Ақтаудағы ұшақ апаты: Әзербайжан қазақстандық құтқарушыларды марапаттады
Әзербайжан билігі Ақтауда AZAL ұшағының апатқа ұшырауы кезінде құтқару операциясына қатысқан қазақстандықтарды марапаттады, деп хабарлады turkystan.kz сайты azertag.az сайтына сілтеме жасай отырып хабарлайды.
«Әзербайжанның төтенше жағдайлар министрі генерал-полковник Кямаледдин Гейдаров Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің 2024 жылғы 25 желтоқсанда Ақтау халықаралық әуежайы маңында «Азербайджан Хава Йоллары» ұшағы апатқа ұшырауына байланысты құтқару операциясына қатысқан бір топ қызметкерін марапаттады», - деп жазды басылым.
Сайтта «Әріптестігі үшін» төсбелгісін алған қазақстандық құтқарушылар тізімі жарияланды. Олар:
Азамат Сейталин;
Тимур Аминов;
Қани Айдаров;
Саясат Қараев;
Мәжит Кенжеғалиев;
Азымбек Құлханов;
Ербол Күзембаев;
Наурызбек Меңдібаев;
Ардақ Нұғыманов;
Айман Тілеубергенова.
Еске салайық, 25 желтоқсанда Ақтау маңында Баку-Грозный бағыты бойынша ұшқан AZAL жолаушылар ұшағы апатқа ұшырады. Ұшақ бортында 67 адам болған, оның ішінде бес экипаж мүшесі. Апат салдарынан 38 жолаушы қайтыс болды, 29 адам аман қалды. 30 желтоқсанда Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы (IATA) бұл оқиғаны мұқият және әділ тергеуге шақырды.