, ананың да орны ерек. Сондықтан, бала тәрбиесінің ата-анаға ортақ жауапкершілік екенін жадымызда сақтайық. Мейлі әкесі, мейлі шешесі баланың тәрбиесіне көбірек көңіл бөлсе де, қазақ ұрпақтары ұсақталмаса болғаны...

Гүлхан ЯХИЯ

25 қараша 2025 ж. 38 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№90 (9357)

25 қараша 2025 ж.

№89 (9356)

22 қараша 2025 ж.

№88 (9355)

18 қараша 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930