Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ОН ЕКІ БАЛАНЫҢ АНАСЫ

ОН ЕКІ БАЛАНЫҢ АНАСЫ

Ыбырай Жақаев атындағы ауылдың 86 жастағы тұрғыны, Әсемкүл Ермаханова он екі баланың анасы. Тұңғышы, Жұмакүлді 19 жасында дүниеге әкелсе, ең кіші баласы Қалдыбекті 41-де босанды.
Халқымыз баласының, немере-шөбересінің санын көбіне айтпайды. Мұндай сұраққа «Құдайға шүкір бар, ғой» деп жауап беруі мүмкін. Бірақ газет мақаласының форматы, бізге бұл құпияларды, аздап ашуға мүмкіндік береді. Әжемізде дәл қазір 42 немере және 36 шөбере бар. Әсемкүл апай Жиделіарық ауылында дүниеге келген. 18 жасында жергілікті жігіт Тұрапқали Әмзеевке тұрмысқа шығады. Ол кісі «Коммунизм» колхозында механизатор болып жұмыс істеді. 1970 жылдардың басында Сырдарияның сол жағалауында «Қарғалы» совхозы құрылып, жас жұбайлар комсомолдық жолдамамен мал шаруашылығын көтеруге аттанды. Мұнда Тұрапқали аға қойшы, ал Әсемкүл апа оның көмекшісі болды. Олар өздерінің адал еңбектері үшін бірнеше рет медальдармен және құрмет грамоталарымен марапатталды. Батыр анамыз декреттік демалыс деген не екенін білмегенін айтады. Балаларына бір ай толғанда жұмысқа шығып кетіп жүрген. Әсемкүл апай өмір бойы тұрмыс жағдайына байланысты жайлы өмір сүрмесе де, бүгінгі күнге дейін ақыл-ойы сергек және денсаулығы жақсы. Ол кісі заманауи диеталарды ұстанбаған. Тамақтануда қазақтың ұлттық тағамдарына басымдық береді. Кейіпкеріміз бүгінгі таңда жас әйелдер арасында батыр-аналардың көбейгеніне қуанышты. Оның пікірінше, осындай отбасыларды мемлекет, бизнес және қоғам қолдауы керек. Өйткені бұл біздің еліміздің болашағына тікелей әсер етеді.
Айдар БАҚЫТЖАНҰЛЫ,
сурет автордыкі
15 ақпан 2025 ж. 41 0