Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » АЯЗ ЕМЕС, ТҮТІН ҚАУІПТІ

АЯЗ ЕМЕС, ТҮТІН ҚАУІПТІ

Өрт – төтеннен келетін тілсіз жау. Қай кезде де бұл құбылысқа бейқам қарауға болмайды. Қамсыздықтың салдарынан елімізде орны толмас қайғылы оқиғалар күн сайын орын алып жатады. Өткен жылы қас-қағым сәтте қалың орманның өзін күлге айналдырып жіберуге бар өрттің «құдіретін» көрдік. Ал жылу маусымы басталғаннан «газдан иіс тиіп қайтыс болыпты», «бүтін бір отбасы газдан уланыпты» деген сипатта ақпараттар бірінен соң бірі лезде тарайды. Тіпті кейде апта ішінде 2-3 суыт хабар жетеді. Қаралы оқиға бала тәрбиелеп отырған әрбір отбасының қабырғасына бататыны анық. Мамандар мұндай жайсыз жағдайдың алдын алу үшін жылыту маусымына ерте бастан қамданып, қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға кеңес береді.
Күн райына байланысты биыл жылыту маусымы кейбір өңірлерде мезгілінен ерте басталды. Тұрғындар жылдағыдай газды еш қиындықсыз қосты. Үйдің жылуын емін-еркін бақылап отыр. Табиғи «көгілдір отын» тұтынушыға тиімді, жайлы болғанымен, кейде қарапайым қауіпсіздік шараларын ескермейтіндер табылады. Табиғи газ – метан. Иіссіз әрі түссіз. Қаупі де осыда. Сондықтан үйіне «көгілдір отын» кіргізген әр отбасы газ мамандарының кеңесін мұқият орындағаны абзал. Қалай дегенде де, әркім өзінің үйіне, отбасының амандығына өзі жауапты.

