Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ОБЛЫС ӘКІМІ АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

ОБЛЫС ӘКІМІ АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Шиелі ауданына жұмыс сапары кезінде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Жансейіт, Ақтоған ауылының тұрғындарымен кездесті. Халықтың талап-тілегін тыңдап, сауалдарына жауап берді.
Биыл Шиелі ауданының бюджеті 15,8 млрд теңгеге жетті. Бұл қаражат ауқымды инфрақұрылымдық жобаларға бағытталуда. Басты мақсат – халықтың тұрмыс қажеттілігін, яғни жол, су, жарық, газ мәселесін шешу. Осы жылы Қызылорда облысында 12 елді мекен «көгілдір отынға» қосылады. Наурыз мерекесі қарсаңында Шиелі ауданының Бестам, Телікөл ауылдарына, бүгін Ақтоған және Алмалы ауылдарында табиғи газ жеткізілді.
Кейінгі кезде тұрғындар тозығы жеткен электр желілеріне қатысты түйткілді кездесулерде жиі көтеретін. Осы орайда, Шиелі кентіндегі электр желілерін қайта құрылымдауға өткен жылы 100 млн теңге, биыл 619 млн теңге қаржы қаралып, ескірген трансформаторлар мен желілер ауыстырылуда. Жобалық құны 4,5 млрд теңге болатын Шиелі кентіндегі қосалқы станцияны қайта жаңғыртуға Ұлттық қор есебінен 1,5 млрд теңге бөлінген.
«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Бидайкөл, Жиделіарық, Ә.Тәжібаев ауылдарының сыртқы электрмен қамту желілерінің құрылысына республикалық бюджеттен 153 млн теңге қаралды.
Шиелі ауданында 3 млрд 250 мың теңгеге 21 шақырым жол жөндеуден өтеді. Оның ішінде, аймақ тұрғындары көптен бері мәселе етіп көтерген «Самара-Шымкент-Жөлек» жолы орташа жөнделеді. Аудандық маңызы бар «Шиелі - Қодаманов» жолындағы көпірді күрделі жөндеуге 311 млн теңге бөлініп, қазір жұмыс қарқын алған.
Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Шиелі ауданының 5 елді мекенінде (Ортақшыл, Алмалы, Бестам, Ә. Тәжібаев, Тартоғай а/о) дәрігерлік амбулатория, Шиелі кентіндегі ауданаралық көпбейінді аурухана жанынан қосымша нысан салынады.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Шиелі ауданына 1 мектеп салу жоспарланған. Жансейіт ауылында жаңа мектептің құрылысы басталды. Шиелі кентінде спорт кешені мен Бестам ауылында 150 орындық ауылдық клубтың құрылысын бастау үшін тиісті қаржы бөлінді.
Мұнан бөлек, барлық 7 ауданда музей, кітапхана, архив, неке қию залы, ардагерлер және аналар, жастар орталықтарын біріктіретін, типтік үлгідегі «Руханият» орталықтарын салу қолға алынуда. Бұл – әртүрлі бағытта қызмет көрсететін мекемелерді бір орталыққа оңтайландыру арқылы бюджет қаражатын үнемдеу, әкімшілік шығындарды азайтуға мүмкіндік беретін тың жоба. «Руханият» орталықтарындағы кітапханалар тәулік бойы жұмыс істейтін болады.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
26 сәуір 2024 ж. 194 0