САНАЛЫ ӨЗГЕРІС – САПАЛЫ ЖАҢҒЫРТУДЫҢ НЕГІЗІ

Жолдауда бірнеше маңызды дүниелер айтылды. Соның бірі – ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру қажеттігі. «Бұл салаға тың серпін беру үшін мемлекет соңғы жылдары реформа жүргізіп жатыр. Қомақты қаражат бөлінуде, биыл шаруаларды қолдауға бір триллион теңге жұмсалды. Қажетті несиелер уақытында берілді. Мұндай ауқымды қолдау елімізде бұрынсоңды болмаған. Бірақ агроөнеркәсіптің орасан зор әлеуетін толық ашуға бұл шаралардың әзірге жеткіліксіз екені анық. Мәселе – қаражаттың көлемінде емес, ең бастысы, оны тиімді пайдалану қажет. Озық агроэкономикаға көшу үшін Үкіметтің нақты жоспары болуы керек. Қазір ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдейтін бірқатар ірі жоба жүзеге асырылып жатыр. Оған отандық және шетелдік инвесторлар қатысуда. Инвестицияның жалпы көлемі 2 миллиард доллардан асады. Үш мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Өнімдер әлемнің көптеген еліне тасымалданады. Мұндай жобалардың ауқымын кеңейту қажет. Әр аймақта дайын өнімді өндірістен дүкен сөресіне дейін жеткізетін әрбір өңірдің ерекшелігіне қарай біртұтас желі қалыптасуы керек» деді Президент. Шынымен де ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу қазір біздің елдегі басты мәселенің біріне айналып отыр. Өзіміз шикізатты шығарып экспорттаймыз, кейін одан дайындалған өнімді қымбат бағаға қайта сатып аламыз.
«Көптеген аймақта өндірістің барлық сатысын қамтитын үздік агрокәсіпорындар бар. Оларды жұртшылық жақсы біледі. Бұл кәсіпорындар цифрландыру тәсілдерін жаппай енгізу арқылы өндірістің тиімділігін әлдеқайда арттыруда» деді Президент Жоладуда.
Жалпы Президент халыққа Жолдауында азаматтарға сапалы қызмет көрсету, инфрақұрылым салу және мемлекеттік қолдау шараларына баса назар аударды.
Гүлсім ДӘРІБАЕВА,
«Ақмая» шаруа қожалығының бригадирі