ЕГЕМЕНДІК – ЕЛ ТІРЕГІ
Ата-бабамызға ғасырлар бойы арман болған азаттықтың таңы 1991 жылдың 16 желтоқсанында атқан еді. Содан бері құмға сіңген судай, соққан желдей 33 жыл зырғып өте шықты.
«Елімізде, ең алдымен, адамның құқығын толығымен сақтауға негізделген заң мен тәртіп болуы керек. Анархия мен жүгенсіздік жақсылыққа апармайтыны анық», деген Қасым-Жомарт Тоқаевтың көшбасшылығымен бүгінде Қазақстанның саяси жүйесі заман талабына сай дамып келеді.
«Елімізде, ең алдымен, адамның құқығын толығымен сақтауға негізделген заң мен тәртіп болуы керек. Анархия мен жүгенсіздік жақсылыққа апармайтыны анық», деген Қасым-Жомарт Тоқаевтың көшбасшылығымен бүгінде Қазақстанның саяси жүйесі заман талабына сай дамып келеді.
Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» тұжырымдамалары қазақстандықтардың ел өміріне белсенді араласуына, мемлекет басшылығының шешімдеріне ашық пікір айтуларына мүмкіндік тудырып отыр. Бұл келелі шаралар елімізді демократияландыруға, саяси жүйені жаңғыртуға бағытталған сындарлы саясаттың жемісі екені анық.
Жаңа технологиялардың қарыштап дамуына байланысты жаңа өзгерістер үлкен жылдамдықпен орын алып отырғанына бүгінде баршамыз куә болып отырмыз. Десек те елдегі саяси реформа бір күнде жасалатын шаруа емес. Ел Президенті жарқын болашаққа белгілеген межелерді ел іргесін шайқалтпай, түрлі арандатуларға жол бермей, байыппен, жауапкершілікпен көп болып іске асыруымыз керек. Себебі таразы басында қасиетті тәуелсіздігіміз, халқымыздың бірлік-берекесі тұр.
Тәуелсіздік – ата-бабаларымыздың ұзақ күткен асыл арманы. Сол арманға қажырлы еңбек пен рухты ерліктер арқасында жеттік. Биылғы жылы Тәуелсіздігіміздің 33 жылдығын атап өткелі отырған Қазақ елі бұл күні әлем таныған белді елге айналды. Тәуелсіздіктің туын қолда берік ұстау – әрбір қазақтың, Қазақстанды өз Отаным деп санайтын әр адамның ең басты борышы, ең биік мақсаты болуы қажет.
Фариза КЕНЖЕШОВА