Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БАЛА НЕГЕ ҰМЫТШАҚ?

БАЛА НЕГЕ ҰМЫТШАҚ?

Мектептегі мұғалім мен ата-ана арасында «балаға сабақ түсіндіре алмай жатырмыз» деген уайым басым. Бұл сөз тек мектеп қабырғасында ғана емес, әлеуметтік желілерде де жиі кездеседі. Жүйкесі жұқарған ата-ана, сабақты түсінбей дал болған балғын. Әр күн сайын үй тапсырмасын орындатуға бел буған ата-ана үшін бұл дағдылы жағдайға айналған. Мұғалімдер ата-ананы балаға мән бермеді деп айыптаса, ата-аналар өз кезегінде мұғалімдерді «оқытуға қабілетсіз» деп кінәлайды. Ал соңында осы қиындықтың бәрі бір адамға – сабаққа бейімделе алмай, оқу бағдарламасын түсінуге күш-қуаты жетпеген балаға тиеді.
Психологтар әрбір ұрпақтың өзіндік ерекшеліктері мен даму кезеңдерін анықтай отырып, оларды үш негізгі буынға бөледі. 1960 жылдары өмірге келген Х ұрпағы өз жауапкершілігі мен тұрақтылығын басты қағида санап, сол арқылы қоғамда өзінің орнықты тұғырын қалыптастырды. Алайда, 1980 жылдан кейін дүниеге келген Ү ұрпағы технологияның дамуымен бірге өсіп, өз өмірін ұялы телефондармен, планшеттермен байланыстыра бастады. Олар интернетте тәулік бойы қолжетімді, әлемнің түкпір-түкпірімен байланысып, шексіз ақпаратқа қол жеткізуге дағдыланды. Олардың өмірі – жылдамдық пен еркіндікке негізделген шынайы «онлайн» өмір. Енді 2000 жылдардан бастап, Z ұрпағы пайда бола бастады. Бұл ұрпақ бүгінгі мектеп оқушылары, олар цифрлық әлемде шексіз мүмкіндіктерге ие, бірақ өздері үшін маңызды дүниелерді ұмытып қалу үрдісі артып келеді. Олар үшін интернет пен гаджеттер – табиғаттағы ауа сияқты. Бір қызығы, дәл осы Z ұрпағының бойында Х ұрпағына тән тұрақтылық пен жауапкершілік қасиеттері жетіспейтінін ғалымдар айтып отыр. Бұл ұрпақтың өз өмірін басқаруы мен еңбекқорлығы әлі қалыптасып үлгермеген. Осылайша, әр ұрпақ өзінің кезеңінің талабына сай дамып, жаңа жағдайларға бейімделіп келеді. Технологияның өмірімізге енгені ұрпақтар арасындағы айырмашылықты арттырса да, әрқайсысының өз ерекшелігі мен жетістіктері бар. Демек, қазіргі заман баласының төмендеген интеллектісі туралы сөз қозғау – әбестік. Бұл ұрпақ интеллектінің «төмендеуінен» емес, керісінше, жаңа дәуірдің талабына сай білім алу тәсілдерінің өзгеруінен туындаған құбылыс. Олар бұрын болмаған мүмкіндіктермен қаруланған. Бұрын әр ақпаратты бір пернемен іздеп табу – тек қиялда ғана қалған дүние еді. Алайда, сол ақпаратқа қол жеткізу жеңіл болғанымен, оны сақтау мен өңдеуге келгенде, ұрпақтың қабілеті әлсіздік танытады. Осылайша, технологиялардың табиғатында өсіп келе жатқан бұл балалар өздерінің миын жаттықтыру мен есте сақтау қабілетін дамытуға бұрынғыдай қажеттілік сезінбейді. Олар үшін ақпаратты бірден табу – еш қиындық туғызбайтын қарапайым нәрсе. Ал 9-сыныпта бүкіл мәтінді жаттап оқуға, 11-сыныпта шығарма жазуға ауыртпалық сезінетін балаларға не болды? Бұл – тек сыртқы ақпаратты сақтау мен игеру қиындығы ғана емес, сонымен қатар олардың жаңа білім жүйесіне бейімделу қабілетінің тағы да бір сынға түсуі. Бұл ұрпақ білімді бірден қабылдап, бірден нәтиже алуға дағдыланған. Бірақ күрделі тапсырмалар мен терең ойлау қажет болатын сәттерде олардан күтетін деңгейге жету қиынға соғады. Себебі олар үшін ақпаратты қайта өңдеу, талдау, ұзақ мерзімді есте сақтау бұрын болмаған дағды. Технология қанымен туып, болашақтың шексіз мүмкіндіктеріне қол жеткізуге дайын қазіргі ұрпақтың ұмытшақтығы мен қиындықтары – өз білімін игерудегі жаңа жүйе мен дүниетанымның қалыптасу процесінің белгісі. Бұл құбылысты табиғаттың жұмбақ күштері немесе генетикалық өзгерістермен байланыс тырмау керек. Баланың даму деңгейі, оның интеллектуалды қабілеті ең алдымен білім беру бағдарламасының сапасына тәуелді. Егер