МАҚСАТ АЙҚЫН, МЕЖЕ БЕЛГІЛІ
Халықтың әлеуметтік-экономикалық ахуалын таразыға тартып, алдағы міндеттер мен межелер айқындала түсетін Президент Жолдауы жыл сайын қыркүйектің алғашқы күнінде жария етілуі игі дәстүрге айналған. Осы жылы да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауы жұртшылыққа жол тартты. Бұл саяси құжатта еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына байланысты мардымды әрі маңызды мәселелер қамтылған, яғни жаңа Жолдау көтерген жүк жеңіл емес.
Президент 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялай келе: «Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз. Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз» деп атап өтті. Бұл – экономиканың өсімін қамтамасыз ету және инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін жасалған маңызды қадам.
АЛТЫН ОРАҚ ТҮСКЕН СӘТ
Ертеден егінімен елге танылған Шиелі жері – Қазақстандағы нағыз астықты аудан. Қазір дала төсін емген шиелілік диқандар қызу тіршілік үстінде. Олардың бұл тынымсыз қарекеті «Көктемнің бір күні жылға азық» тәмсілімен астасып, күзгі науқандық қарбаласпен жалғасып жатыр.
Шаруаның жайы егінге орақ түскенде білінеді. Биылғы міндет – былтырғыдан да мол өнім алу. Әйтсе де, жаздың аптап ыстығы мен жаңбырдың аздығы диқандарды біраз әуре-сарсаңға салғаны бар. Дей тұрғанмен, дала еңбеккерлері өлшеп берген суды тиімді пайдаланып, ала жаздай атыз жағалап, тынымсыз тіршілік қылды. Сондай-ақ әртараптандыру бағытындағы суды аз қажет ететін мал азығы, көкөніс, бақша дақылдарының көлемін арттыруға да күш салды. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде диқан қауымы егілген күріш алқаптарын судан қалдырмай, агротехникалық талаптарға сай күтіп-баптап өсірді. Айта кетейік, ауданда биыл барлығы 31,7 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Оның ішінде негізгі дақыл – күріш 13 098 гектарды құрайды.
Сонымен, өткен сенбіде игі дәстүр бойынша ауданда егінге алғашқы орақ түсті. Берекелі іс әйгілі «Әшірбеков» шаруа қожалығынан бастау алып, егістік басында салтанатты шара өтті. Оған аудандық мәслихат төрағасы Айтбай Жандарбеков, аудан әкімінің орынбасары Бағлан Сағындықов, тиісті бөлім басшылары, ауыл әкімдері мен шаруашылық төрағалары қатысты. Мерекелік іс-шараның шымылдығын аудан әкімінің орынбасары Бағлан Сағындықов:
– Сырдың басты дақылы, ел ырысы – ақ маржанымыз күрішке орақ түскелі тұр. Бұл дегеніміз – ерте көктемнен бастап, ала таңнан күн батқанға дейін тынымсыз әрі адал еңбектің, татқан бейнет пен теккен төрдің нәтижесі. Біздің алдағы басты міндет – егілген өнімді дер кезінде төкпей-шашпай, жауын-шашынға қалдырмай жинап алу. Биыл аудан бойынша 31 501 гектарға егін орналастырылды. Оның ішінде күздік бидай – 908, жаздық бидай – 577, тары – 264, дән жүгері – 800, мақсары – 910, күнбағыс – 60, соя – 46, арпа 90 гектарды құрайды. Ал жаңа жоңышқа – 2208, ескі жоңышқа – 7177, мал жемдік асқабақ – 187, жемдік жүгері 90 гектарға, сондай-ақ картоп – 996, көкөніс – 1831, бақша дақылдары 2439 гектарға егілді, – деп түрді.
Одан кейін «Ақмая» шаруа қожалығының төрағасы, депутат Дәулет Жұмбеков, «Төңкеріс и К» шаруа қожалығының директоры Бауыржан Көпеев ұлу жылы жемісті болып, елдің ризығы мол болуына тілектестіктерін білдірді. «Алтын орақ – 2024» шарасында дәстүрден жаңылмай алғашқы орақтың желегін аудандық ауыл шаруашылығы саласының ардагері Т.Бабасов қиса, Еңбекші ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Бекходжаевтың ақ батасымен күрішке алтын орақ түсті.
