ҰЛТТЫҚ КІТАП КҮНІ – ҰЛТ РУХАНИЯТЫНЫҢ ҰЙЫТҚЫСЫ

Тұтас әлемде жаһандану дәуірі жалғасып, заманауи технологиялардың үстемдік құруымен байланысты кітап оқу үрдісінің тұралап қалғандығынан бұл мереке көптеген елде ресми түрде бекітіліп, айтулы күн ретінде аталып жүр. Президент тапсырмасына сәйкес, қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыртастыру мақсатында Үкіметтің 2024 жылғы 29 маусымдағы Қаулысының негізінде елімізде жаңа мереке – 23 сәуірде алғаш рет атап өтілетін «Ұлттық кітап күні» пайда болды. Осынау игі бастама халық арасында кітап оқуды насихаттауға, әсіресе, жастардың мәдени, рухани жетілуіне септігін тигізетіні анық. 23 сәуір Шиелі аудандық орталықт а н д ы р ы л ғ а н к і т а п х а н а ж ү й е с і н і ң ұйымдастыруымен Руханият орталығында «Ұлттық күніне» орай, «Кітап – тарих. Шежіре» атты кітап фестивалі өтті. Шараға Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, белгілі сатирик Нұрмахан Елтай, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Мақсұт Әбдімомынов, ҚР Мәдениет қайраткері, айтыскер ақын Кенжебай Жүсіп, «Аманат» партиясының Шиелі аудандық филиалының атқарушы хатшысы Жібек Баймұратова, 21- ші Бекет ауылдық кітапханасының тұрақты оқырманы, ардагер Тәңірберген Ақпанов арнайы қатысты. Фестивальде қонақтарға және ауданның кітап сүйер оқырмандарының назарына өлкетану әдебиеттерін насихаттау мақсатында «Асылдар туған, шежіре тұнған құт мекен» кітап көрмесі, ұлттық әдебиетіміздің ең үздік туындылары, «Бір ел – бір кітап – 2025» акциясы аясында жазушы Т.Әлімқұлов пен ақын Ж.Нәжмеденовтың шығармалары таныстырылды. Сонымен қатар орталық балалар кітапханасы жанынан ашылған үйірме оқушыларының «Кітап – қиялыма қанат бітіреді» атты сурет көрмесі, «Еркетай» буктеатры мен қуыршақтар көрмесі қойылды. Жиында сөз алған «Аманат» партиясының Шиелі аудандық филиалының атқарушы хатшысы Жібек Баймұратова: – Қазақ халқы – қашанда сөзге тоқтаған, білім мен тәрбиеге ерекше мән берген халық. «Білекті бірді, білімді мыңды жығады» деген мақал – соның айқын дәлелі. Мемлекет басшысының Жолдауларын басшылыққа ала отырып, жаңалықтар мен жарқын істерді халық арасында насихаттаумен қатар, оқырмандардың кітап оқу мәдениетін көтеру, әдебиетке деген қызығушылығын арттыру мақсатында кітапханада өткізілген мәденикөпшілік шаралар кітапхана мен оқырман арасындағы байланысты нығайта түседі деп сенемін. Бүгінгі мерекенің жас ұрпақ санасында еліне, жеріне деген мақтаныш сезім ұялатып, ұлттық рухты сіңіріп, ана тілі мен әдебиетін, салт-дәстүрін ардақтай білуге тәрбиелейтіні белгілі. Осынау игі бастама Қазақстанның жарқын болашағына жететей берсін, – деп құттықтады. Сондай-ақ шарада аудандық және ауылдық кітапханалардың тұрақты оқырмандары аудан әкімі Айтбай Жандарбековтің Алғыс хатымен марапатталды. Әрі қарай фестиваль аудандық кітапхана ішінде ұйымдастырылған жергілікті ақын-жазушылардың «Өлеңге айналған өлке» атты кездесу кешіне ұласты.
М.ИБРАГИМОВ