ІЛГЕРІЛЕУ – ІЛКІМДІ ІС
Жуырда облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жұмыс сапарымен Шиелі ауданына келді. Аймақ басшысының қатысуымен шежірелі өлкеде бірқатар маңызды жобалар іске қосылып, жыл аясында жоспарға сай белгіленген жұмыстар қарқын алды.
ОРТАЛЫҚТЫҢ ІРГЕТАСЫ ҚАЛАНДЫ
Өздеріңізге мағлұм, биыл қасиетті Сыр өңірінде «Руханият жылы» жарияланған болатын. Жыл аясы мәденикөпшілік шараларға ғана емес, айшықты жобалар мен жағымды жаңалықтарға толы болмақ. Соның бір көрінісі ауданда да қолға алынды. Облыс әкімінің қатысуымен «Көкшоқы» мөлтек ауданында «Руханият» орталығының іргетасын қалау рәсімі өтті. Салтанатты шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, мәдениет саласының ардагері Әлмырза Ноғайбаев арнайы қатысты.
Еңсесі биік «Руханият» орталығында музей, кітапхана, архив, неке қию залы, жастар, ардагерлер және аналар кеңесі жұмыс істейтін болады. Бұл игі бастама облыстың барлық аудандарында жалғасын таппақ. Аймақ басшысы орталықтар құрылысына бюджеттен 11 млрд 500 млн теңге бөлінгенін атап өтті. Құрылыс жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтап, ел игілігіне табыстау жоспарланып отыр.
Айта кетейік, «Руханият» орталығындағы кітапханалар тәулік бойы жұмыс істейтін болады. Бұндай кітапханаларды ашу – Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған, кітап оқитын ұлтқа айналу жолындағы аса маңызды қадам. Оның оқырмандарына әлемнің түкпір-түкпірінде басылып шыққан көркем шығармалар, арнаулы әдебиеттер қолжетімді болмақ.
Облыс әкімі жаңа нысанның салыну мақсаты мен ұрпақтар сабақтастығын сақтауда атқаратын қызметі жөнінде баяндап, өңірдің даму динамикасына тоқталды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Аймақтар қуатты болса, бүкіл мемлекет өсіпөркендейді» деген болатын. Биыл облыстың бюджеті 650 млрд теңгеден асты. Оның басым бөлігі әлеуметтік саланы дамытуға бағытталған. Экономиканың барлық тіректі салаларында тұрақты өсім бар. Іргелі Шиелі ауданының бюджеті 15 млрд 800 млн теңгені құрады. Бұл ауқымды қаражат халықтың әл-ауқатын арттыруға, тұрмысын жақсартуға жұмсалуда. Бүгін халықтың игілігі мен қуанышына қызмет ететін, аймағымызда бұрын-соңды болмаған жаңа сипаттағы, бірегей ғимараттың іргетасын қалағалы тұрмыз. «Руханият» орталығы үлкен және жас буын өкілдерінің басын тоғыстырып, өңірдің мәдени, рухани таным көкжиегінің кеңеюіне ықпал етеді деп сенеміз. Қазіргі таңда аймақтағы барлық мәдениет үйлерінде «Адал адам» мәдени-тәрбие орталықтары ашылуда. Бұндағы мақсат – жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеп, қабілетін шыңдау. Сыр бойы – тұнған тарих, шежіре, өрелі өнер мен мәдениеттің, ән мен жырдың көмбесі. Бүгінде өңірімізде өнер мен мәдениет саласында серпінді жаңа жобалар жүзеге асуда. «Руханият жылына» алғашқы сый ретінде Сыр төрінде 1000 орындық сәні мен салтанаты жарасқан «Өнер орталығы» ашылды. Облыс орталығында 650 орындық жаңа музыкалық колледждің құрылысы басталды. Сондай-ақ жақын күндері жаңа облыстық өлкетану музейінің құрылыс жұмыстары бастау алмақ, – деді аймақ басшысы.
100 ОРЫНДЫҚ МЕКТЕП ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ
Қ.Тоқаев өз Жолдауында «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс» деген болатын.
Бұл күні Жансейіт елді мекенінің тұрғындары да көптен күткен қуанышты сәтке куә болды. Ауылда жаңа 2 қабатты, 100 орынды мектептің кірпіші қаланды.
– Биылғы бюджеттен білім саласына бөлінген қаржы көлемі 263,8 млрд теңгеге жетті. Аталған салада ауқымды жобалар сәтті жүзеге асырылып жатыр.
Бүгінде «Білімді қолдау қоры» есебінен 7 млрд 900 млн теңгеге 300 орындық жатақханасы бар, 400 орындық физика-математика мектеп-интернатының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Ғимарат жаңа оқу жылында ел игілігіне табысталады. Облыс орталығында осы кезге дейін бір ғана Оқушылар үйі болса, «ҚазГерМұнай» компаниясының демеушілігімен 2 млрд 350 млн теңгеге 350 орындық заманауи үлгідегі Оқушылар сарайы тұрғызылуда. Алдағы тамыз айында пайдалануға берілетін болады. Биыл «Саутс Ойл» компаниясының демеушілігімен Сырдария өзенінің сол жағалауынан музыкалық колледждің жаңа ғимаратының құрылысы басталды. Демеушілердің көмегімен «Балаларды қолдау жылы» аясында 80 спорттық ойын алаңы тарту етілді. Сондай-ақ балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығын шыңдау мақсатында облыс орталығында «Шығармашылық академиясы», Шиелі, Жаңақорған аудандарында Оқушылар үйі мен Өнер мектебі салынады.