Дала қосында, көк майса жоңышқалық алқапта ақшаңқан қазақы үй тігіліп, аудандық мәдениет бөлімінің өнерпаздары ән мен күйден шашу шашып, диқан қауымына қуаныш сыйлады. Күз – нағыз береке мен молшылықтың нышаны.
Мұны сала мамандары креативті түрде жеткізуге барын салыпты. Жергілікті жерде өсетін бау-бақша өнімдерінен тау тұрғызыпты. Дәмі тіл үйіретін қауын-қарбыз алыстан менмұндалап, өткен-кеткеннің көзін арбап, хош иісі мұрын жарады. Ал қаз-қатар тізілген техникалармен мұның бәрі астасып, нағыз ауыл көркін көз алдыңа тосатындай көрініс ұйымдастырылған.
Жалпы биыл Сыр диқандары үшін оңтайлы жыл. Себебі тіршілік нәрінен тарықпай, жанаржағармайдан тапшылық көре қоймады. Минералды тыңайтқыштан да мәселе жоқ. Ең маңыздысы осы жылдан бастап елімізде көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына 5 пайызбен жеңілдетілген несие беріле бастады. Дәл осындай игі бастама келер жылы да өз жалғасын таппақ. Айта кету керек, Сыр диқандары суды үнемдеу мақсатында соңғы 10 жыл көлемінде күріш егістігінің 55 мың гектарын лазерлік әдіспен тегістеді. Алдағы 5 жылда бұл 72 мың гектарға дейін артады. Ал су үнемдеу технологиясы арқылы 24 мың гектар егіс егу межеленуде. Сайып келгенде мұның бәрі өнімнің еселеп артуына әжептеуір септігін тигізбек.
МЕН ОСЫ ТОПЫРАҚҚА ҚАРЫЗДАРМЫН
Жоғарыда да айта кеттік, Шиелінің астықты өңір екенін. Сырдың алтын қамбасына айналған мекенде егістік шаруашылығымен айналысатындар көп. Солардың арасында «АтымтайЖомарттығымен» аты шыққан ірі шаруашылық иелері елге, ауылға демеу болуда. Осы секілді биыл алғаш орақ түскен «Әшірбеков» шаруа қожалығының, оның төрағасы Әшірбеков Бағлан Әмреұлының мұқым елге шарапаты тиіп отырғанын да айта кеткен жөн. Әңгімені әріден бастасақ. Бүгін біз сөз еткелі отырған азамат аудандағы белгілі агрономның бірі, «Әшірбеков» шаруа қожалығының төрағасы – Бағлан Әшірбеков. Ол қандай іске болсын мығым, өз мүддесінен халықтың мүддесін жоғары қоятын, өзгені құрметтеп, сол арқылы өзін де сыйлата білетін жан. Шағын ғана ауылдың үлкен жүректі жанашыры 1956 жылы 10 қыркүйекте Қызылорда облысы, Шиелі ¬ауданы, Еңбекші ауылында дүниеге келген. 1984 жылы «Алматы ауыл шаруашылығы институтын «Агроном» мамандығы бойынша бітіріп шығып, алғашқы еңбек жолын 1976-1985 жылдар аралығында Коммунизм колхозында күріш звеноводы болып бастаған. Мұнан соң 1985- 1987 жылдар аралығында партия нұсқаушысы, 1987-1996 жылдары осы Коммунизм колхозында бас агроном қызметін атқарады. Оның ұйымдастырушылық қабілеті мен қарымы, ой-өрісі мен іскерлігі, еңбекқорлығы мен талант-талабы қашаннан жоғары бағаланды. Қай істі болсын «ұршықша үйіріп» әкететін тындырымдылығы, тиянақтылығы мен ұқыптылығы өз алдына, жаңа заманға бейімделгіштігі мен ізденгіштігі де оның ел ортасындағы қадірін еселей түсердей. Сөйтіп 1978 жылғы жастар мен студенттердің Гаванада өткен 11-ші фестивалінің делегаты болды. Осы фестивальдің ашылуында Қазақстанның туын көтеріп қайтты. Бұл да бір үлкен мәртебе. Бүгінде осы мәліметті дәлелдейтін құжаттар Қызылорда облысы орталық мұражайында және Н.Бекежанов атындағы мұражайда осы сақталуда.
