Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖҰҚПАЛЫ ДЕРТ ЖҰТАТПАУ КЕРЕК

ЖҰҚПАЛЫ ДЕРТ ЖҰТАТПАУ КЕРЕК

Оба – адамзатқа ертеден белгілі ең қауіпті жұқпалы ауру. Тарихта обаның үш үлкен пандемиясы белгілі. Біріншісі Египетте басталған «Юстиниан обасы» Жерорта теңізінің барлық дерлік елдерін қамтып, шамамен 50 жылға созылды. Барлығы 100 миллионға жуық адам қайтыс болды. Екінші пандемия — «Қара өлім» Азияда басталып, 1346-1348 жылдары Еуропада өршіп, 25 миллион адам оның құрбаны болды. Обаның үшінші пандемиясы 1855 жылы Қытайдың Юньнань провинциясында басталып, нәтижесінде қайтыс болғандардың жалпы саны 12 миллионнан асқан.

Оба – өте ауыр ағыммен, қызбамен, лимфа түйіндерінің, өкпенің және басқа да ішкі ағзалардың зақымдануымен өтетін аса қауіпті, табиғи-ошақты, инфекциялық ауру. Аурудың қоздырғыштары – оба микробы. О б а қ о з д ы р ғ ы ш ы н ы ң н е г і з г і сақтаушылары – әртүрлі кеміргіштер. Кеміргіштердің арасында адам мен малға ауру қоздырғышын жұқтыратын бүрге, кене сияқты қансорғыш жәндіктер. Олар ауру кеміргіштің қанын сорып, қолайлы бір сәтте кездескен адамды немесе малды шағу арқылы ауруды таратады. Бұл ауруды жұқтырған жануарлар және олардан алынған сүт, ет, тері, жүн сияқты шикізат түрлері адамдар үшін өте қауіпті болып саналады. Әсіресе мал шаруашылығымен айналысып, алыс шалғай мекендерде тұратын шаруалардың жұқтыру ықтималдығы жоғары. Сондықтан бұл індеттің алдын алу мақсатын обаға қарсы екпе қабылдаулары тиіс. Биылғы жыл басынан бері ауданда обаға қарсы екпе егу жұмыстары жүргізілуде. Арнайы медицина мамандарынан құрылған топ өкілдері ауылаймақ, тау етегінде мал шаруашылығымен айналысатын шаруаларға барып екпе егуде. Аудандық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Қазыбек Шәукебаевтың айтуынша, биылғы жылға межеленген 1500 вакцинаның бүгінде 1000 данасы салынған. «Алдағы күндері бұл жұмыстар жалғасын тауып, қауіптің алдын аламыз», – дейді мамандар. Иә, расымен де ауырмай тұрып денсаулықтың қадірін білгенге не жетсін?!

М.ИБРАГИМОВ

28 мамыр 2025 ж. 60 0