Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БЕСІКТІ НЕГЕ НАҒАШЫЛАР ӘКЕЛЕДІ?

БЕСІКТІ НЕГЕ НАҒАШЫЛАР ӘКЕЛЕДІ?

Халқымыздың тұрмысынан әсте ажырамаған қаншама салт-дәстүрі бүгінде ұмытылып, ал ұмыт қалмай, бізге жеткені біраз өзгеріске ұшырады. Кезінде қазақ баласы әкесі жатқан бесікте тербетіліп өссе, бүгін бұл дәстүрдің өңі теріс айналған. 
Қазір жас ана босанғаннан кейін баланың бесігін қыз жақ, яғни нағашы жұрты дайындайды. Тіпті енді туған сәби үшін ас та төк ысырапқа жол береді. Баланың төрт мезгіл киімі мен түрлі ойыншығы, басқа да қажет заттарымен қоса бесігін де әкеледі. Ал ұрпағының саны өсіп, немерелерінің қатары бір адамға толыққан ата-әже ас та төк дастархан жайып, ел-жұртты, ағайын-туманы, құда-жекжатты тойға шақырады. Сосын әлі буыны қатпаған сәбиге салтанатты киім кигізеді де, қолдан-қолға өткізіп, бесікке салу рәсімін бастайды. Бесік тойда жасалатын әрбір ырым мен салтты өзі тарқатып жазсаң бір-бір тақырып. Жалпы, бесікке салу дәстүрін осылай жасау дұрыс па? Асылында «бесік» деген ұғым қайдан шыққан? БЕСІКТІ КІМ ДАЙЫНДАУЫ ТИІС? – Бесік – киелі мүлік. Бесікпен сенің ұрпағың, әулетің өседі. Біздің қазақта бесік әкелу деген салт бар. Сәбилі болып жатқан қызының нәрестесіне бесік әкелу – қыз төркінінің, жас ананың анасының яғни нағашы әжесінің парызы. Қазірдің өзінде бесік әкеліп жатқан, тіпті болмағанда баланың арнайы төсегі (манеж), арбасы, үстелі дегендей, балаға қажет жабдықты әкеліп жатқан аналар баршылық. Бұл – бір жағынан, құда-жекжат арасындағы үлкен сыйластық. «Бие құлындамаса, ат болады, ағайынтуыс алысып-беріспесе, жат болады» дегендей, бұл – екі жаққа дәнекер ғана. Әйтпесе ешкім алғаннан – бай, бергеннен – кедей болмайды. Бесік әкелу құда-құдағи арасындағы көңіл сыйлау болса, екіншіден, жас босанған келіннің көңілі көтеріліп, сағынышы басылады әрі енесіне айта алмағанын анасымен бөліседі, көңілі өседі. Бесік әкелудің өзі керемет бір сән-салтанат десек те болады. Келіннің төркіні «іздеушісі, сұраушысы бар екен» дегізіп, бір топ болып келетін болған және де жай келмей, баланың бесік жабдығын түгелімен, түбек-шүмегіне дейін жасап әкелген. Бесіктің жабдықтарын барынша әдемілеп жасаған. Түбегі мен шүмегінен басқа, қолтық жастық, тізе жастық дегені болады және олар ешқашан сүреңсіз сұр түсті маталардан тігілмеген. Кішкентай көрпешелері де мүмкіндігінше ашық түсті маталардан тігіледі. Бесіктің басына үкі тағады. Өйткені бала әсемдікке, әдемілікке бесікте жатқан кезден бастап үйренуі керек, – дейді салтдәстүрді насихаттап, дұрыс-бұрыстығын насихаттап жүрген Зәйнеп Ахметова. Енді бір кейіпкеріміз, қазақ салт-дәстүрі мен әдеп-ғұрпын мейлінше қаз-қалпында орындауға тырысып келеді. Ол кісі – Патыма әже. Бала туғанда нағашы жұртының жаңа бесік алып баруын дұрыс емесін айтады. – Қазақта «шыққан қыз шиден ары» деген сөз бар. Қыз бала – жат-жұрттық. Ол «бір әулеттің түтінін түтетіп, отын өшірмей, сол әулетті бақытты етемін» деп барады. Сондықтан да кеткен қызға «барған жеріңде балдай батып, судай сіңіп кет» деп айтады. Қыз – өзі келін болып түскен әулеттің ұрпағын жалғастырушы. Демек баласы да сол әулеттің үлкендері жатқан бесікте жатып өсуі керек. Қазақта қызының артынан бесік әкелмеген. Бұл дәстүрдің қайдан шыққанын білмеймін осы. Бала деген өзінің әкесі немесе ағалары жатқан бесікте жатуы керек. Бұның да астарында үлкен мән жатыр. Осыны адамдар түсінсе екен, – деген Патыма әжені қазіргі бесікке салу тойының түрлі тойханаларда өтуі алаңдатады. «Бесік – ұлттың ұясы». Осы бір үш ауыз сөз қазақ халқы үшін киелі де қадірлі мүліктің бар құдіретін аңғартып-ақ тұр. «Талбесіктен жербесікке дейін» деген адам ғұмырының бар жолын баян етер анықтаманың да бесік сөзіне құрылуы бекер емес. Ұлтымыз баланың жылы ұясына, тұрмыстың ажырамас бөлшегіне айналған бесікті тәлім-тәрбиенің қайнар көзіне балаған. Сондықтан бесікті кім әкелсе де, бастысы киелі бұйымның қадірі түспесе екен.
Г.ЯХИЯ
21 қаңтар 2025 ж. 37 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№5 (9272)

21 қаңтар 2025 ж.

№4 (9271)

18 қаңтар 2025 ж.

№3 (9270)

14 қаңтар 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031