Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » АРМАНЫ АСҚАҚ АРУ

АРМАНЫ АСҚАҚ АРУ

Екінші дүниежүзілік соғыста Кеңес Одағы армиясының құрамында ер-азаматтармен бірге батыр қыздардың болғанын білеміз. Жауынгер арулар дәрігерлік қызмет көрсетумен қатар, ұшқыш, мерген, пулеметші, десантшы, барлаушы, байланысшы, көлік жүргізуші сияқты әскери мамандықтардың барлығын да меңгерген. Кеңес Одағының Батыры, пулеметші М.Мәметова, 300 рет әуе шайқасына қатысқан ұшқыш Х.Доспанова, С.Жунин басқарған 8-партизан бригадасының байланысшысы, «Қызыл Жұлдыз» ордені мен «Отан соғысының партизаны» жауынгерлік медалінің иегері, партизан қыз Н.Байсейітова, «Қызыл Жұлдыз» ордені мен «Ерлігі үшін» медалінің иегері, әскери медициналық қызмет капитаны Р.Момынова, Қиыр Шығыс майданында қыз-келіншектерден құралған аэродром қызметін қамсыздандыру батальоны құрамында десантшы, барлаушы болған Қ.Ермекова, Ә.Ниязғалиева, М.Үмбетова, Қ.Ахметова, әскери көлік жүргізуші С.Сарқұлова сынды майдангер қыздардың ерлігі ұрпаққа өнеге. Ерлермен тең ерлік көрсетіп, ел есінде қалған қазақ қыздары қаншама? Жоғарыда аталған батыр, ержүрек, жауынгер қыздардың есімі тарих қойнауында алтын әріптермен қалды. Батыр апаларының ерлікпен өрілген өмірін бейбіт күнде сіңілілері жалғастырып келеді. Тіпті кейбірі мектеп табалдырығында жүріп, сол кісілер секілді әскери мамандық иесі болуды армандайды. Сондай арманы асқақ, мақсаты айқын қайсар мінезді арудың бірі – Аяулым Ерболқызы. Кейіпкеріміз Ақмая ауылындағы 49 орта мектептің 10-шы сынып оқушысы. Көпбалалы отбасында дүниеге келген. Білікті ұстаз, талай түлекті түлетіп ұшырған сол мектептің алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің мұғалімі Талғат Ахметов шәкіртінің қабілетін аңғарып, алғашқы көмек көрсету, автоматты шашып-жинау, мылтық атуды үйретіп қызығушылығын арттырған. Аяулымның табандылық пен жауапкершілігінің арқасында мектеп оқушылары арасында өткізілген аудандық, облыстық, республикалық «Мерген ару», «Айбын», «Жасұлан» әскери байқауларында АК-74 қаруын жинау, алғашқы көмек көрсету, жылдамдыққа ату сияқты бағыттарының бірнеше рет жеңімпазы атанып үлгерді. Сондай-ақ, Алматы облысы, Қонаев қаласында өткен лагерьде «Үздік спортшы жауынгер» республикалық төсбелгісімен марапатталған. Қазақ даналығында «Алма алма ағашысынан алысқа түспейді» деген тағылымды сөз бар. Аяулымның дәл осылай әскери әдіс-тәсілді үйренуіне деген ынтажігері тегіне тартқан ба дерсің. Өйткені, атасы, өзінің әкесі Ербол және нағашылары да ауыл-аймаққа белгілі аңшылыққа әуес жандар. Қайсар қыздың әке тәрбиесі мен ұстаздың берген білімін өн бойына сіңіріп өсіп келе жатқаны көңіл қуантады. Аяулым Ерболқызы қазір білім алумен қатар алдағы уақытта Ақтөбе қаласында өтетін «Айбын – 2025» республикалық байқауына қатысу үшін ұстазы екеуі дайындыққа білек сыбана кіріскен. Өйткені, Сыр елінің намысын қорғап, кіл мықтылар сынға түсетін байқауға аттанбақ. Бүгінде мамандықтың сан түрі бар. Деректерге зер салсақ, көбінесе, қыз балалар мұғалім, дәрігер, өнер саласын таңдайды екен. Әрине, еліміз үшін әр қайсысының өзіндік орны мен ерекшелігі бар. Дегенмен, қыз балалардың батылдық пен қажырлықты, білім мен нәтижені көп қажет ететін әскери мамандықты таңдауы көп кездесе бермейді. Аяулым, жоғарыда айтылғандай, қазақ қызына тән барлық игі қасиетті бойына жинап келеді. Қысқаша, айтқанда нағыз қазақтың қайсар мінезді, өр рухты қызы болуды армандайды. Мектепті аяқтаған соң, құқық қорғау мамандығы бойынша жоғары білім алып, елге адал қызмет ету – мақсаты. Біз де арманы асқақ арудың таңдауы мен алдағы өтетін республикалық жарысқа сәттілік тілейміз.

М.ИБРАГИМОВ
31 наурыз 2025 ж. 112 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№23 (9290)

01 сәуір 2025 ж.

№22 (9289)

31 наурыз 2025 ж.

№21 (9288)

26 наурыз 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930