Озық ойлы, мәдениет пен өнерге қанық білімді азаматты тәрбиелеп өсіру – еліміздің әлеуметтік саясатының басым бағыттарының бірі. Мемлекет басшысы Қ.Кемелұлы Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – адал еңбек – адал табыс» атты III отырысында «Азаматтардың, әсіресе, жастардың көзі ашық, дүниетанымы кең болғанын қалаймын» деген болатын. Балаларға тәлімді тәрбие мен лайық білім беруде баршамыздың ұстанымымыз бір, мүддеміз ортақ. Ол – туған елін шексіз сүйетін, өз ісіне адал ізгілікті ұрпақ тәрбиелеу.
Ауданда құрылысы басталған жаңа білім ордасы озық ойлы, өнерге құштар, спортқа бейім дарынды балалардың шамшырағын жағатын мекен болғай. Ұлтымыздың дамуында маңызды рөл атқаратын бұл жобаның басы-қасында жүрген құрылысшылар өз ісіне жауапкершілікпен қарап, құрылысты сапалы жүргізеді деп ойлаймын, – деді Н.Нәлібаев.
Биыл облыста 7 мектеп күрделі жөндеуден өтеді. Жұмыс жаңа оқу жылы қарсаңында толығымен аяқталады. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облыста 12 300 орындық 21 мектеп салынуда. Өткен жылы 10 мектептің құрылысы басталса, биыл 11-інің құрылысы жүргізіледі. Оның ішінде 1 мектеп Шиелі кентінде бой көтермек.
Жансейіт елді мекенінде іргетасы қаланған екі қабатты ғимараттың құрылысын «СМП-Қызылорда» ЖШС жүргізуде. Білім ордасын жыл аяғына дейін пайдалануға беру жоспарланған.
ҚОС АУЫЛҒА ГАЗ КІРДІ
Ауданды газдандыру қарқыны уақыт өткен сайын артып келеді. Бұндай игі жұмыстар тұрғындардың әл-ауқатының жақсаруына сеп болуда. Осыдан 1 ай бұрын ғана өңірдегі Бестам және Телікөл ауылының газ құбырларына табиғи отын жіберілген болатын. Бүгінде бұл іс жалғасын тауып, көгілдір отынмен қамтамасыз етілген елді мекендердің қатарына Алмалы және Ақтоған ауылдары да қосылды.
Облыс әкімі биыл 4 млрд теңгеге аймақтағы 12 елді мекен табиғи газға қосылатынын айтып өтті. Сондай-ақ ел дамуының қайнар көзіне айналған инфрақұрылым мәселесіне тоқталды.
– Халықпен кездесулерде жиі көтерілетін мәселе – электр желілерінің тозығы жеткендігі. Осы орайда Шиелі кентіндегі электр желілерін қайта құрылымдауға өткен жылы 100 млн, биыл 619 млн теңге қаржы қаралып, тозығы жеткен трансформаторлар мен электр желілері ауыстырылады. Бұдан бөлек жобалық құны 4,5 млрд теңге болатын аудандағы қосалқы станцияны қайта жаңғырту жұмыстарына Ұлттық қордан 1,5 млрд теңге, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Бидайкөл, Жиделіарық, Ә.Тәжібаев ауылының сыртқы электрмен қамту желілерінің құрылысына республикалық бюджеттен 153 млн теңге бөлінді.
Шиелі ауданында 3 млрд 250 млн теңгеге ұзындығы 21 шақырымды құрайтын жол жөндеуден өтті. Оның ішінде Самара-Шымкент тасжолына орташа жөндеу жүргізілді. Аудандық маңызы бар Шиелі-Қодаманов жолындағы көпірге 311 млн теңге бөлініп, қазіргі таңда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Өңірдегі денсаулық сақтау саласының бюджеті 130 млрд теңгеден асты. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Шиелі ауданының 5 елді мекенінде дәрігерлік амбулаторияның құрылысы басталады. Сонымен қатар кенттегі ауданаралық, көпбейінді ауруханалар жанындағы қосымша нысанның құрылысы жүргізілмек.
Шиелі кентінде спорт комплексі және Бестам ауылында 150 орындық ауылдық клубтың құрылыс жұмыстарын бастау үшін тиісті қаражат бөлінді, – деді. Жиын барысында «Ауыл – ел бесігі» ұлттық жобасы аясында газ жүргізуге үлес қосқан азаматтар, ауыл ардагерлері мен бірқатар сала мамандары облыс әкімінің арнайы алғыс хатымен марапатталды.
Сонымен қатар Н.Нәлібаев су тасқынына байланысты елдегі ахуалды сөз етіп, қиын шақта бірлесе жұмыс атқарып жатқан аудан тұрғындарына алғыс білдірді.
– Еліміздің бірнеше өңірінде су тасқыны орын алды. Апат айтып келмейді. Мемлекет басшысы су басқан аймақтарды арнайы аралап, халықтың ортасынан табылды. Баршамызды сын сағатты бірге еңсеруге шақырды. Халқымыз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға көмек көрсетіп, қол ұшын беруде. Осы тұста әркез Мемлекет басшысының бастамаларын жүзеге асыруда көмектерін аямайтын, берекебірлігі жарасқан еңбексүйгіш Сыр халқына, өздеріңізге шексіз ризашылығымызды, алғысымызды білдіргіміз келеді, – деді ол.
Жасыратыны жоқ, бүгінде Шиелі ауданы үлкен құрылыс алаңына айналды. Жыл сайынғы халықтың сұранысын қанағаттандыру мақсатында аймақ басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан жұмыстар ел игілігіне қалтқысыз қызмет етеді деген сенімдеміз.
Таслима ӘЛІШЕР