ТАҒДЫР СЫНАҒАН, ТАРИХ ЖАДЫНДА ҚАЛҒАН

ЖЕТІМДІКПЕН ЖАЛҒАСҚАН ЖІГЕР
1929 жылы кеткеннен ол елге 1934 жылы оралды. Бірақ туған үйде тек қаңыраған түнек пен жылап қалған қабырға ғана қарсы алды. Аштық – ата-анасын жалмап кеткен. Үлкен жүректі баланың иығына тіршілік өз салмағын салды. Көзінен от кетпеген жас жігіт оқу іздеп, арманына беттеді. 1935 жылы Қызылорда педагогикалық училищесіне түсіп, 1939 жылы қолына диплом алған жас ұстаз балаларға білім беріп, елге жарық болуға кірісті. Бірақ көп ұзамай ұстаздың қолына қару ұстатқан заман басталды. 1941 жыл. Соғыс өрті тұтанды.
МАЙДАН ОТЫНДА ЖАНҒАН ЖҮРЕК
Алдаберген Мырзахметұлы Ақтөбеде әскери дайындықтан өтіп, Ржев маңындағы қан қасап майданға түсті. 101-ұлттық атқыштар бригадасының құрамында «Марс» операциясына қатысып, адамзат тарихындағы ең ауыр шайқастардың бірінде жаумен бетпе-бет келді. Жаудың техникасы мен әскери қуаты басым еді. Бірақ қазақ жауынгері шегінбеді. Қаншама сарбаз оққа ұшты. 80 пайыздан астамы сол ұрыста көз жұмды. Бұл – тек кейін, 2007 жылдан соң ғана айтылған шындық. Ол ауыр жараланып, госпитальда емделіп, қайтадан соғыс даласына оралды. Бұл – рухтың беріктігі. Бұл – ел үшін ештеңеден тайынбаған жүректің тірі дәлелі.
СОҒЫСТАН СОҢ ХАЛЫҚҚА ҚЫЗМЕТ
Алдаберген Мырзахметов соғыстан аман оралғаннан кейін де ел еңсесін тіктеу үшін жан аямай еңбек етті. Партия жұмысы, халық ағарту ісі – қай саланы да жатсынбады. Әділеттілігімен, турашылдығымен елге сыйлы болды. Қызыл отау меңгерушісі болып та, орман қорғаушы болып та еңбек қылды. 1987 жылы өмірден озған Алдаберген Мырзахметұлының ғұмыры – тарих қойнауындағы таңбаланған тағдыр. Ата-анасынан ерте айырылған, бауырынан көз жазған, майданнан жаралы қайтқан ол – сынған жоқ. Жаншыған жоқ. Өмірден шыншыл бейнесімен, сабырлы болмысымен өтті. Бүгінгі ұрпаққа қалдырған ең үлкен мұрасы – оның адамдық жолы.
С.БАХТИЯРҚЫЗЫ