Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » КЕШЕ КОРОНАВИРУС, БҮГІН МЕТАПНЕВМОВИРУС. ҚАУІП ҚАЙДАН?

КЕШЕ КОРОНАВИРУС, БҮГІН МЕТАПНЕВМОВИРУС. ҚАУІП ҚАЙДАН?

Қазір әлеуметтік желілерде «Қытайда метапневмовирус деген ауру түрі таралып жатыр» деген ақпарат тарады. «Не шықса да Қытайдан шығады» дейтін қазақ карантин қайта келе ме деп алаңдаулы. Бізге белгілі мәліметтерге сүйенсек, метапневмовирус Қазақстанда отыз адамнан табылған. Алайда бұл енді пайда болған вирус емес. Метапневмовирус белгілері қандай? Оны жұқтырған адам қалай емделуі керек? Бұл вирус коронавирустан да қауіпті ме? Осы және өзге де сұрақтарға жауап іздеп көрдік.
БҰЛ ҚАНДАЙ ВИРУС?
Метапневмовирус – бұл тыныс алу жолдарының инфекциясын тудыратын вирустардың бірі. Ол адамға негізінен ауа-тамшысы, тыныс алу жолдары арқылы жұғады. Осы вирустың штамдары Қазақстанда ЖРВИ және тұмаудың маусымдық өсуі кезеңінде анықталған. Айта кетейік маусымдық вирус күз бен қыста өршиді.
Бұл жайында Денсаулық сақтау министрлігі мәлідеме жасады. «Қазақстанда 2024 жылдың 1 қазанынан бері 30 адамнан метапневмовирус анықталды» деп хабарлады министрлік. Ведомствоның айтуынша, бұл әлемнің көптеген елінде «ондаған жылдар бойы таралған классикалық вирустардың бірі». Жедел респираторлық вирустық инфекция (ОРВИ) мен тұмаудың маусымға сай өршіп жатқанын алға тартқан министрліктің мәліметінше, 1 қазаннан бастап елде 2 миллионнан астам адам жедел респираторлық вирустық инфекцияға шалдыққан.
ВИРУС ҚАШАН АНЫҚТАЛДЫ?
Метапневмовирус алғаш рет 2001 жылы Нидерландта науқастан анықталды. Дегенмен ол оған дейін де адамдарға жұққан. Мамандар метапневмовирус адамдар арасында кем дегенде 1950 жылдардың соңынан бастап таралған деген пікірде.
БЕЛГІЛЕРІ ҚАНДАЙ?
Метапневмовирустың негізгі белгілері – жөтел, мұрыннан су ағу, ентігу, тырысу, бас ауруы, тамақтың ауыруы, дене қызуының көтерілуімен сипатталады.
ҚАЛАЙ ЕМДЕЛУ ҚАЖЕТ?
Метапневмовирусты нақты емдеу хаттамасы жоқ. Вирустың өзімен емес симптомдарымен күресуге болады. Адамның халін жақсарту мақсатында симптоматикалық ем жасалады.
Аурудың жеңіл түрімен ауырған адам дәрігерге қаралмай-ақ жазылады, өйткені ауру өздігінен кетеді. Симптомдарды жеңілдету үшін үйде ем-шара жүргізуге болады. Алайда ауру асқынса, яғни ентігу, қатты жөтел немесе өкпенің сырылы пайда болса, дәрігерге жүгіну керек. Әлеуметтік желіде белсенді педиатр-дәрігер Әзиза Әбдірасілқызы:
– Елімізде метапневмовируспен 30 жағдай тіркелді деп жатыр. Тіркелмегені қаншама. Менің де қабылдауымда түспейтін дене қызуы, тамақтағы ауру сезімімен келген пациенттер болды. Қорқатын ештеңе жоқ. Ауру белгілері байқалса өзіңіздің жергілікті жердегі дәрігерге қаралып ем алыңыз, – дейді.
Метапневмовирустың вирус екенін атауының өзі айтып тұр. Олай болса кез келген вирусқа антибиотиктер әсер етпейді. Антибиотиктер бактериялық пневмония секілді тек бактериялық инфекция қосылған жағдайда ғана тағайындалуы мүмкін.
АУРУҒА ҚАРСЫ ВАКЦИНА БАР МА?
Бұл вирусқа қарсы нақты дәрі-дәрмек немесе вакцина әзірге жоқ. Десе де, 10 жастан аспаған балалардың бәрінде осы вирусқа қарсы иммунитет қалыптасады. Ағза әлсіресе, иммунитет төмендесе, вирустың жаңа штаммы шықса бұрын ауырған адам бұл вирусты қайта жұқтыруы мүмкін.
АУРУ АСҚЫНСА НЕ БОЛАДЫ?
Әсіресе кішкентай балалар, қарт адамдар немесе иммунитеті әлсіреген адамдар инфекцияны ауыр өткереді. Ауру асқынса бронхитке немесе пневмонияға әкелуі мүмкін.
Басқа респираторлық инфекциялар секілді метапневмовирус кішкентай балалардың, әсіресе бір жасқа толмаған балаларға қауіп төндіреді. Иммунитеті әлсіз, созылмалы аурулары бар науқастар, қарттар үшін де қауіпті.
АЛДЫН АЛУ ЖОЛДАРЫ ҚАНДАЙ?
Кез келген инфекциялық аурудың алдын алу жолдары – жеке гигиенаны сақтау, қолды жиі жуу, бетперде тағу, антисептик қолданып, бөлмені үнемі желдету, науқас адамдармен байланыс жасамау, иммунитетті нығайту: дұрыс тамақтану, қанық ұйқы, дәрумен ішу болып табылады.
Тағы да айта кетейік, метапневмовирус – бұл маусымдық респираторлық инфекция түрі. Ол коронавирус сияқты жаһандық қауіп төндірмейді. Қазақстанда метапневмовирус жұқтырғандар анықталғанымен, олардың саны көп емес. Сондықтан дабыра қағып, желідегі желікпе хабарға ерудің керегі шамалы. Бұл туралы Мемлекет басшысының өзі «Қазір бәрі жаңа инфекция туралы айтып жатыр. Меніңше, одан даңғаза жасаудың қажеті жоқ. Сондықтан Қытаймен ынтымақтастықты одан әрі дамытуымыз керек» деген пікір білдірді.

Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ
14 қаңтар 2025 ж. 48 0