Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қыран досын қимаған сұңқар көңіл

Қыран досын қимаған сұңқар көңіл

Көшеде ағыл-тегіл ағылған көлік. Ерсілі-қарсылы жұмысқа асыққан қала тұрғындары. Әйтеуір қарбалас, әуре-сарсаңы мол қым-қуыт тірлік. Осынау қарбалас тірлікті тамашалап отырып, әсем әннің жетегіне қалай ергенімді өзім де байқамай қалдым. Қазақ радиосының әуе толқынындағы «Дос туралы жыр» әні қалықтап, көз алдыма сонау балалық шақтың көріністерін бейнебір кинолентасындай тізіп әкете жөнелді... «Жан досым, үстем болсын мерейің, Әрқашан жемісіңді көрейін»... Иә, сол көріністердің арасында көз алдымнан маған ерекше ыстық, жүрегімде үлкен сағыныш ізін қалдырған жан досым Қуаныштың елесі кетпей қойды...
Кеше ғана бала едік. Етек-жеңімізді жауып, енді адам болдықпа дегенде арамыздан құйрықты жұлдыздай жарқ етіп өте шыққан аяулы досыңды қалай ұмытарсың?!
Қуаныштың қарапайымдылығы сол – атына заты сай, адам баласына үнемі қуаныш сыйлап жүретін. Бұл оның бала жасынан тума талантымен қатар бойына сіңіп қалған ізгі қасиеттерінің бірі еді.
Қуаныш Түменбай екеуміз кішкентайымыздан тай-құлындай тебісіп тел өстік. Оның жәудіреген жанарында ұшқын барын байқаған қариялар да «әй, осы баладан түбі бердеңе шығады» деп қауқылдаса кететін. Расында да, бесігінде бұлқынып тыныш жатпаған сол кішкентай Қуаныш өсе келе өзінің ізденімпаздығымен, кітапқұмарлығымен баршамызды тәнті етті. Біреуді алдау, арбау дегенді білмейтін. Кімге көмек қажет болса, соның қасынан табылатын. Менмендік, тәкәппарлық оның қанына мүлдем жат дүниелер еді. Құрбы-құрдастарының арасында өзінің белсенділігмен көзге түсіп жүретін. Үнемі естіген-білгенін, көргеніне дейін қойын кітапшасына түртіп алып, ел істімеген жаңалық тапса жерден жеті қоян тапқандай, құдды бір жас баладай қуанушы еді. Осындай сәттерде Қуаныштың көзі күліп тұрғандай көрінетін. Сонда мен «япырмай, қариялар қалт кетпейді екен-ау, расында да көзінің ұшқыны бар,ә» деген ойға қалушы едім.
Ауыл өзенінің қайраңын кешіп өтіп, жағасындағы ақ құмға бір аунап алып, екеуміз ақын-жазушылардың жаңадан шыққан кітаптарын талдауға көшуші едік. Әдебиет әлемінде, журналистика саласында қандай жаңалық, қандай өзгеріс болып жатыр соның бәрі де Қуаныштың ой елегенінен сүзіліп өтіп жататын-ды. Кейде ақын ағаларының өлеңдерін шабыттана оқи жөнеледі де, енді бірде «өз өлеңімді де оқиыншы, Ораз» деп жанынан шалқи шыққан отты жырларын төкпелетіп, екпіндете оқушы еді. Менің де қалам түртпей тек жүрмейтініме сыралғы ол «Ораз, енді сен оқышы» деп қолқа салған сәттерде, тіпті өлеңңдерімді оқып болған соң мақтап, кейді өзіндік ойларын қосқанда Қуаныштың алғырлығына, зеректілігіне тағы бір бас июші едім. Қайран, досым-ай!
Қуаныштың жаман ұл болып өсуіне қақысы да жоқ еді. Өйткені оның маңдайына шыр етіп дүниеге келген күннен бастап екі мәрте Социалистік еңбек ері атанып, еліміздің абыройын ақ күріш өсіру арқылы асқақтатқан арда азамат Ыбырай Жақаевтың немересі болу бақыты жазылған. Оны көз көргендер Ыбырай атасына ұқсайды дейтін. Жазық маңдайлы марқасқа ұлдың тіпті дене бітіміне дейін Ыбырай атасын сағынғандардың мауқын басуына себепші болатын. «Ұқсамасаң тумағыр» дейтін олар.
