БІРЛІК. ЖАСАМПАЗДЫҚ. ӨРЛЕУ
Бейсенбі күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясы өтті. Жиынға Парламент Сенатына ҚХА қатарынан сайланған депутаттар, республикалық этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен мүшелері, Ассамблеяның еріктілері, сондай-ақ бейнебайланыс арқылы Ұйымның өңірлердегі делегаттары қатысты.
Қазіргі таңда Қазақстан және онда тұратын барлық этностардың тыныс-тіршілігі әлемдік қоғамдастықтың көз алдында. Қай елде болсын өмір сүріп жатқан әрбір этнос өкілдерінің рухани және мәдени өмірінде бейбітшілік пен келісім және жасампаз еңбек болуы қажет екендігі белгілі. Онсыз демократияны қайта құру, мәдениетімізді алға жылжыту және экономикалық тұрақтылықты жүзеге асыру мүмкін емес. Мұның еліміздегі барлық шағын этностық топтардың өкілдеріне тікелей қатысы бар.
Қазақстан мемлекеттік тәуелсіздігін иемденгеннен кейін біздің қоғамымыздың тек күнделікті тіршілігінде ғана емес, сонымен бірге ұлттық саясатында да біршама өзгерістер болды. Қазақстан Республикасының ұлтаралық қарымқатынасында мемлекет жүзеге асырған, ұлттық қарамақайшылықты шешуге және ондағы барлық этностардың ұлттық талап-тілегін орындауға бағытталған ұлт мәселесі жан-жақты дәлелді жүйедегі өлшемге ие бола бастады.
Қашанда тұғырлы татулықтың бастауы бола білген Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелері осы уақыт аралығында ел ертеңіне үндейтін байыпты бастамаларға ұйытқы болып, қашанда біздің қоғам үшін маңызды мәселелерге лайықты атсалысып келеді. Бір үйдің баласындай болған этно-мәдени бірлестіктер Ассамблея шаңырағының астына топтасып, бірталай тындырымды тірліктердің темірқазығы бола білді. Еліміздің бір шетін топан су басып, апаттық жағдай орын алғанда Ассамблея мүшелері де көмек қолын созып, қолдау танытты. Бұл бір шаңырақ астындағы ұлттардың жанашырлығы мен татулығының көрінісі екенін сөз еткен Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев алдымен елдегі ахуалға тоқталып өтті.
Президент түрлі сын-қатерге қарамастан, еліміз стратегиялық мақсат-міндеттерінен айнымайтынын сөз етті. Оның айтуынша, аз уақыт ішінде жүргізілген саяси реформалар нәтижесінде биліктің барлық тармағы адамның заңды мүддесін, құқығы мен еркіндігін қорғауға және оны ілгерілетуге негізделген жаңа жүйе бойынша жұмыс істей бастады. Ендігі міндет – әділдік, инклюзивтілік, прагматизм қағидаларына негізделген және халықтың әл-ауқатын арттыруды көздейтін жаңа экономика үлгісіне көшуіміз керектігін тілге тиек етті.
Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев Ассамблеяның бүгінгі сессиясы «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» деп аталуында терең мән-мағына жатқандығына тоқталды. Яғни, барша халқымыздың стратегиялық бағдарының түпкі мәнін осы үш ұғым дәл әрі нақты білдіретінін, бірлік пен ынтымақ басты құндылығымыз және мемлекеттік саясаттың бұлжымас бағдары болып қала беретінін айтты. Президент осы мақсатқа жету үшін орындалуға тиіс бірнеше өзекті міндетке арнайы тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаев, ең алдымен, Ассамблея жұмысын еліміздің жаңа гуманитарлық идеологиялық доктринасымен үйлестіру қажет деп санайды. Сонымен қатар Президент бүгінде жаһандық катаклизм белең алып, түрлі мемлекеттер арасында әскерисаяси, сауда-экономикалық текетірес, тіпті мәдени-гуманитарлық тартыс күшейіп бара жатқанына тоқталды. Мемлекет басшысы қоғамда ұлтына қарай ерекшеленуге, оқшаулануға ұмтылған кез келген әрекетке, әсіресе, азаматтарды тіліне, ұлтына, дініне немесе мәдениетіне бола арандатуға, я болмаса кемсітуге мүлде жол бермейтін орта қалыптастыру маңызды екенін айтты.
«Тарих тоғыстырған тағдырымыз – бір, сеніммен қадам басатын келешегіміз – бір. Біз біртұтас ұлт ретінде әрдайым бабалар аманатына адал боламыз. Қасиетті қарашаңырағымыз – Қазақстанның жарқын болашағын бірге жасаймыз. Біздің мақсатымыз – айқын, бұл – Әділетті Қазақстанды құру. Мен Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігін қорғауды Президент ретіндегі ең басты міндетім деп санаймын», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Салтанатты жиында Республикалық тәжік этномәдени орталығының төрағасы Акбаржон Исмаилов, ҚХА Төрағасының орынбасары, Қазақстан корейлері қауымдастығының президенті Юрий Шин, «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық ұйымының төрағасы Тимур Жұмырбаев, Қарағанды облысындағы «Ассамблея жастары» ұйымы өкілдігінің төрағасы Александр Урмашов, Жетісу облысындағы Достық үйінің директоры Руфина Усанова сөз сөйледі. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен халықтар арасында бейбiтшiлiктi, достық пен ынтымақтастықты нығайтуға, мемлекеттік тілді дамытуға сiңiрген еңбегi үшiн бірқатар азаматқа мемлекеттік наградалар табысталды.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