ГАЗ ҚАУІПІ АЗ ҚАУІП ЕМЕС
Елдің барлық аймағында тұтынушыға газ жеткізетін «QazaqGaz Aimaq» акционерлік қоғамының мамандары тұрғындар арасында тұрмыстық газды қауіпсіз пайдалану жөнінде түсіндірме жұмысын жүргізеді. Одан бөлек күн сайын телефонымызға 112 желісінен «көгілдір отынды» пайдаланғанда қауіпсіздікті сақтау жөнінде ескертпе хабарлама түседі. Статистикалық деректерге зер салсақ, сол түсіндірме жұмысы аздық етіп жатыр ма деген ойға қаласың. Мысалы, 2022 жылдан бері ел көлемінде 65 рет газ жарылу дерегі тіркеліпті. Газдан улану оқиғасы осы мерзімде 232-ге жеткен. Ал зардап шеккендердің саны 634 болса, 233 адам қаза тапқан. Арыға бармай-ақ қоялық, жуықта болған бірнеше жайтты мысал етейік. Жақында облыс орталығында зақымданған мұржа салдарынан үш адам газдан уланып қайтыс болды. Арал қаласында газ жарылып, екі адам зардап шеккен. Сондағысы үй иесі газ қосатын орынды рұқсат қағазы былай тұрсын, біліктілігі жоқ маманға жасатыпты, яғни монтаж жұмыстары кезінде қауіпсіздік шараларын сақтамаудың соңы жарылыспен аяқталып отыр. Өкінішке қарай, сақтық шараларына селқос қараудың салдарынан туған осындай оқыс оқиғалар көп. Мұндай жайттар газ жабдығын тұрақты тексеріп отырудың маңызын ұқтырады. Орны толмас өкінішке апаратын оқиғалардың алдын алу үшін қыста мұржаны білікті маманға бір тексертіп алу артық етпейді. Техникалық қызмет көрсету мен қауіпсіздік ережелерін әр тұтынушы қатаң сақтаса, қаперден шығармаса, оқыс оқиғалар да тыйылар ма еді, кім білсін.
ҚҰРЫЛҒЫ ОРНАТУ – АЛДЫН АЛУ
Газға жауапты мамандар тұрғындарды мұржаларды үнемі тазалап, тексеруге, қауіпсіздікке салғырт қарамауға шақырады. Мұржаның бүтіндігін, бітелмеуін қадағалап, түтін тартатын құрылғыны үнемі тексеріп отыруды ескертеді. Әсіресе жаздыгүні мұржаға құстар ұя салып тастауы мүмкін. Ал қыс мезгілінде мұржаға мұз қатып жатады. Сондықтан газ жабдығын пайдаланар кезде газды автоматты түрде өшіретін дабыл орнату еш артық етпейді. Сосын тұтынушылар газды қосарда, жалғайтын кезде немесе орнын ауыстырарда білікті маманның көмегіне жүгінгені абзал. Өйткені күмәнді немесе қолдан жасалған газ қондырғыларының бағасы тиімді болғанымен, сапасына ешкім кепілдік бере алмайды. – Негізінде, әрбір адам өз үйіндегі газ пешіне өзі жауапты ғой. Өзі мен жақындарының өмірін ойлап, газ құбырларын арнайы тексертіп алған абзал. Мәселен, біз үйге газ кіргізерде «көгілдір отын» таратуға жауапты мекемеден маман шақырып, газды қалай қолдану керек екенін жан-жақты түсініп алдық. Егер қандай да бір ақау немесе газ иісі шығатын болса, «104» нөміріне хабарласыңдар деп кеңес те берді. Сондықтан ойлаймын, сақтық пен қауіпсіздік ең бірінші адамның өзінен басталуы керек, – дейді Сәрсенкүл есімді тұрғын. Қайбір жылдары аудан әкімдігі әлеуметтік тұрмысы төмен отбасыларға улы газ сезбегін (датчик) орнатып берді. Аталған сезбектің ерекшелігі – егер газ құбырынан ақау шығып, улы газ бөлмеден таралатын болса дереу дабыл белгісі қосылады. Құлақ тұндыратын бұл дыбыс ұйқыда жатқан адамды оятып қана қоймай, үні жақын үйдегі көршісіне дейін естіледі екен. Жылыту маусымы басталса, осыдан 6 жыл бұрын Астанада өрттен қайтқан бес баланың өлімі есімізге түсетіні рас. Уақытында қоғамдық пікір тудырып, олардың әлеуметтік жағдайына қынжылыс білдірген көпшіліктің наразылығы әлі де есімізде. Әйтсе де, мамандар, өрт қауіпсіздігі әркімнің жеке жауапкершілігі екенін айтады. Өйткені, «тілсіз жау» күй таңдамайды. Төтеншеліктер өртке оранған зәулім сарайларды да талай сөндірген. Ал қанша қайғысы зіл батпан болса да, қыршынынан үзілген періште ғұмырлардың өкініші бізге сабақ болуы тиіс.
ЗАҢ НЕ ДЕЙДІ?
Заңға үңілсек, «Газ және газбен жабдықтау туралы» заңы, 19 бабының 1 тармағына сәйкес, үйіне газ кіргізген тұрғындар оның техникалық жай-күйін және қауіпсіздігін қамтамасыз етуі тиіс. Ал 28 баптың 7-тармағында көпқабатты тұрғын үйлерде газ балондарын сақтауға, пайдалануға қатаң тиым салынады. Яғни заң бұзылса, айппұл арқалайды. Алайда мамандар қайғыдан қабырғасы қайысып отырғанда айыппұл туралы ескертудің өзі ауыр, сондықтан жұрт оның алдын алуға басымдық берсе деп отыр.
АПАТ АЙТЫП КЕЛМЕЙДІ
Газ ғана емес, төтеннен келетін тілсіз жау саналатын өрттің де қармағына кез келген сәтте түсуіміз мүмкін. Өткен жылы қас-қағым сәтте қалың орманның өзін күлге айналдырып жіберуге бар өрттің «құдіретін» көрдік. Ал жақында ғана Астанада 17 қараша күні таңертең жеке тұрғын үйден өрт шығып, шатыры құлаған. ТЖД қызметкерлеріне хабарлама түскеннен кейін 6 минуттан кейін оқиға орнына келген құтқарушылар өртті толығымен сөндіргенімен балаларды құтқарып қала алмады. Тура сол күні тілсіз жау шиеліліктерді де әбігерге салды. Түс ауа базар маңындағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірінен өрт шыға бастайды. Әп-сәтте бір пәтер толығымен отқа оранып, көршілес үш үйге залал келген. Абырой болғанда адам аман. Төтеншеліктер дер кезінде көмекке келіп, алапат өртті ауыздықтады. Әйтпегенде іргесіндегі базарға қауіп төнген еді. – Шиелі аудандық №13 өрт сөндіру бөлімінің байланыс бекетіне 2024 жылғы 17 қарашада 14 сағат 27 минутта Шиелі кенті, Ы.Жақаев көшесі №5 мекен жайда үй жануда деп хабарлама түсті. Оқиға орнына 4 бірлік өрт сөндіру автокөлігі мен 18 қызметкер жұмылдырылды. Анықталғаны – Жақаев көшесі №3 мекенжайда орналасқан көппәтерлі тұрғын үйдің жанында 10х4 метр болатын қоқыстар жанып, салдарынан Жақаев көшесі 3 үй №7 пәтер толығымен, №6 пәтердің асхана бөлмесі толығымен зақымдалды, сондай-ақ №8 пәтердің 1 терезесі және азық-түлік қоймасы ретінде пайдаланылғын №3 пәтердің 2 терезесі зақымдалған. Сондай-ақ тұрғын үйдің 8х1 метр болатын шатыр ағаштары зақымдалды. Өрт сағат 15:05-те толықтай сөндірілді. Өрттің шығу себебі – болжаммен үйдің жанына жиналған қоқыстар жанып, тұрғын үйге тараған. Қазіргі уақытта өрттің нақты шығу себебі анықталуда, – дейді Шиелі аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы Бағлан Әбсаттаров. Қазақ атамыз от пен суды – тілсіз жау деп атаған. Онсыз тіршіліктің тоқтайтынын, жер бетінде адамзат үшін өмір өшетінін білмегендіктен емес, дұрыс пайдалана алмасаң салдарының сұмдық апаттар мен орны толмас қасіретке әкелетінін айтып, алдын алып сақтану қажеттігін ескерткен. Бұл тілсіз жаулардың қатарына қазір газ да қосылды. Таяқтың екі ұшы сияқты әр нәрсенің пайдалы жақтарымен бірге зиянды тұстары болатыны белгілі. Өкінішке орай, біз соны үнемі ескере бермейміз, бірақ қай кезде де бейқам қарауға болмайды. Айтып келмейтін апаттардан алдын ала сақтану, оған тас түйін дайын болу – күн тәртібіндегі маңызды мәселе болып қала бермек.
Гүлхан ЯХИЯ
25 қараша 2024 ж. 39 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930