ҒЫЛЫМҒА ЖОЛ АШҚАН ЖЫЛЖЫМАЛЫ ЗЕРТХАНА
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия – Қытай» саммитінде сөйлеген сөзінде еліміздің ғылыми әлеуетін нығайту, бірлескен зертханалар мен инженерлер академияларын дамыту бағытында маңызды ұсыныс жасады. Президент 2026 жылды – «Білім және ғылыми зерттеулер жылы» деп жариялауды ұсынды. Бұл бастама Қазақстанның білім беру саласында сапалы серпіліс жасауына, ғылым мен тәжірибенің үйлесім табуына жол ашады.Бүгінде білім беру ұйымдарының алдында тұрған басты міндеттің бірі – оқушыларды ғылыми-зерттеу іс-әрекетіне тарту, олардың зерттеушілік және шығармашылық қабілеттерін дамыту. Оқушы тек теорияны меңгеріп қана қоймай, оны іс жүзінде қолдана алса, ғылымға деген қызығушылығы артады, шығармашылық әлеуеті ашылады. Шиелі аудандық білім бөлімінен алынған мәліметтерге сүйенсек, соңғы жылдары өңір мектептерін жаңа үлгідегі зертханалармен жабдықтау жұмыстары қарқын алып келеді. Биылдың өзінде «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен №241 Қ.Әбдіқадыров атындағы орта мектеп пен №206 Жиделіарық орта мектебіне әмбебап зертханалар сатып алуға қаржы бөлінген. Сонымен қатар тағы 21 мектепке модификацияланған зертханалар орнату жоспарланған. Бұл – қуанышты жаңалық. Дегенмен, басты сұрақ – осындай зертханалар арқылы оқушылардың ғылыми және шығармашылық қабілеттерін қаншалықты дамытып жүрміз? Көптеген мектепте заманауи құралжабдықтар бар болғанымен, тәжірибелер әлі де мектеп бағдарламасының шеңберінен аспай, оқушының зерттеу ойлауын терең дамыта бермейді. Осы тұста, елімізде жаратылыстану бағытындағы білімді тәжірибемен ұштастыруға ерекше үлес қосып жүрген «Шеврон» компаниясының бастамаларын атап өтуге тұрарлық. Хош делік. Жасалып жатқан тірлік оң болсын дегеннен басқа айтарымыз жоқ. STEAM Tulpar – ғылымды ауылға жақындатқан жоба «Шеврон» компаниясының қолдауымен құрылған Caravan of Knowledge корпоративтік қоры елімізде STEAM-білімін (Science, Technology, Engineering, Art, Mathematics) дамыту бағытында жүйелі жұмыстар атқарып келеді. Қордың мақсаты – заманауи педагогикалық тәсілдерді енгізу арқылы мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыру, оқушылардың ғылымишығармашылық қабілеттерін дамыту және мектеп пен қоғам арасындағы тұрақты байланысты нығайту. Осы қордың ең жарқын жобасының бірі – STEAM Tulpar, яғни «жылжымалы зертхана». Бұл – ғылыми тәжірибелер мен интерактивті сабақтарды қала мен ауыл мектептеріне жеткізетін мобильді зертханалық бастама. Жоба жетекшісі Дарын Сайынов бастаған команда өңірлерге арнайы көлікпен шығып, мектептерде шеберлік сабақтарын, тәжірибелік көрсетілімдер мен зертханалық жұмыстар ұйымдастырады. Физика мен биология пәндері бойынша тәжірибелі мамандар Даурен Талғатұлы мен Марғұлан Икласов оқушыларға ғылымды өмірмен байланыстырып, күрделі ұғымдарды қарапайым тілмен түсіндіреді. Мәселен, Қарағанды қаласындағы Оқушылар сарайында өткен тәжірибелік сабақта команда спирт буы толтырылған 19 литрлік ыдысты пайдаланып, реактивті қозғалыстың жұмыс принципін көрсетті. Ыдыс тұтандырылған сәтте жалын сыртқа ұмтылып, реактивті қозғалтқыштың әсерін көзбен көруге мүмкіндік берді. Бұл тәжірибе оқушылардың физикалық құбылыстарға деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, теория мен өмір арасындағы байланысты нақты ұғынуға жол ашты. Жоба аясындағы сабақтарда оқушылар тек бақылаушы емес, тікелей қатысушы болады. Олар сұрақ қойып, болжам жасап, эксперимент жүргізеді. Бұл тәсіл баланың сыни ойлауын, зерттеу мәдениетін және ғылыми пайымын дамытады. Қарағандыдағы №33 мектептің химия пәнінің мұғалімі Наталья Колчева бұл жобаның оқушылардың техника мен инженерияға деген қызығушылығын едәуір арттырғанын атап өтті. Оның айтуынша, нақты тәжірибелер мен интерактивті шеберлік сабақтары оқушыларға жаңа серпін берген. Сондайақ Батыс Қазақстан облысының Бөрлі ауданындағы шалғайдағы Жаңаталап ауылының шағын мектебіне де STEAM Tulpar зертханасы барып қайтқан. Мұнда өткізілген тәжірибелер ауыл балаларына ерекше әсер қалдырған. Биология және химия пәнінің мұғалімі Гүлзада Сейтмағамбетова: «Оқушылар өздерін нағыз ғалымдай сезінді. Тәжірибелер жасап, табиғаттың, экологияның сырын зерттеді. Бұл олардың өз қабілеттеріне деген сенімін арттырды» дейді. Бүгінге дейін бұл жоба бойынша еліміздің бірнеше облысындағы 16 мектептен 400-ден аса оқушы мен 20-ға жуық мұғалім қатысып үлгерген. Алмалы ауылындағы №181 мектептің физика пәнінің мұғалімі Мұрат Әбенов жылжымалы зертхананың өз ауылдарына да келуін асыға күтіп жүргенін айтты. – Мұндай жобалар ауыл баласының ғылымға бет бұруына үлкен мүмкіндік береді. Егер STEAM Tulpar біздің мектепке келсе, балаларымыздың ғылымға деген ынтасы еселенер еді, – дейді ұстаз. Аудандық білім бөлімінің әдіскерлік кабинетінің әдіскері Сәуле Нұрманова да бұл пікірді қолдап, жобаны алыс ауылдардағы мектептерде іске асырудың маңыздылығын атап өтті. Жоба жетекшісі Дарын Сайыновтың айтуынша, қазір команда солтүстік өңірлерді қамтып жүр. Ал Қызылорда облысына сапарды желтоқсан немесе келесі жылдың қаңтар айында жоспарлап отыр. «STEAM Tulpar» – тек бір жоба емес, ол – ғылым мен ауыл арасындағы көпір. Баланың бойында білімге деген шынайы қызығушылықты ояту – бүгінгі ұстаздар мен қоғамның басты міндеті. Ал мұндай жобалар – сол мақсатқа апарар нақты қадам. Болашақ зерттеуші, инженер немесе ғалым дәл осындай тәжірибелік сабақтарда қалыптасады. Демек, жылжымалы зертхана – бұл тек техника жиынтығы емес, баланың арманын, елдің болашағын қозғаушы күш.
Мақсұт ИБРАШЕВ





