Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ТЕРІСКЕЙ ЖҰРТЫНЫҢ ТІЛЕГІ ТЫҢДАЛДЫ

ТЕРІСКЕЙ ЖҰРТЫНЫҢ ТІЛЕГІ ТЫҢДАЛДЫ

Жоспарға сай жұмыстар оң нәтижесін беру үшін елмен етене байланыс орнатудың маңызы зор. Осы мақсатта кеше аудан әкімінің кент тұрғындарына есеп беру жиналысы өтті. Отырыста аудан көлемінде атқарылған жұмыстар легі таныстырылып, тұрғындардың сұрау-қалауы тыңдалды.
Нұржан Сәбитұлы бүгінде ел Президентінің, Үкіметтің Сыр өңіріне деген жан-жақты қолдауымен аймағымызда ауқымды жобалардың жүзеге асып жатқанын айтты. Сондай-ақ аудан көлемінде атқарылған бірқатар жұмыстарды баяндады.
Айта кетейік, биыл ауданда баспана мәселесі шешімін тауып, тұрғын үй кезегінде тұрған көптеген отбасының арман-тілегі орындалды. Нәтижесінде, 142 отбасына үй кілті табысталып, баспанаға мұқтаж азаматтардың мәселесі шешілді. Бұдан бөлек «Ауыл – Ел бесігі» жобасы шеңберінде Республикалық бюджеттен жобалық құны 363,2 млн теңгені құрайтын Шиелі кентінде салынатын спорт комплексінің құрылысын бастауға 50,0 млн теңге, жобалық құны 460,6 млн теңгені құрайтын Бестам ауылында 150 орындық клубтың құрылысына 50,0 млн теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары басталды.
Шиелі кентіндегі О.Байымбетов, Б.Дүйсенов көшелеріндегі 50 үйдің инфрақұрылым құрылысына жергілікті бюджеттен 103,0 млн теңге бөлініп, ауызсу¬, жол, электр желілері тартылуда.
Аталған аумақта халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына арналған тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Ерекше санаттағы азаматтарға аудан бойынша барлығы 123 тұрғын үй салынып, азаматтарға табысталатын болады. Кенттегі әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерді орталықтандырылған кәріз жүйесімен қамтамасыз ету үшін аудандық бюджеттен 56 млн теңге қаржы бөлініп, жоба-сметалық құжаттары жасақталуда.
Биыл кент ішінде бірқатар кешенді істер жоспары құрылып, үздіксіз жұмыстардың нәтижесінде жүзеге асырылып үлгерді. Аталған жұмыстар легін кент әкімі Аманкелді Өмірәлі таныстырды. Кент әкімінің есебінше, жыл басында кент көшелерін, мөлтек аудандарын және теріскей бет көшелерді санитарлық тазалау мақсатында 90 млн теңге қаржы қаралған. Аталған жұмыстарды қамтамасыз ету үшін кент аумағы 3 аймаққа бөлініп, нәтижесінде, аудан орталығының басты көшелерінде 10 мыңға жуық жас өскін тал-дарақ бой көтерді. Сондай-ақ кент аумағында орналасқан тұрмыстық қатты қалдықтарды тастауға арналған орындардың, жәшіктердің ескіруіне байланысты 10 жерге тұрмыстық қатты қалдықтар тастауға арналған орын, 100 дана контейнер мен 10 дана үлкен көлемді жабық контейнер сатып алынып, жаңалау жұмыстары жалғасып жатыр.
Елді мекендердегі көшелерді жарықтандыру бағдарламасы аясында кент көшелеріне жарық бағаналары, бұдан бөлек кенттегі 35 көшеге түнгі жарық бағандары орнатылуда. Өтпелі кезеңмен жоспарланған жұмыстардың жалпы құны 369 млн 500 мың теңгені құрайды. Аталған жұмыстар қаржыландыру көзіне сәйкес, 2024-2025 жылдар аралығында кезең-кезеңімен атқарылатын болады.
Абаттандыру және көгалдандыру бағдарламасы аясында кенттегі бірнеше көшеге жаяу жүргіншілер жолы орнатылса, Тәуелсіздік көшесінің бойына аллея салу жоспарланған.
Күн тәртібіндегі өзекті тақырыптардың бірі – жол мәселесі екені белгілі. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында облыстық бюджет тарапынан күрделі жол жөндеу жұмыстарына 1 млрд 061 млн 289 мың теңге қаражат бөлінді. Қазірде кенттегі Тәуелсіздік көшесі күрделі жөндеу жұмыстарынан өтті.
Сонымен қатар кенттің келбетін келістірер вокзал маңына тұғырлы сағат орнату, аудан әкімдігінің ауласына субұрқақ орнату жұмыстары жүргізілмек. Құрылыстардың мемлекеттік сатып алу жұмыстары аяқталды. Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 35 жыл және Невада-Семей қозғалысының құрылғанына 35 жыл толуына орай белгі орнату, Н.Бекежанов көшесі бойында орналасқан қорымды қоршалау жұмыстары, кенттегі 4 жерге балалар ойын алаңы мен спорт алаңын орнату жобасы, «М.Шоқай» атындағы орталық алаңға ағымдағы жөндеу жүргізу жұмыстары жоспарланған. Бұған қоса кенттегі 10 көшеге гобо проекторлы жаяу жүргіншілер жолағын орналастыру ісі жуық арада бастау алмақ.
