Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «БЕШБАРМАҚ» ДЕГЕНІМІЗ ДҰРЫС ПА?

«БЕШБАРМАҚ» ДЕГЕНІМІЗ ДҰРЫС ПА?

Қазақ халқы үшін еттен қуатты ас жоқ. Жесе тісіне, жемесе түсіне кіретін тағамның орны қашан да ерекше. Біз – келген қонақты қадірлеп, алдына ет қойып құрметтейтін елміз. Әйтсе де, ұлттық асымыздың атауы бүгінде «бешбармақ» деп айтылып жүргені бәрімізді қынжылтады.
Расында, иісі мұрын жарған қазы-қартасы, жал-жаясы мен жілік-омыртқасы төңкеріліп алдына келгенде тәбетіңді ашатын асты үлкен-кіші тамсана жейді. Ал оның бұрқыраған буын айтсаңызшы?! Бірақ төл тағамның «бешбармақ» атауы кім-кімді де еріксіз ойландырады. Асылған етті қалай атаған дұрыс? Сонымен «Бешбармақ» деген дүбәрә сөз қайдан келді?
Тіл мамандары қасиетті астың қазақшасы қалыптаспаған десе, енді біреулері орыс тіліне дұрыс аударылмаған, бес саусақты салып жіберіп, қолмен жеуінен шыққан дейді. Ғылыми еңбектерде бұл термин: «XІX ғасырдың соңғы ширегінде қазақтан шыққан тілмаштар, дәлірек айтқанда түземдік элита тарапынан бес саусағымен ет жейтін қазақтың тұрмыстық мәдениетін мансұқтау мақсатында енгізілген ұғым» депті.
Тіпті салт-дәстүрі, әдеп-ғұрпы бұзылмаған оңтүстіктің өзінде бұл тағамды әрқилы атайды. Қамыр ауқат, ет ауқат десе, бәзбіреулері «бешбармақ» дейді. Той-думандарда, әртүрлі кештерде ет тартылатын сәтте кейбір асабалардың «бешбармақ» деп хабарлайтыны тағы бар.
Кезінде КТК телеарнасының телевизиялық «Бешбармақ» шоуы болды. Жаңа бағдарламаның жарнамасы жер жарды. Өзбекстан телеарналарының бірінен көшірілген жоба телеарна эфирінен жыл бойы түскен жоқ. Алайда ұлттық асымыздың атауы көрерменнің наразылығын тудырды. «Алатақиялы ағайындардың бағдарламасын «Палау-шоу» деп атауы дұрыс. Ал отандық телеарнаға не жорық?! «Бешбармақ» деген қай тілден «қаңғып» кірген тіркес» деген сын айтушылар аз болмады. Тіпті, «Фиркан», «Жейхун», «Баянсұлу», басқа да толып жатқан сауда орталықтарының сөрелердегі «Апатай», «Сочни», «Кэмми GRAR» кәсіпорындарының ет тағамына салатын жаймалары «бешбармаққа арналған» деп айдарланған.
Біраз ақпараттарды ақтара отырып, қоғам белсендісі Мекеш Тәліптің ет асудың қазақ тұрмысындағы маңызы жайлы талдамасын көзіміз шалып қалды. «Яғни келген жолаушы асығыс болса, оған жеңіл-желпі ет асқан. Оны «түстік» дейді. Қонақ асығыс болмаса, арнайы кәделі жілік қосып, ет асқан. Мұны «сыбаға» дейді. Ал қона-түнеу үшін келген қонаққа әдейі қой сойып, бас тартатын салт та бар. Оны «қонақасы» деп атаған» депті.
Алайда осындай жақсы салтымыз, етті қадірлеген дәстүріміз бола тұра, бүгінде ұрпақ ет қадірін бағаламай, «бешбармақ» деп атап жүргеніне іштей қынжыласың. Ал тарихи деректер мен әдеби шығармаларды парақтасаң, «бешбармақ» түгілі «бес бармақ» тіркесі де кездеспейді. Тіл мамандарының айтуынша, естияр баланың өзі бас бармақ, балаң үйрек, ортан терек, шылдыр шүмек, кішкене бөбек деп бес саусақты атымен атайды. Сөздің этимологиясына үңіліп те көрдік. Бесенеден белгілі, қазақта «беш» деген сөз жоқ, «бес» дейміз. Қолда бас бармақ қана болады, қалғаны саусақ, яғни тамақты қолмен жегеннің өзінде бір қолда бес бармақтың болуы мүмкін емес. Егер болса муттанттарда ғана болатын шығар. Ендеше «Бешбармаққа» «Қазақ асы» деген сынды лайықты атау бергеніміз дұрыс па? Сіз қалай ойлайсыз, оқырман?

Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ
20 мамыр 2024 ж. 236 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930