оқу жүйесі дұрыс жолға қойылмаса, оқушының ақыл-ойы да әлсіз болып қалуы әбден мүмкін. Осылайша, білім беру бағдарламасының сапасы – баланың болашағының кілті. Мысалы, жапондықтар балаларын жаһандық деңгейде бәсекеге қабілетті етіп тәрбиелеуде ерекше бір тәсіл қолданады. Олар ең алдымен балаға санау мен жазуды үйретеді. Сан мен әріптерге жастайынан көздері қаныққан балалар, мектепте де жазу мен оқу барысында қатесіз болуға дағдыланады. Бұл жүйе баланың логикалық ойлау қабілетін арттырып, білімге деген қызығушылығын оятады. Яғни балалардың дамуында сапалы білім беру жүйесінің маңызы зор, өйткені ол болашақта ойлау, қабылдау және есте сақтау қабілеттерін қалыптастырады. Соңғы жылдары еліміздің білім беру жүйесінде елеулі өзгерістер орын алды. 2010 жылы білім саласындағы б о л а ш а қ қ а арналған жос парлар жарияланып, 2020 жылға дейінгі бағдарлама қабылданды. Бұл бағдарламада болашақ мектептерінің қалай көрінуі қажет екені көрсетілген болатын. Оқушыларға жаңа технологиялар арқылы білім алу мүмкіндігі беріліп, планшеттер мен интерактивті тақталар кеңінен қолданылды. Бірқатар мектеп бұл жобаны іске қосып, тіпті 12 жылдық білім беру жүйесіне де қадам басқан еді. Алайда бұл бағдарламаның сәтті жүзеге асуы ұзаққа созылмады, ал оның орнын жаңа бастамалар алмастырды. 2016 жылдан бастап бірінші сынып оқушылары толықтай жаңа оқу бағдарламасы бойынша оқи бастады. Бұл жаңашылдықтар 2026 жылға қарай өскелең ұрпақтың жаңа білім беру стандарттарына толықтай көшуіне әкелмек. Жаңалықтың болғаны жақсы. Бірақ қазіргі мектеп бағдарламасының күрделілігіне қатысты алаңдаушылық та байқалып отыр. Өйткені, бұл бағдарлама ата-аналар мен мұғалімдердің өздері үшін де күрделі болып, түсіну қиынға соғуда. Оған қоса үй тапсырмалары баланың ойнауға бөлетін уақытын тартып алып, оның толыққанды тұлға болып қалыптасуына кедергі келтіреді. Ал ойынның бала денсаулығына ғана емес, ой-өрісінің дамуына да қаншалықты маңызды екені белгілі. Бұған қосымша, бала мектептен тыс түрлі курстар мен қосымша сабақтарға да қатысады. Бұл барлық жүктеме оның жүйке жүйесіне айтарлықтай әсер етіп, ағзаның артық ақпаратты қабылдап, оны өңдеуге мәжбүр болуына алып келеді. Бұдан шығатын қорытынды: бүгінгі бала – ұмытшақ емес. Ол тек Х ұрпағының мектеп бағдарламасымен салыстырғанда мүлдем басқа жағдайда білім алуда. Х ұрпағының тұсында жауапкершілік пен еңбекқорлық басты ұстаным болса, қазіргі оқушыға толассыз ақпарат ағынын есінде сақтау, оған жауап беру мүмкін емес. Қазір бала үшін тек маңызды ақпаратты таңдап, қажеттісін ғана есте сақтау қажет. Осылайша, оның ұмытшақтығы – тек қазіргі білім беру жүйесінің және ақпараттық қоғамның салдары. Бұрындары қаласы да, даласы да бір ғана бағдарлама мен ортақ оқулықтан білім алып, ешкім ешнәрседен қиналмайтын. Қазіргі жағдай мүлдем өзгеше. «Екі кеменің басынан ұстаған суға кетеді» деген мәтелдің дәл өзі осы жағдайды сипаттайды. Мұндай жағдайда мұғалімдер мен оқушылар бір-бірімен үйлесімді жұмыс істей алмай, нәтиже көп жағдайда төмендейді. Осылайша, әр нәрсенің соңынан еріп, бірнеше бағытта жүруге тырысып, түптеп келгенде нақты нәтиже ала алмауымыз бек мүмкін. Сондықтан барлығын бір ғана тиімді бағдарлама арқылы оқытуға көңіл бөлген жөн. Біз оқушыларды неге және қалай оқытуымызды қайтадан ой елегінен өткізіп, нақты, тиімді әдіс-тәсілдерді қолға алуы мыз қажет.
С.БАХТИЯРҚЫЗЫ
05 ақпан 2025 ж. 43 0

Қоғам

БІЗДІҢ НӘЙЛА
05 ақпан 2025 ж. 42

БАЛА НЕГЕ ҰМЫТШАҚ?

05 ақпан 2025 ж.

PDF нұсқалар мұрағаты

№9 (9276)

04 ақпан 2025 ж.

№8 (9275)

03 ақпан 2025 ж.

№7 (9274)

28 қаңтар 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Ақпан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
2425262728