Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » МЕРЕКЕНІҢ БЕРЕКЕСІ КЕТПЕСІН

МЕРЕКЕНІҢ БЕРЕКЕСІ КЕТПЕСІН

«Қазір «Тойың тойға ұлассын» деп әндетіп, той тойлап жүретін уақыт емес. Бүгінгідей технологияның заманында тойтомалақтың әңгімесін айтып, бірбірін асыра мақтап, ас ішіп, аяқ босатқанға риза кейіпте жүру әдетінен арылу керек. Мемлекеттің өзі өлермендікпен өмір сүретін кезге келдік. Сондықтан еңбек ету – өмір салтына айналып, бас ты міндет саналуға тиіс. Той қуалайтын емес, ой қуалайтын кезеңмен бетпе-бет келдік.

Бұл дәуір – ақыл-ойдың, ғылым мен білімнің, еңбектің дәуірі!» деген ел Президенті ҚасымЖомарт Тоқаевтың пікірі пандемия кезінде кеңінен таралып, үлкен мәнге ие болған еді. Алайда арада төрт жыл жылжығанда бұл пікірді көбісі есінен шығарып алған сияқты. Екі жастың үйлену тойы, мерейтой, сүндет той, тұсаукесер секілді ежелден келе жатқан тойлардың саны көбеймесе, азаймақ емес бүгінде. Қазір «Басқа тойды тойламасаң тойлама, екі жастың бақыт тойы тойлансын» деп қарап отыратын ешкім жоқ. Барлығы шаңырағындағы шаттықты үлкен дастарханмен, қымбат мейрамханада атап өткісі келеді. Тіпті туған күндерді де елеусіз қалдырмай, дүркіретіп өткізіп жатқандар қаншама?! Бірақ біздің базынамыз, тойдың көптігінде емес, оның тәрбие мен мәдениеті хақында. Оның ішінде мамыр, маусым айында белең алатын мектеп бітіру кешінің қандай деңгейде өтіп жатқанында. Қазақ тойшыл халық болғандықтан әңгімемізді әріден бастайық. «Той десе қу бас домалайды», «Бұрын-соңды осындай той Отырарда болмаған» деген секілді өлең жолдары барлығымызға таныс. Той туралы сын айтқанда өзімізді ақтап алатын, бір жағынан жұбататын аргумент те – осы. Бұған «той - халықтың қазынасы» дегенді қосып, көрпемізге қарай көсілмей, әліміз келмегенмен әлекке түсіп, тіпті банкке берешек боламыз. Бірақ қандай той екені маңызды емес, ең бастысы той болса болды!