Дәм-тұзы бұйырды, бір жағы қызмет бабы дедік, Қуаныш бір жылдары Жамбыл өлкесіндегі Жантас қаласына қоныс аударды. Ауыл жұртына деген сағынышы күннен-күнге ұлғайып бара жатқанын әрбір телефон қоңырауын шалып, хал-қадерін біліскен сайын сезіуші ем. Адам баласы неге зәру болса, соған деген аңсары, сағынышы, ықылас-ниеті ауып тұратыны бар емес пе?! Қуаныштың сол сезімдердің жетігіне еріп, туған жерге деген сағынышын қағаз бетіне өлең жолдары арқылы түсіріп жүргенін айтқызбай білетінмін. Әйтеуір, не керек, Қуаныш қайтадан елге көшетін болғанда төбем көкке бір елі жетпеді. Сондағы қуанышымды айтсаңызшы, дереу қарамағымдағы КаМАЗ көлігін Жаңатас жаққа жөнелттім. Көп ұзамай артынып-тартынып көштің алды да жетті. Қуаныштың елге жеткендегі қуанышы ауыл елінің сағынышын бір басып, арты ұлан-ғасыр тойға ұласты. «Сіздердің пейілдеріңіз бен сұңқар досым Ораздың КаМАЗы ғой мені елге жеткізген» деп сол күні таң атқанша разы көңілмен баршамызға алғысын жаудырып еді-ау есіл азамат.
Алыстап кетсе де, рухы бізді қолдап жүретінін жүрегім сезеді. Жаңатас елінен көшін жеткізген сол КаМАз көлігіне бәйгеге қосатын сәйгүліктерді тиесем болғаны, алдарына қара салдырмай, мәреге бірінші болып келіп, мерейімді өсіреді. Сондайда Алла Тағалаға мың да бір шүкіршілік айтып, қимас досыма іштей алғысымды жаудырамын. Оның бізді қолдап-қорғаштап жүргендігін осыдан қалай байқамассың?!
Арманшыл еді. Арман толы кеудесін ән кернегенде «Арман-ай, өтеді дүние-ау, жалған-ай» деп терең ойға шоматын. Сол кезде мен оның ойын бөлмеуге тырысатынмын. «Жол түссе Қарағанды еліне барып, Серік Ақсұңқарұлымен таныстырайын, өлең оқып, әбден көсілейікші» дегенімде қуанышында шек болмаған-ды. «Серіктей адуынды ақымен кездессем не арманым бар?!» деген еді-ау. Әттең, сол арманына жете алмай кетті. Бұл ғана емес, талай арманы орындаусыз қалды. Осылайша қыран досым Қуаныш кенеттен бәріміздің қуанышымызды су сепкендей басып, бақилық болып кете барды...
Адалдығымен, пейілділігімен, ең бастысы рухани тазалығымен жүрегімді баураған осынау асыл досымнан ерте айрылып қалам деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмейтін. Ал енді қолыма қалам алып, ол туралы тек естелік жазуға ғана дәрменім жетеді. Оның рухына Құран бағыштап, өткенге салауат деуге ғана дәтім барады. Ендігі жерде Алладан тілерім, Қуаныштың ізінде қалған ұл-қызы ол жетпеген биіктерді бағындырып, әке атына кір келтірмей, аман болсын!
Ақиық ақынымыз Мұқағали «менің ең жақсы көретін сәттерім – шығарып салу және күтіп алу» деп айтқан екен. Сол айтпақшы, аузын ашса, жүрегі көрінетін аңғал досым Қуаныш екеуміз Алматы шаһарына келген сайын Мұқағалидың басына барып, Құран бағыштап, өлең оқитынбыз. Мен іссапарға шыққан сәттерде Қуаныш Шиелі вокзалынан шығарып салып, күтіп алудан ешқашан жалықпайтын. Қазір іссапарға шыққан сәттерімде сұңқар көңілім бір бұрыштан Қуаныш күлімдеп шыға келетіндей елеңдейді де тұрады. Оның қазасы әлі күнге дейін жаныма батады-ау, қайтейін. Оның рухы қолдайды дедім ғой, ол тура қазір сонау Көктен бәрімізді бақылап, жанары нұрға толып, күлімдеп тұрған да шығар, кім білсін?! Әйтеуір бір білерім, «Өлгендер қайтып келеді».

Оразәлі БАЙДІЛДА
28 маусым 2025 ж. 25 0