ИІРІМІ КӨП ИРАН ӨНЕРІ
Қызылордадағы көркемсурет галереясында “Фирдоусидің Шахнамасы Тұрмағамбет Ізтілеуұлының туған жерінде” атты көрменің ашылу салтанаты өтті. Мәдени шараға облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов, Иран Ислам Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігінің кеңесшісі Масуд Шейх Зейнеддин қатысып, аталған көрме көршілес елдердің өзара мәдени-тарихи байланысының ілгерілеуіне септігін тигізетінін, тарихты еске алып, болашаққа байлам жасаудың тамаша көрінісі екенін атап өтті.
– Иран жайында айтар дүние көп. Жүз жиырма мың шумақтан тұратын әлемдегі ең көлемді дастан “Шахнаманы”, оны жырлаған Фирдоусиді кім білмейді? Иранның затынан бұрын атын айтсақ та, жақындығымыз бірден байқалады. Қазақта “арыс” деген сөз бар. Иран елінің аты дәл осы сөзден шыққан. Елдің қазіргі аты ежелдегі Аиранам, яғни “арийлер елі” деген сөзден. Парсы поэзиясының жарық жеті жұлдызы Фирдоуси, Рудаки, Омар Һәйям, Руми, Сағди, Хафиз, Жәми жайында да тарих беттерінен білеміз. Кемеңгер Гетеге бір досы: “Сіздің не арманыңыз бар екен. Әлемдегі ең жоғары дәрежеге жеткен ақын бір өзіңіз ғана болып тұрсыз ғой?” дегенде: “Жоқ, олай демеңіз, сонау Шығыстың атағы көкпен таласқан жеті ақыны тұрғанда бізге үлес қайда? Егер мені солармен салыстырса, олармен арамыз аспан мен жердей болар еді”, - деп ұлылық пен кішілікті қатар көрсеткенін еске салып өтейік. Атақты Фирдоуси жырлаған тамыры бір түркі мәдениетіне ортақ қазына – “Шахнама” дастаны – түркі халықтарының тарихын зерттеуде құнды әдеби еңбек. Осы ұлы шығарманы қазақ тілінде сөйлеткен атақты ақын Тұрмағамбет пен оған ұсыныс жасаған мемлекет және қоғам қайраткері, ұлт мәдениетінің жанашыры Темірбек Жүргеновтің Сыр перзенттері екені бізге мақтаныш, – деді Р.Рүстемов.
Иран Ислам Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігінің кеңесшісі Масуд Шейх Зейнеддин де Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бергі екі ел арасында орнатылған рухани-мәдени байланыстарды оң бағалап, бүгінгі көрмені екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынасты кеңейту бағытындағы шара ретінде атады.
– Бір халықтың мәдениеті оның әдебиетіне қарыздар. Ол әдебиет жазбаша болса, оның әсері мәңгілік болады. Фирдоуси мың жыл бұрын жазған үздік шығармасы арқылы парсы тілі мен ирандықтардың даналығын келесі ұрпаққа жеткізіп, мәңгілікке қалдырды. Фирдоуси мен Тұрмағамбет, Абай сынды ұлылар шығармаларында адамгершілікті ту етіп көтергендіктен, олардың мұралары бір халықпен шектелмейді, – деді ол.
Көрмеге “Шахнама” шығармасының қазақша нұсқасы, шығарма мазмұнын сипаттайтын 30-ға жуық картина мен Иранның декоративті-қолданбалы қолөнер туындылары қойылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, көрме жұмысы 6 маусымға дейін жалғасады.
Қызылорда Облысы Мәдениет Басқармасының ФБ парақшасынан.