ТАБАҚ ТАРТУ – ТАМАША РӘСІМ
Қазақ дәстүрінің ішінде әлі күнге дейін мән-маңызын бұзбай келе жатқан салттың бірі – табақ тарту рәсімі. Той-томалақ, өлім-жітім болсын келген қонағына сыйлы асы – етті кәделеп ұсынған. Тартылған табақтың орны ауысып кетсе немесе кәде дұрыс салынбаса, қонаққа жоғары дәрежеде сый-құрмет көрсетілмеді деп саналған.
Етті ағаш табаққа салған
–Қазақ етті ағаш табаққа салған. Оны шара деп атаған. Ал бүтіндей бір қойдың етін астауға салған. Табаққа тек еттің өзі ғана салынады. Етке қамыр салу – 20 ғасырда пайда болған дәстүр. Кейін еттің жанына картоп, үстіне тұздық құйып жасайтын болды. Ал қазір ағаш астау қайта сәнге айнала бастады.
– Шіркін, бала күнімізде жеңгелеріміз қара қазан қасында иіліп ет асатын. Буы бұрқырап, оттан жаңа түскен етті табақ-табаққа бөліп алдымызға әкеледі. Ұзын көйлек пен кеудешесін киіп, басына орамалын таққан жеңешемнің сол бейнесін кейін келін болғанда өзім де қайталадым. Ауыл үлкендері бас қоса қалса, садақа-тойларда білгендерін жастарға үйретеді. Сондықтан, табақ тарту рәсімін білмейтін келін болмайтын. Қазақтың өзіне ғана тән ерекшеліктерінің бірі болған соң, бұл мәселеге бейжай қарауға болмайды, — дейді қария Шырынхан Рахымқызы.
Кәделенген табақтарды ер адамдар таратқан
Бұрындары етті қонақ өз қалтасына салып жүрген бәкісімен тураған. Еркек пен әйел араласып отырмаған. Тек қымыз, шай құятын кезде ғана дастарханның аяқ жағына тізе бүккен. Ас соңында сол табақтан тамақ ішкен адамға сәлем еткен. Мұны табақ алу рәсімі деп атайды. Себебі келіндер қонақтармен дастархан басында бірге отырмағандықтан, келген қонаққа өзінің қолынан дайындалған астан ауыз тигеніне рахмет айту үшін сәлем салатын болған. Сонымен қатар келіндер қонақтардан ешқашан тамақ дәмді болды ма деп сұрамаған.
Сүйегінен өрнек жасаған
Қазақ ешқашан ысырапшылдыққа жол бермеген. Жалпы табақ тарту – көшпелі халықтарға ғана тән дәстүр. Күн көрісі төрт түлік малмен байланысты болғандықтан, малдың маңызды жілігін қонағына ұсынған. Ал қалған сүйегінен қайнатып, сабын жасаған. Бірнеше рет қайнатып, майын шығарып, жылтыраған кезде домбыра, қобызды өрнектеуге жас қойдың сүйегін пайдаланған.
Үлкен малдың қабырғасымен, жауырынымен ағаш төсекті, сандықты әсемдеген. Ал бас сүйекті итке тастамаған. Қора-қопсының, жаздық сарайдың төбесіне тастайды немесе ит-құс жете бермейтін биік ағашқа іліп қояды.
Бас тартудың сыры неде?
Этнографиялық деректер бойынша, құда-құдағилар бір-біріне қарым-қатынасымыз үзілмесін, «басымыз» тек жақсылыққа қосылсын деген ниетпен ұсынатын болған. Бас тарту дәстүрі кейбір деректерде Тәуке ханның тұсында пайда болған деседі.
Әдетте, кәделі жіліктермен бірге сыйлы қонақтарға малдың басын, қой немесе ешкінің шекесін, қазы-қартаны, жал-жаяны табаққа бірге салып береді. Жылқының басын бөліп асады, ал сиырдың басын көз қуысына таяу кеңсіріктен бір шауып, маңдайынан қақ жарып, үшке бөліп асады. Сондықтан әр шекесі бір бастың орнына жүреді.
Сыйлы қонаққа жылқының шекесін тартпайды, ол тек етпен бірге беріледі. Әдетте бізде басты тартар алдында маңдайын айқастыра тіліп қояды. Ол дегені бастың жолын ашу деп біледі.
Әкесі бар адамдар басты мүжімейді деген ырым бар. Ол қонақ келгенде сыйлы кәдеге баласы жармаспасын дегеннен шыққан дейді салт-дәстүрді дәріптеушілер.
Тіс қағудың да мәні бар
Қонаққа тартылатын бастың тісін қақпау біріншіден, тазалыққа жатпайды. Екіншіден, ішкі реніші бар адамдар бастың тісін қақпай әкелетін болған. Бұл жөнінде халық арасында кең танылған мынадай әңгіме бар.
Ауылдың сыйлы адамына іштей ренжіп жүрген бір кісі оған қалай айтарын білмей жүреді. Бір күні ауылдың үлкендерін жинап, қой сойып, қонаққа шақырады. Қонақтардың ішіндегі ең үлкені өзі іштей ренжісе де, батып айта алмай жүрген кісі болғандықтан, басты соған тартады. Бірақ бастың тісін қақпай алып келеді.
Қолына басты ұстаған кісі өте ақылды адам болса керек, жасалған дәстүрдегі ерекшелікті байқап, үй иесінің не айтқысы келгенін жазбай таниды. Қолына ұстаған бастың тісін көріп, маған айта алмай жүрген өкпе-реніші бар екен ғой деп үй иесімен сөйлесіп, ренішін сұрап білген. Егер реніші орынды болса, кешірім сұраған. Ал орынсыз болса, керісінше, айыбын мойындаған үй иесі ат-шапанын кигізген.
Құлақ ұсыну. Ұсақ малдың құлағын балаларға ғана ұсынады. Сондағысы «сақ құлақ, алғыр болсын» дегені. Бір бастың екі құлағын бір балаға бермейді. Міндетті түрде екі балаға беруі керек. Ал, ірі қара малдың құлағы берілмейді.
Көз ұсыну. Бас мүжіп отырған адам малдың көзін біреуге ұсынар болса, жұп көзді бір адамға қатар береді. Яғни, бір бастағы екі көз екі адамға берілмейді. Сондай-ақ құрмет бойынша, көз қос қолмен ұсынылады.
Тіл ұсыну – ас ұсыну жолындағы тамаша кәденің бірі. Малдың тіл-жағын баспен бірге қонаққа тартпайды. Оны көбінесе келінге береді. Кейде үйде келген ақын-шешендер де тіл мен жақты алдыртып, арнайы біреуге ұсынып «менің жолымды берсін» дегендей тілек айтады.
Таңдай ұсыну – басты кесіп отырған адам, таңдайды оң алақанына сарт еткізіп ұрып, үйдің кенже қызына немесе маңайда отырған әншіге ұсынады. Таңдайды ұсынғанда үстіндегі қатты қыртысты қабығын алып тастап, жұмсақ үлпершек жұқа бөлігін ғана береді.
Г.СӘБИТҚЫЗЫ