Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БАЙЛАР ҚАЛАЙ ЖЕТІСТІККЕ ЖЕТЕДІ?

БАЙЛАР ҚАЛАЙ ЖЕТІСТІККЕ ЖЕТЕДІ?

Жақында әлеуметтік желіде желдей ескен бір әңгімені естідім. Онда қалай баюды үйрететін тренер «Кітапты кедей адамдар оқиды» деген пікір білдірген. Әрине, алғашында бұл сөзді естіп миығымнан мырс еттім. Бірақ ой елегінен өткізе келе, бұл пікірдің астарында таяз ойлау мен рухани жұтаңдықтың белгісі жатқанын аңғардым. Себебі қолымызға тиген әр көркем әдебиет адам санасын кемелдендіріп, ойлау қабілетін ұштайтыны сөзсіз. Онда жазылған әңгімелер мен дастандар — ғасырлар бойы жиналған даналықтың қоймасы, уақыт пен кеңістіктің шекарасын жоятын ғажайып құрал. Ол бізге ата-бабаларымыздың тәжірибесін, әлемнің терең сырларын, ғылым мен өнердің ғажайыптарын танытады. Егер кітаптарға ден қою кедейлерге ғана тән дағды болса, онда әлемдегі ең ауқатты адамдар – Билл Гейтс, Уоррен Баффет, Илон Маск секілді жандар мұндай білім көздеріне ерекше мән бермес еді. Бірақ олардың көпшілігі оқуға күн сайын уақыт бөледі. Мысалы, Билл Гейтс жылына 50-ден астам еңбекті талдап оқитынын мойындайды. Бұл – әр аптада кемінде бір шығарманы меңгереді деген сөз. Егер таным көкжиегін кеңейту кедейлікке теңесек, онда осындай алып тұлғалардың кедей болуға құштар болғаны ма?
Кітаптағы құнды мәліметтер адамның ақыл-ойын дамытып қана қоймай, оның сөздік қорын байытады, логикалық ойлау жүйесін қалыптастырады. Ғылыммен шұғылданған адамдар үшін білім қорын жинақтау – зерттеудің басты кілті. Физика мен математикадан бастап, философия мен әдебиетке дейін барлық ғылым саласы қағаз беттерінде қатталған. Сондықтан даналық қазыналары кедейлерге ғана тән деген сөз – білім мен ғылымды менсінбеу, рухани байлықтың қадірін түсінбеу. Көзі ашық, көкірегі ояу адам болу – тек ақпарат алудың құралы ғана емес, ол жан-жақты дамудың негізі. Өмірлік қиындықтардан жол табу, түрлі жағдайларда дұрыс шешім қабылдау, терең ойлап, пайымдау секілді қабілеттер де осы дағды арқылы қалыптасады. Әдеби шығармаларды зерттеу арқылы біз түрлі кейіпкерлердің өмірін бастан өткергендей боламыз, олардың шешімдері мен әрекеттерін саралаймыз, сол арқылы өзіміздің де өмірлік ұстанымдарымызды айқындаймыз. Бұл – адамды адастырмайтын шамшырақ іспетті.
Сонымен қатар, кітап оқу адамның ішкі жан дүниесіне де оң әсер етеді. Қазіргі заманда адамдар психологиялық күйзелістерге, стресс пен мазасыздыққа жиі ұшырайды. Ғалымдардың зерттеуі бойынша, осындай пайдалы дағды адамның миын тыныштандырып, күйзелістен арылуға көмектесетін ең тиімді әдістердің бірі. Әсіресе, әдеби шығармалар мен көркем туындыларды зерделеу адамның эмоциялық интеллектісін дамытып, оны сабырлы, төзімді, мейірімді ете түседі. Сондай-ақ күнделікті бір кітап оқуды әдетке айналдыру – шығармашылық қабілеттің де бастауы. Жазушылар, ақындар, ғалымдар мен өнер адамдары – барлығы да осындай пайдалы әдеттің арқасында өз таланттарын шыңдайды. Кітап – жаңа идеялардың қайнар көзі, тың ойларға жетелейтін жолсерік. Оны оқыған адам жаңа дүниелерді игеруге құштар болады, жаңалық