«АУЫЛ АМАНАТЫНЫҢ» АУДАНДАҒЫ АХУАЛЫ ҚАЛАЙ?
Әлеуметке әл берген «Ауыл аманаты» жобасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылдың 26 қарашасындағы №1 «ҚР ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» Жарлығы негізінде бастау алған болатын. Содан бері жаңа бағдарламаны ауыл тұрғындары арасында кеңінен насихаттау жұмыстары жан-жақты жүргізіліп, ауқымды істер жүйесі бір арнаға түсе бастады. Жобаға сәйкес несиелер барлық тұлғаға 2,5 пайызбен 7 жылға дейін беріледі. Шыны керек, тұрғындардың тұрақты табыс жолына түсуіне бағытталған бастамаға үлкен үміт артылып, дөңгелетіп отырған шаруасы бар, қолынан іс келетін көптеген кәсіпкер барынша мүдделік танытып отыр.
«Ауыл аманаты» жобасының басты мақсаты – ауылдағы жұмыссыздықты жойып, ондағы халықтың табысын арттыру және сол бағытта қолдау көрсету. Аталған пилоттық жоба ең шалғай деген ауылдардың тұрғындарын да қамтиды. Бапталған бағдарламаның игілігін бүгінде біздің өңір халқы да көруде. Мәселен, өткен жылы кәсіпкерлік бастамашылыққа жәрдемдесу жөніндегі шараларды ұйымдастыру және қаржыландыру мақсатында ҚР Еңбек және халықты қорғау министрлігімен жеңілдетілген несие түрі бекітіліп, оны аз мөлшердегі үстемақымен беру жоспарланған. Бұл бағытта «Ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі жобаны масштабтау бойынша шағын кредиттер беру» бюджеттік бағдарламасы аясында 2023 жылға Қызылорда облысына республикалық бюджеттен 3 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінген болатын. Бүгінге дейін сенім білдірген өкіл ретінде «Байқоңыр» ӘКК» АҚ арқылы өткен жылдың қорытындысы бойынша аудандағы 75 жоба мемлекет тарапынан 548 135 000 (бес жүз қырық сегіз миллион жүз отыз бес мың) теңге қолдау тауып, мақұлданған жобаларға қаражат аудару жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде асыл тұқымды мал және құс шаруашылығы бойынша 8 жоба – 80,2 млн теңге, балық шаруашылығы және омарта шаруашылығы бойынша 16 жоба – 112,6 млн теңге, егін шаруашылығы бойынша 16 жоба – 102,5 млн теңге, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру бағытында 4 жоба – 45,9 млн теңге және басқа да бағыттар бойынша 31 жоба – 206,8 млн теңгенің жобалары қаржыландырылды. Айта кетейік, Шиелі ауданы тиісті қаржы көлемін шамадан асыра (перелимит) орындап, барлық жоба толыққанды қаражатпен қамтылған. Олардың қолдау тапқандарының арқасында ауыл тұрғындарының әл-ауқаты жақсарып, іске асқан жобалар негізінде ашылатын жұмыс орындары арқылы халық тұрақты жұмыспен қамтылатын болады.
ЖОБАНЫҢ ЖЕМІСІН КӨРГЕН КӘСІПКЕР
Жұртшылықтың ауылда еңбек етіп, тиісінше тұрақтауына бағытталған бағдарламаның тиімді тұстары туралы аз айтылған жоқ. Қазіргі таңда ауданда ұтымды ұсыныспен тың жоба жүргізіп отырған жандардың қарасы көп. Солардың бірі – тартоғайлық Әсел Әділбекқызы. Бағдарлама аясында 7 575 000 жеңілдетілген несие алған жас кәсіпкер 3D форматты панель өндірісімен айналысады. Өзі – декреттегі ана. Сәуір айынан бастап аталған іске құлшына кіріскен ол бүгінде халыққа өз өнімін үздіксіз ұсынып келеді. Бұл үшін кәсіпкерлер арманына қанат бітірген жобаның пайдасы мол болғанын атап өтті.
– Қайтарылатын сомманың пайызы аз болғандықтан, бағдарлама маған барлық жағынан тиімді түсті. Әрі жобаның 6 айлық демалысы бар. Бұл – кәсіпті дөңгелетіп алуға жеткілікті уақыт. Бөлінген қаражатқа қажет аппараттың бәрін сатып алдым, өзімнен тек шикізатқа ғана шығын болды.
3D панель өндірісі – нарықта сұранысқа ие кәсіптің бірі. Оның үстіне қаланың өзінде кездесе бермейтіндіктен, арнайы іздеп жүріп ілкімді істің осы түріне тоқталдым. Бұл үшін бизнес жоба дайындап, басқа қалалардан аппараттар алдырып, ойланбастан жұмысқа кірістім. Әрине, осы тұста жеңілдетілген несиенің тигізген көмегі өте көп болды, – деді Әсел Наурызбай.
Кәсіпкердің тыңғылықты кіріскен бұл тірлігі жаңа мүмкіндіктерге жол ашқаны анық. Сұхбат барысында кейіпкерден әртүрлі пішіндегі панельдердің жасалуы жөнінде сұрап көрдік. Оның айтуынша, бұл үшін дайын дизайнда, түрлі өрнекте жасалған арнайы қалыптар пайдаланылады. Оған қажет 3 қоспаны қосып, дайын сұйықтықты араластыра отырып қалыптарға құйып, 40 минутқа қалдырады. Межелі уақыт өткен соң, оларды қалыптардан ажыратып, 1 аптаға кептіріп қояды. Дайын болған 3D панельдерді мұқият тексеріп, мықтап орап, тапсырыс берушіге жеткізу қызметі арқылы жөнелтеді.
Әсел Әділбекқызы бастапқыда аталған өнімге сұраныс көп болмағанын айтады. Десе де, оны жан-жақты көрсетіп, әлеуметтік желілерде жарнамалаудың нәтижесінде тауардың өтімділігі көбейген. Бүгінгі таңда көркем өрнекті панельдерге тапсырыс өте жиі түседі.
Кейіпкеріміз бүгінде жанындағы 2 көмекшісімен өрелі істі өрге жүздіріп отыр. Жүкті болуы себепті жұмыстың 80 пайызы сол жандардың еншісінде. Олар өнімді қалыпқа құйып, түрлі панельдерді дап-дайын етіп береді. Ал жас кәсіпкердің ендігі мақсаты – панельдер өндірісін бұдан әрі кеңейтіп, оның өзге түрлерін жасап шығару. Тек өңір ішінде ғана емес, басқа қалаларға да тасымалдау қызметін қосу.
Қазірде ауылды дамытудың кепілі ретінде іске қосылған тың жоба ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді жан-жақты қолдау, ел тұрғындарын аграрлық бизнеске тарту, азық-түлік қауіп¬сіздігі және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға жағдай жасап келеді. Бұл мемлекеттік бағдарламаның барша бұқараның игілігіне жарап отырғанының бір көрінісі болса керек.
Таслима ТЕМІРБЕКҚЫЗЫ