Кейіпкерімізбен дала қосында еркін тілдесу барысында оның даңқты диқан, дала академигі Ыбырай Жақаев атамыздың күріш егу науқанында, жиналыста, ақыл-кеңестерін естіп, еңбек ерінің жолын жалғап келе жатқандығын білдік. Бағлан Әмреұлы диқаншылықты кешебүгін бастағандардың қатарынан емес. Ол 1978- 1979 жылдары еңбек анасы, Шиелінің «Құрметті азаматы» болған, даңқты диқан Шырынкүл Қазанбаеваның жанында жүріп, бірге күріш еккенінен хабардар болдық.
Айта кетейік, Бағлан Әмреұлы өз кәсібін 1997 жылы «Әшірбеков» шаруа қожалығын құрып, азын-аулақ жерге жоңышқа егіп, қарауындағы малдың азығын дайындаудан бастайды. Араға жылдар салып, қожалықты кеңейтеді. Биыл 850 гектар жерге күріш егіп отыр. Жыл сайын сыр салысын өсіруде тәжірибе жинап, егіс көлемін де арттырады.
Расында, «Жер-Ана мәпелесең – жомарт» дегендей, ерте көктемнен басталатын тірлік қара күзге дейін жалғасады. Шаруа қожалығының жұмысына Бағлан Әмреұлы өзі бас-көз болып, қарамағындағы 70 адамға тұрақты жұмыс беріп отыр. Диқандыққа бет бұрған қожалықтың жұмысшылары түрлі ауыл шаруашылығы техникаларын тізгіндеп, тұрақты түрде жұмыспен қамтылған.
– Алдағы уақытта бос жерлерді игеріп, жаңа технологияны пайдалана отырып, сүт өнімдерін шығару ойда бар. Сонымен қатар мал азығы жеммен айналыссақ деп отырмыз. Күріш пен бидайдан қалған қалдықтарды қайта өндіріп, мал азығы ретінде пайдалану алдағы жоспардың еншісінде, – дейді Б.Әшірбеков.
Шаруашылық 2018 жылы жалпы құны 250 млн теңге болатын күріш ақтау цехын іске қосқан. Цех тәулігіне 60 тонна күріш өңдейді. Б.Әшірбековтің күріш егудегі тәжірибесі жыл сайын мол өнім алуға мүмкіндік беруде. Соңғы бір-екі жылда шаруақожалықтың барлық техникасы жаңарып, 2 дана күріш бастыратын «ДжонДир» комбайыны, 2 дана күріш оратын «МакДон», 4 дана «Зумлион» тракторлары сатып алынған.
– Біздің жұмыста таңмен таласа тұрып еңбек етуің шарт. Қазір жұмыстың қызған шағы. Әрбір істің берекелі болуы – еткен еңбекке, төккен терге байланысты. Менің өмірлік ұстанымым – қай салада еңбең етсең де, өз ісіңнің маманы болу маңызды. Өз қызметкерлерімнен де осыны талап етемін. Одан бөлек біздің шаруа қожалықтың басым бөлігі – жастар жұмыс істейді. Жыл сайын жастарды жұмысқа тартып отырмын, – дейді төраға.
Шаруа қожалық егінмен қатар төрт түліктің де күтімін, бабын тауып, отарлап қой, үйірлеп жылқы, табындап сиыр, келелеп түйе ұстайды. Малшылардың да әлеуметтік жағдайын бек жасап қойған.
