ЗАМАНАУИ СПОРТ КЕШЕНІ ЕСІК АШТЫ

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы халыққа арнаған Жолдауында «Жастарымыз дені сау, мықты азамат болып өсуі керек. Сондықтан ұлт саулығын сақтау үшін бұқаралық спорттың маңызы ерекше» деген болатын. Осы ретте, аймақ басшысының қолдауымен облыста заманауи үлгідегі спорт кешендерінің іргетасы қаланып, спортсүйер қауымның игілігіне табысталуда. Жақында ғана аймақ басшысының қатысуымен Қармақшы ауданына қарасты ІІІ Интернационал және Дүр Оңғар ауылдық округінде спорт кешендері ашылып, пайдалануға берілді. Бүгін «Қазақстан халқына» қоры арқылы тағы бір кешен өңірдегі спорттық инфрақұрылымның қатарына қосылды. Бұл ғимаратта жас өрендеріміз спортпен шұғылданып, елдің, аймақтың атын асқақтатар чемпион болып қалыптасады деп сенемін. Дәл осы тұрғыда, аймақ басшысының және облыс халқының атынан «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына зор алғыс білдіреміз, – деді облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Асқарұлы.
«Қазақстан халқына» қоры жалпы құны 4,8 млрд теңге болатын көптеген жобаларды жүзеге асыруда. Сонымен қатар ашылу салтанатында қордың басқарма төрағасы Ләззат Шыңғысбаева:
– Ашылып отырған заманауи спорт кешені алдағы уақытта өңір тұрғындарының, әсіресе жастардың спортпен шұғылдануына таптырмас орын болады. Бұл жаңа кешен болашақ чемпиондарды тәрбиелейтін орталық қана емес, сондай-ақ тұрғындар спортпен шұғылдана алатын орынға айналмақ, – деп жылы лебізін білдірді. Сонымен қатар кезекті сөзді алған «Саутс Ойл» ЖШС вице-президенті Серік Мырзабеков атқарылған жұмыстарға тоқталып, тұрғындарды жаңа нысанның ашылуымен құттықтады. Мұнан соң қадірлі қонақтар мен ардагер ақсақалдар лента қиып, кешеннің спорт залында волейбол ойнап жатқан жасөспірімдермен естелік суретке түсті. Жаңа кешеннің ашылуына ауыл жастары да дән риза. Олардың айтуынша, заманауи спорт кешені кең әрі ыңғайлы ғимарат. Енді жаттығуларын тек осында өткізетінін қуанышпен жеткізді. Бұл кешенде жастардың футбол, баскетбол, волейбол, гандболмен шұғылдануына барлық жағдай жасалған. Айта кетейік, өткен жылы өңір халқының спорттық инфрақұрылыммен қамтылу көрсеткіші 46,2%-ға жетті, 2023 жылы 9 спорт кешені пайдалануға берілсе, 2024 жылға өтпелі 6 нысан толық аяқталып, іске қосылуда. Дана халқымыз «Тәні саудың – жаны сау», «Бірінші байлық – денсаулық» деп бекер айтпаған. Себебі салауатты өмір сүрудің алғы шарттарының бірі спорттың адам өмірінде алатын орны, тәрбиелік мәні ерекше. Олай болса, спорт пен денсаулықты басты ұстаным еткен заманауи спорт кешені баршаңызды спортқа тартатын тәрбие ошағы болсын дейміз.
Айнұр ИБРАШ,
сурет Бақытжан БӘЙІМБЕТ