«БАЛАМ ҚАТАРЫНАН ҚАЛМАСЫН»
2023-2024 оқу жылын 4 млн-ға жуық оқушы аяқтайды, оның 186 мыңы бітіруші түлек. Жуырда еліміздегі су тасқынына байланысты соңғы қоңырау болмайды деген хабар шығып, көпшілік әсіресе жас түлектер дүрліккен болатын. Оның үстіне ата-аналар да әлеуметтік желіде жеке ойымен бөлісіп, жылда бір келетін соңғы қоңыраудың болғанын қалады. Әлгіндегі аргументке осы «жылда бір келетін қуаныш» деген сөзін қосып қоюға да болады. Ата-аналар мен оқушылар осылай жарыса жазып, наразылығын білдірген соң, Оқу-ағарту министрлігі салған тыйымды алып тастады. Осындай мәлімдеме шыққан соң, әлеумет әмиянын санап кеткені ащы шындық. Себебі той туралы тарқатқанда теңгені тілге тиек етпеу мүмкін емес. Ешқандай шығынсыз, мектептің ішінде болады деген салтанатты шараға да оқушылар оңды-солды шашылады. Оқушылар дейміз-ау, айналып келгенде барлық салмақ ата-аналарға түсетіні ақиқат. Бірақ қай ана «Балам қатарынан кем болсын» деп мектеп бітіру кешіне көйлек кигізбей, опадалап жаққызбай жібереді? Оның үстіне қазіргі таңда екі жағына бантик байлап, мектеп форма киіп қоңырау соға салатын түлектер жоқтың қасы. Міндетті түрде барлығы бірдей форма тіктіріп, оның үстіне арнайы лента тағып, макияж бен шаш үлгісін жасатып, тіпті бірдей аяқ киім де алып жатады. Жасыратыны жоқ, кейбір оқушылар 11 сыныпқа аяқ басқаннан ҰБТ немесе ЖОО-ның қамына емес, мектеп бітіру кешіне кірісіп кетеді. Кейбіреулер сол кешке ақша жинайын деп түңгі кезекте жұмысқа шығуға мәжбүр болады. Әрине, түнімен теңгенің қамымен жүрген оқушының сабаққа қайдан зейіні болсын? Мұндай сәтте мектепке мұғалімнің ескертуімен ғана келіп, күні бойы партада делсал ұйықтап жататындар жеткілікті. Мүмкін бітіру кешіне емес, сабаққа көбірек көңіл бөлсек бізде ғалымдар мен білікті мамандардың саны әлдеқайда артушы ма еді?! Байдың асын байғұс қызғандық емес бұл. Тек осындай бітіру кештеріне қарап, өзгенің өзегінде берері жоқ бәсекелестік пайда болмаса дейміз. Өйткені бір сынып мектепті бітірген соң, кезекте тұрған келесі бітіруші түлектер «Біз олардан кемміз ба?» деп керек емес жерде кеуде керіп ысырапшылдыққа, дарақылыққа салынады. Тіпті сондай даңғаза кештердің соңы адам өліміне алып келіп жатқаны хақ. Оның үстіне бойында жастықтың оты жалындап тұрған бозбала мен бойжеткендер тек ас ішіп, аяқ босату үшін ғана жиналмайды, арнайы шоуменді, әнші-бишіні, алты Алашқа емес, алты құрлыққа аты шыққан мега жұлдыздарды жиып алады.

«500 МЫҢ ТЕҢГЕ НЕСИЕ АЛДЫМ»
«Қаздың жүрісін саламын деп, қарғаның шаты айырылыпты» демекші, қалтасындағы қаржысы жетпесе де, қарызданып-қауғаланып баласын мектеп бітіру кешіне жіберіп отырған ата-аналар жоқ емес. Олар сырттай күліп, баласының жаңа өмірге қадам басқанына қуанып тұрғанымен, іштей жан-жақтан қыспаққа алған қарыздан қалай құтыламын деп ойлап тұруы да бек мүмкін. Мәселен, жуырда бір анамен кездестім. Қызы ауданымыздағы беткеұстар мектепті бітіріп жатыр екен. Әдетте ұлға қарағанда қыздың шығыны көп екені белгілі. Бес баласын бауырына басқан ана қызының көңілі түспес үшін аузынан шыққан әр затын алып беруге тырысқан. Тіпті сол үшін 500 мың теңге несие алыпты. «Қызым осы уақытқа дейін үздік оқыды, тек жоғарғы сыныпқа ауысқанда бағасы төмендей бастады. Өтпелі кезең деп барынша түсінуге тырыстым. Үйдің үлкені деп кейде жауапкершілікті де соға артып қоямын. Сондықтан соңғы қоңырау да, бітіру кешінде ештеңені аяғым келмеді. Өзім еден жуушы болсам да, ай сайын төлеп отырамын деп несие де алдым. Оны қызым білмейді. Әйтпесе, өзің кінәлі сезінеді» деп ағынан жарылды ана. Осылай бір-бірінен қалмас үшін, яки ата-ана бала алдындағы айыбын жуып-шаю үшін қарызға белшесінен батып жатады. Әрине, уақыт өте келе ол қарыздың да орны толар. Бірақ арамызда толық емес отбасы, көпбалалы отбасы, тек 1 адам жұмыс істейтін жанұя, тіпті мүмкіндігі шектеулі ата-аналар да болуы мүмкін екенін естен шығармаған абзал. Соқпағы көп өмірдің ақ-қарасын ажырата білмейтін жасөспірімдер мұны түсіне бермес, бірақ оларға әрнәрсенің шегі бар екенін ескертіп, үйретіп отыратын – ересектер. Бәлкім алдыңғы буын өкілдері «Бір-бірінен кем қалмасын» деп жастардың ығына жығыла бермей, мектеп бітіру кешін өздері ұйымдастырғаны құптарлық іс болар ма еді?!