2012 жылдан бері аудандық мәслихаттың депутаты болып сайланған. «Еңбегімен ер сыйлы, өнбегімен жер сыйлы» дегендей, ауыл азаматын тұрғындар қайырымды жан деп біледі. Бағлан Әміреұлы 2012 жылы Еңбекші ауылындағы «Баба ата» мешітінің салынуына атсалысқан. Одан бөлек аудандағы аз қамтамасыз етілген отбасыларға және еңбек ардагерлеріне ¬Наурыз мерекесі мен Қарттар күнінде азық-түлік пен күріш тарту етеді. Азаматтың мәрттігі оның үнемі қайырымдылық шаралардың басықасынан табылуымен қуантады. Сондай-ақ тұрмысы төмен, үйі жоқ 12 отбасыға 12 баспана тұрғызып берген. Жас спортшыларға қолынан келгенше қолдау білдіріп келеді. Бүгінде Н.Бекежанов ауылына спорт комплекс пен амбулатория салып беріп, ел игілігіне пайдалануда. Бір сөзбен айтқанда, қандай да бір шаруаға қолдау қажет болса, Бағлан Әшірбеков жолынан жығылған емес. Өзінің ізін басып келе жатқан жастарға, кәсіппен, шаруашылық пен шұғылданамын деген талапты жастарға қолдаукөмегін аяған емес. Сол үшін де ауыл жұрты, көпшілік қауым оны құрмет тұтады.
– Дәулетім асып-тасығаннан емес, мен – осы топыраққа қарыздармын. Бұл менің азаматтық борышымның өтеуі, – дейді жомарт жүректің иесі.
Оның еңбек жолында жеткен жетістіктері ел ішінде еленуде. 2016 жылы Қазақстан ¬Республикасы Президентінің Жарлығымен күріш өсірудегі жетістіктері үшін «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Ол «Бүкіл Одақтық Ленин Комсомол» сыйлығының лауреаты, бірнеше конференцияға съезд делегаты болған. Жүрегі елім деп соққан азамат «Құрмет белгісі» орденінің иегері, «Тәуелсіздіктің 10 жылдығы» төсбелгісі кеудесінде жарқырайды. Ауыл шаруашылығы министрінің «Құрмет» грамотасын алғанымен халықтың ризашылығын бәрінен қымбат көреді. 2011 жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаевтың 120 жылдық мерейтойына орай дала академигі атындағы мұражайдың жаңғыруына үлкен демеушілік жасағаны үшін аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталған. Әр жыл сайын айналасындағы жандарға көмек қолын созып, қайырымдылық шараларына белсенді қатысады. Сөз соңын абыз ақын Марфуға Айтқожинаша:
Сен де бір кең даланың қыранысың,
Ұшары көк, қонатын тұрағы шың.
Қасиетті Қаратау қойнында өсіп,
Кеудеде толқындатқан Сыр ағысын.
Сен де бір қазағымның мақтанышы,
Жүретін басым болып жатқан күші, – деп қорыта келе, арамызда жүрген осындай абзал жүректі азаматтарды қолдау, еңбек адамының ерлік істерін насихаттау мемлекеттік саясаттың бір бағыты екендігін ескерер болсақ, Екі мәрте Еңбек Ері Ыбырай ата Жақаевтың ізін басып, қолын алып, жолын жалғап келе жатқан Бағлан Әмреұлы Әшірбеков секілді азамат «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына әбден лайық деп білдік. Өйткені жаңа Жолдауда айтылғандай, еңбек адамының мәртебесін көтеру – ең маңызды мақсат.
Сонымен, ел дамуын тағы пысықтаған құжат жаңа міндеттерді нақтылап берді. Жолдауда көрініс тапқан жоспарлардың жүйелі жүзеге асуы – елдің ілгерілеуіне сеп болары хақ. Ал ол міндеттерді мүлтіксіз орындауға бар қоғам жұдырықша жұмылуы керек-ті. Себебі бұл елге қатысты мәселе. Сол үшін шет қалуға рұқсат жоқ. Қоғам бір ғана Үкіметтен ғана құралмайды. Қоғамды құраушылардың қатарында бәрі бар. Демек, мақсат-мұрат та бір болуы тиіс.
Нұрболат СӘДУАҚАСҰЛЫ,
Сұлушаш БАХТИЯРҚЫЗЫ,
Бақытжан БӘЙІМБЕТ