ашуға, зерттеуге ұмтылады. Көптеген зерттеулер көрсеткендей, көркем шығармаларды оқу адамның когнитивті дағдыларын жетілдіріп қана қоймай, есте сақтау қабілетін де жақсартады. Бұл әсіресе қартаю кезінде миды сергек ұстаудың маңызды жолдарының бірі болып саналады. Үнемі ақпарат жинақтап, оқыған адам ақылой кемістігіне азырақ ұшырайды, миының белсенділігін сақтай алады. Сонымен қатар, бұл адамның өзіне деген сенімін арттырады, өзін-өзі дамытуға итермелейді.
Белгілі тұлғалардың оқу дағдылары да бұл әдеттің қаншалықты маңызды екенін дәлелдейді. Уинстон Черчилль, мысалы, күніне бірнеше сағат бойы әдебиетке, тарихқа және философияға уақыт бөлген. Оның сөз саптауының әсерлілігі мен шешендік қабілеті осы дағдының нәтижесі. Ал Элон Маск инженерлік және технологиялық білімін негізінен өздігінен меңгерген. Оның айтуынша, ол зымыран құрастыруды да оқу арқылы үйренген. Ұлыбританияның премьер-министрі болған Тони Блэр классикалық әдебиетті оқуға ерекше мән берген. Бұл оның саяси шешім қабылдауына ықпал еткен.
Қазіргі таңда технологиялардың қарқынды дамуы ақпаратқа қолжетімділікті арттырды. Электронды форматтағы еңбектер, аудиокітаптар, мобильді қосымшалар арқылы танымдық туындыларды кез келген жерде оқуға мүмкіндік бар. Сонымен қатар, жасанды интеллект көмегімен интерактивті оқулықтар мен цифрлық материалдар пайда болуда. Бұл – қазіргі заманғы талаптарға сай білім алудың жаңа деңгейі. Ғаламтор кеңістігі арқылы ғылыми мақалаларға, әдеби шығармаларға, тарихи деректерге оңай қол жеткізу мүмкіндігі бар. Осылайша, білім іздеуге деген ынта бұрынғыдан да арта түсті. Жаңа технологиялармен қатар, қағаз басылымдар да өз маңызын жоғалтқан жоқ. Көптеген адамдар баспадан шыққан кітаптарды қолға алып оқығанды құп көреді, себебі қағаз бетіне түскен әр сөздің әсері бөлек. Бүгінде түрлі жанрдағы шығармалар көптеп жарық көруде. Ғылымикөпшілік әдебиеттер, мотивациялық еңбектер, психологиялық бағыттағы жазбалар – барлығы да адамның ой-өрісін кеңейтіп, өзін-өзі жетілдіруге көмектеседі.
Сондықтан «Кітапты кедей адамдар оқиды» деген пікір – түбірімен қате, жаңсақ ұғым. Білім іздеу – адамның ой-өрісін кеңейтетін, оны тұлға ретінде дамытатын, өмірге басқа көзқараспен қарауға мүмкіндік беретін теңдессіз құрал. Кедейлік пен байлық тек материалдық өлшеммен ғана бағаланбайды. Рухани жұтаңдық – нағыз кедейлік. Ал рухани байлыққа қол жеткізудің ең сенімді жолы – жан-жақты ізденіс. Өйткені шынайы байлық – адамның ақылында, білімінде, рухани кемелдігінде. Ал бұл қасиеттерді дамыту үшін кітап оқу – таптырмас қазына! Сондықтан оқуға, зерттеуге, ой-өрісті кеңейтуге ұмтылған әрбір адам өзін жаңа мүмкіндіктерге ашады. Әрбір оқыған еңбек, әрбір игерілген мәлімет – өмір жолында жаңа көкжиектерге бастар даңғыл жол!

Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА
27 наурыз 2025 ж. 288 0

Қоғам

ИГІ ІСТІҢ ЖАРШЫЛАРЫ
31 наурыз 2025 ж. 39

PDF нұсқалар мұрағаты

№22 (9289)

31 наурыз 2025 ж.

№21 (9288)

26 наурыз 2025 ж.

№20 (9287)

18 наурыз 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31