Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » АВТОНАРЫҚТАҒЫ АХУАЛ ОҢАЛА МА?

АВТОНАРЫҚТАҒЫ АХУАЛ ОҢАЛА МА?

Елімізде соңғы жылдары шетелден әкелінетін көліктер саны күрт көбейген. Жылы жаңа, бағасы да қалтаға қонымды жаңа заманға сай темір тұлпарды кім де болсын тізгіндегенді қалайтыны анық. Сырттан келетін көлікке халықтың да сұранысы жоғары. Оған себеп те жоқ емес. Айтуларынша, Қазақстандағы көлік бағасы тым қымбат әрі көбі көнерген. Жеңілдіктер қарастырылмаған. Сондықтан бірі арнайы тасымалдаумен айналысатын мамандарға жүгініп, кейбіреуі өздері барып таңдаған автокөлігін алып келуді жөн санаған. Әкелуін әкеледі ғой, дегенмен, оны өз атына заңдастыру ұзақ уақыт пен қыруар қаражатты талап ететіні тағы бар.
Шетелден алып келген көлікті елімізде тіркеу үшін, яғни, оны есепке қою үшін ең алдымен бастапқы тіркеу алымын төлеу қажет. Оның алым мөлшеріне мотор әсер етпейді. Қозғалтқыш түріне және көліктің шыққан жылына қарай есептеледі. Сатып алынған көліктің шыққан жылы ескі болған сайын төлем де қымбаттай береді.
Мысалы, М1 категориясындағы дәстүрлі қозғалтқышы бар 2021 жылы шыққан Toyota Camry-ді тіркеу үшін 500 АЕК, яғни 1 846 000 теңге төлеуі қажет. Ал 2022 жылы шыққан Toyota Camry-ді тіркеу құны 50 АЕК немесе 184 600 теңгеге тең. 2024 жылы және биыл шыққан көлікті тіркеуге бар-жоғы 923 теңге кетеді екен. Биыл айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшері 3692 теңгені құрап отыр.
Қазақстанда автокөліктерге салынатын утилизация алымы да әртүрлі. Көліктің мотор көлемі үлкен болған сайын утиль алымының бағасы да өсе береді. Утиль алымының базалық мөлшерлемесі 50 АЕК-ні құрайды. 2023 жылы 172 500 теңге болса, биыл 184 600 теңгеге өсім алған. Көліктің мотор көлеміне қарай арнайы коэффициент белгіленген. Утиль алымын 50 АЕК мөлшері мен мотор көлеміне қарай белгіленген коэффициентті көбейту жолымен есептейді. Мотор көлемі үлкен болған сайын утиль алымының сомасы да өсе береді. Жүк көліктерінің төлеу құны мен автобустардың құны тіпті шарықтап тұр. Ал елімізге электромобиль кіргізетіндер утиль алымынан босатылған.
Көлік сарапшыларының айтуынша, бізде көлік рәсімдеу бағасы әлі де жоғары. Әсіресе алғашқы тіркеудегі төлемнің құны тым қымбат. Айта кетейік, алғашқы төлем 2024, 2023 жылы шыққан көліктерге алынбаса, 2022 жылы шыққан көлікке 10 пайыз төлем жасалады. Ол үшін алдымен «Жасыл даму» АҚ арқылы өтінім беріліп, ол 1 күн қаралады. Арнайы шот ашылып, банкке көліктің қозғалтқыш көлеміне қарай утильалым төленеді. Ол кезде бұл үшін де сертификат беріледі. Одан соң «Автокөлік иелеріне арналған мамандандырылған халыққа қызмет көрсету» орталығына барып, шыққан жылы бойынша алғашқы төлем жасалады. Сосын барып жергілікті тіркеудегі көлік болып қабылданады.
Жуырда танысым жылдар бойы жинаған қаражатына көлік алмақшы болып еліміздегі сатылымда тұрған автокөліктерді қарады. Бағасы жоғарыда айтқандай өте қымбат. Сонымен сұрастырып шетелден көлік тасымалдайтын азаматтармен сөйлесіп, Грузия елінен 2020 жылы шыққан «Hyundai Elantra» маркалы көлігін 4,5 млн теңгеге алып келді. Елімізге тіркеу үшін 1,5 млн теңге бастапқы төлемді жасады. Енді 1 жыл көлемінде төлейтін утильалымға, сертификат пен кедендік салыққа 3 млн-ға жуық қаражат жұмсағанда 9 млн теңгеге машина мініп отыр. Демек, көліктің өзін сатып алған бағасынан оны елімізге тіркеу, құжаттарын заңдастыру жұмыстарына екі есе шығындалғанын жеткізді.
Осыған дейін де халық арасынан утильалым мен алғашқы төлемді алып тастау мәселесі бірнеше рет көтерілген болатын. Десе де, әлі нақты шешімдер мен заң жүйелері қабылданған жоқ. Бүгінде біздің елдегі көлік саласының қымбатшылығы бір ғана салаға әсер етпейтіні белгілі. Күн санап өсіп жатқан баға қарапайым халықтың да қалтасына түсіп отыр. Қазіргі барлық сала автомобиль саласымен тығыз байланысты. Бір ғана көлікке салынатын салық пен алымның өзі барлық тауардың, көлік құралдарының қатынасының қымбаттауына әкеліп соғып отыр. Бұл дегеніміз жүргізушілердің ғана емес, барлық тұрғындардың алаңдайтын мәселесі. Сондықтан алдағы уақытта еліміз үшін оң шешімін табады деп сенеміз.

Мейіржан ИБРАГИМОВ
Фото: rusdtp.ru
25 маусым 2024 ж. 156 0