Есепті шараға келген кент тұрғындары көкейдегі сауалдарын жолдап, толғандырып жүрген түйткілді мәселелерін ортаға салды. Атап айтқанда, жиында Перуза Жүсіп көшесіне жөндеу жұмыстарын жүргізу және Насыров көшесіне жарық трансформаторын орнату мәселесі көтерілді. Оған тиісті сала басшылары биыл Насыров және Пәрімбетов көшелеріне жаңадан трансформатор орнату жоспарланып отырғанын айтты. Ал Палмұханбетов көшесінің тұрғындары көшедегі арыққа аяқсу келмейтінін жеткізіп, қынжылыс танытты. Оған кент ардагері Қ.Бекіш пен Н.Мырзабеков керісінше пікір білдірді. Яғни қос ардагердің пікірінше, аяқсу жеткізу шешімін тапқан, күйіп тұрған мәселе жоқ. Тек тұрғындар есік алды ауласынан өтетін аяқсу арығын таза ұстаса болды. Себебі аяқсу арықтарының ортаңғы және төменгі ағысын бойлай отырған тұрғындар арықтың тазалығына мән бермейді. Соның әсерінен арықтың жоғары жағына су жиналып, төменге қарай тартпай, айналасына жайылып, тұрғындардың есік алды ауласына кіріп, үйлерінің іргетасына зиянын келтіретін жайт жиі орын алып жататын көрінеді. Бұл жердегі басты мәселе әр тұрғын өз есік алды ауласынан өтетін аяқсу арығының тазалығына мән беріп, күтіп ұстап отырса, судан мәселе болмайтынына көз жеткізілді. Сонымен қатар жиында осы шанхай бетте тұрған пошта ғимаратының әбден тозығы жетіп, сырт көзге келеңсіз көрініс беретіндігі сөз болды. Бұған байланысты аудан әкімдігі «Қазпошта» мекемесінің облыстық басшылығымен келісіп отырғанын, ол ғимаратқа биылдан қалмай күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетінін, осы мақсатта 9 млн теңгеден астам қаражат бөлінгенін сөз етті.
Есепті жиында Әбдіқадіров көшесінің тұрғыны контейнер орнатса деген тілегін білдірді. Бұған тазалыққа жауапты мекеме басшылығы әр аптаның сейсенбі күні аталған аумақтағы қоқысты арнайы жүк көліктері бір рет алып кететінін айтты. Сонымен қатар тұрғындарды тазалық мекемесімен келісім-шартқа отыруға шақырды. Келісім-шарт қосымша құн салығын қоса есептегенде, адам басына – 165 теңге.
Қаныш Сәтбаев көшесінің тұрғындары өздерінде осы тазалыққа байланысты әлеужеліде арнайы топ ашылғанын, ол топта қоқысты жинап алып кететін уақыт алдын ала хабарланып, әр апта сайын тұрақты түрде қоқысты алып кететінін, бұл бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстардан ешқандай шетін мәселе туып жатпағанын жеткізді.
Тұрғындардың тағы бір легі 3 мыңнан астам үй орналасқан Шанхай бөлікке дәрігерлік амбулатория салынса деген тілегін де қоса жеткізді.
Нартай мен Шәкәрім көшелері түйісетін жерде Байсары арығындағы көпірдің жақтауын жасау, Оразов пен Шәкәрім көшелерінің қиылысындағы бағдаршамды жөндеу мәселесі де сөз болды. Жауапты сала басшылары «Қызылорда жолдары» мекемесі кент ішіндегі жолдарды жасап жатқанын, негізгі жұмыстар біткен соң көпір жақтауы да қосымша шешімін табатынын айтты.
Еркін форматта өткен отырыста кент тұрғындары аудан әкіміне және кент әкімінің ағымдағы жылдары атқарған орасан зор жұмысына ерекше көңілдері толатынын білдіріп, алғыстарын айтып жатты. Сонымен қатар ұсыныстарын да бүгіп қалмады. Сондай ұсыныстың бірі – Қазыбек би мен Нұриман мешіті қиылысына жаңадан бағдаршам орнату, №47 мектептің ескі ғимараты жанындағы ойын алаңын жөндеуден өткізу. Аталған мәселелер шешімін табатыны айтылды. Осы орайда айта кету керек, аудан әкімі Шиелінің теріскей беті тұрғындарына өз ризашылығын білдірді. Жасап беріп, салып беріп жатқан нысандарға жанашырлықпен қарап, аллеялар, түнгі жарықшамдары, тротуарлар, ойын алаңдары, орындықтар, аялдамалар барлығы қаз-қалпында, бүлдіріп-сындырмай, күтіп ұстап, оны бақылап отырған тұрғындарға рақметін айтты. Тазалық мәселесінде де теріскейліктер мәдениеттіліктің үлгісін көрсетіп келеді деді.
Жиын соңында аудан әкімі Нұржан Сәбитұлы жетістікке жетелейтін, ауданның дамуына серпіліс беретін жобалар мен киелі Шиелі жерінің өркендеуі жолындағы жасалатын жұмыстарға «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» атсалысуға шақырды.

Таслима ӘЛІШЕР
11 маусым 2024 ж. 140 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№70 (9234)

03 қыркүйек 2024 ж.

№69 (9233)

30 тамыз 2024 ж.

№68 (9232)

27 тамыз 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30