«ӨМІРІҢНІҢ СОҢҒЫ ҚОҢЫРАУЫ БОЛМАСЫН»

Жыл сайын түлектер кешінде қайғылы оқиға орын алатыны ақиқат. Биыл да Жамбыл облысындағы орны толмас өкініш көпшілікті есеңгіретіп тастады. Мектеппен қоштасу кешінде жасөспірім қыз ойда жоқта өмірімен қоштасып, мәңгілік сапарға аттанды. Өкініштісі, оның ажалы өзі тізгіндеген темір тұлпардан болды. Еліміздің әр аймағында бітіру кеші қатаң қадаланса да, жастар ата-ана мен жауапты мамандардан тығылып, қателікке бой алдыруда. Мұның барлығы бітіру кешіндегі көлік шеруінің пайдасынан зияны көп екенін көрсетіп тұрғандай. Бұл үлкен жауапкершілікті ғана талап етпейді, оның үстіне қомақты қаржыны да қажетсінеді. «Ас – аттынікі, той – тондікі» десек те бала жүрген жүрде жауапкершілік пен қауіпсіздікке барлығымыз жауапты екеніміз анық. Олай болса тәртіпті тізгіндеп, жастарды жөнге салуға да әлі де кеш емес.

БІТІРУ КЕШІМЕН ЕМЕС, БІЛІММЕН МАҚТАНАЙЫҚ
Әңгіменің әлқиссасында айтқандай, біз де жастар білім бәйгесінен гөрі бітіру кешіне көп көңіл бөледі. Әрине, мұнымен соңғы қоңырау болмасын деп табалаудан аулақпыз. Себебі бұл мереке тек біздің елде ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінде аталып келеді. Мысалы Польшада мектеппен қоштасу кешін емтиханға 100 күн қалғанда ұйымдастырады. Кештен соң оқушылар қайтадан сабаққа ден қойып, бар уақытын оқуға арнайды. Ал Қытайда оқушылар түрлі ойындар ойнап, ұстаздармен көңіл көтереді екен. Еуропаның кейбір елдері соңғы қоңыраудың белгісін арнайы киім стилімен ерекшелейді. Данияда түлектер тек ақ түсті киім киіп, таңғы асқа жиналады. Сондай-ақ норвегиялық мектеп бітірушілер оқу жылының аяқталуы жақындағанда қызыл мен көк түсті комбинезон киеді. Бұл – жылдар бойы қалыптасқан дәстүр. Байқағанымыздай әлемдегі барлық ел соңғы қоңырауды атап өтеді. Бірақ даңғаза мен дарақылық байқалмайды. Тек өздерінің дәстүрін әрмен қарай жалғастырып, мектеп бітіруді қарапайым мереке ретінде қарастырады. Есесіне осы аталған елдердің терезесі тең, керегесі кең екені жалған емес. Арасында азуын айға білеп, күннен күнге жаңа технология ойлап тауып, білім кемесінде емін-еркін жүзіп жүргендер де бар. «Ел болашағы – жастарда» деп жиі айтамыз, ал жастарымыз осылай бітіру кешімен мақтанып, тек киген көйлек, мінген көлікті талқылайтын болса, еліміздің ертеңі бұлыңғыр болары сөзсіз. Сондықтан жас шыбықтай иілгіш кезде, мектеп берген білімді бойға сіңіріп, болашаққа жасалған баспалдақты дұрысынан басайық.
Маржан БОЛАТҚЫЗЫ


01 маусым 2024 ж. 183 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№73 (9237)

14 қыркүйек 2024 ж.

№72 (9236)

10 қыркүйек 2024 ж.

№71 (9235)

07 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30