ҚАУІПСІЗДІК ПЕ, ҚАЛТА ҚАМЫ МА?

ЗАҢ НЕГЕ ШЫҚТЫ?
2010 жылы Қазақстанда көліктің алдыңғы және алдыңғы бүйір терезелеріне тонировка жасауға заңмен тыйым салынды. Ол кезде мамандар бұл шешімді жолдағы қауіпсіздікпен байланыстырып, жүргізушінің шолуын шектемеу және құқық қорғау органдарының қызметін жеңілдету мақсатында қабылдаған болатын. Тонировкасы күңгірт терезеден ішкі кеңістікті бақылау қиын, ал бұл түрлі қылмыстық әрекетке қолайлы орта қалыптастыруы мүмкін. Сонымен бірге, жүргізушінің көру мүмкіндігін шектеу – жол апаты қаупін арттыратын негізгі факторлардың бірі. Депутат ұсынған бастамада VIP-нөмірлер сату тәжірибесі мысал ретінде келтірілген. Рас, сәнді нөмірлерден 2023 жылы мемлекеттік бюджетке 15,8 миллиард теңге түскен. Енді осы тәжірибені тонировкаға да қолдану ұсынылып отыр. Яғни, қалталы азаматтар арнайы төлем төлеп, заңды түрде көліктерінің алдыңғы терезелерін қараңғылай алмақ. Ал бұл ретте мемлекетке жыл сайын ондаған миллиард теңге кіріс түсетіндігі болжанып отыр. Мұндай қаржылық есеп, сөз жоқ, тартымды естіледі. Бірақ қауіпсіздік мәселесі көлеңкеде қалмауы тиіс. Ардагер Өркен Исмаил бұл өзгеріске үзілді-кесілді қарсы. Ол: «Қаржы деп қауіпсіздікті екінші орынға қоюға болмайды. Артқы терезелерді қараңғылату мүмкіндігі жеткілікті. Ал алдыңғы әйнектерге рұқсат берілсе, жол қозғалысына айтарлықтай қауіп әкелетіні сөзсіз» деп мәлімдеді. Расында да, тонировканы орнатқан көліктің жолдағы қозғалысына сырттай бақылау жасау қиындайды. Қауіпсіздік қызметкерлері үшін мұндай көліктер белгісіздікпен тең. Бұдан бөлек, қараңғы терезе түнгі уақытта немесе ауа райы бұзылған сәттерде жүргізушінің көру қабілетіне әсер етіп, жаяу жүргінші не велосипедшіні байқамай қалуына себеп болуы мүмкін.
ҚОЛДАЙТЫНДАР ТАБЫЛА МА?
Дегенмен, бұл ұсынысты қолдайтындар да бар. Бірі қараңғыланған терезе – жүргізушіге жайлылық пен эстетикалық көрініс сыйлайды дейді. Дегенмен, ұсыныстың тағы бір тұсы – қоғам ішіндегі әлеуметтік теңсіздік мәселесін қозғайды. Жүргізуші Қайрат Мамреев бұл бастаманың тек қалталы азаматтарға арналғанын, ал қарапайым көлік иелері үшін әділетсіздік болатынын айтып өтті. «Жайлылық үшін ақша төлеу – ақшасы барларға ғана заң аясында жеңілдік беру» дейді ол. Бұл жерде туындайтын тағы бір сұрақ – техникалық бақылау әділдігі мен оның орындалу барысы. Заңда жарық өткізгіштік 70 пайыздан кем болмауы керек деп жазылғанмен, оны нақты өлшеу, тексеру, және заңбұзушылыққа жол бермеуді қамтамасыз ету оңай шаруа емес. Әрі терезе қаншалықты қараңғы екенін сырттай анықтау мүмкін емес, бұл жол полициясы үшін қосымша қиындық туғызуы ықтимал.
ЗАҢ КІМ ҮШІН?
Қоғамда кез келген заң ортақ болуы керек деген ұстаным бар. Егер тонировка шынымен қауіпсіз болса, онда ол ақылы емес, барлық азаматқа бірдей рұқсат етілуі керек. Ал егер қауіпті болса – ешкімге рұқсат берілмегені жөн. Қос стандарт қалыптастыру қоғамдағы сенімге селкеу түсіретіні анық. Алдыңғы терезелерді тонировка жасау мәселесі – бір жағынан, азаматтардың жайлылықты қалайтын құқығы мен қаржылық мүмкіндігі, екінші жағынан – қоғамдық қауіпсіздік пен теңдік мәселесінің таразыға тартылуы. Қаржылай табыс пен эстетикалық ыңғайлылық жол қауіпсіздігінен жоғары тұрмауы тиіс. Себебі жол – баршаның ортақ кеңістігі. Ол жерде қауіпсіздік бірінші орында тұруы шарт. Мәселе әлі де ашық күйде. Бірақ қандай шешім қабылданса да, ол тек мемлекеттік бюджетке түсетін табыс көлемімен емес, адам өмірінің қауіпсіздігімен өлшенуі тиіс.
С.МАДИЯРОВА