Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Декларациялау тәсілдерін қайта қарау қажет пе?

Декларациялау тәсілдерін қайта қарау қажет пе?

Соңғы үш жылдан бері  еліміздегі салық төлеушілердің санатына қарай табысын декларациялау  міндеттеліп келеді. Оның негізгі мақсаты - көлеңкелі экономиканың үлесін азайтып, жемқорлыққа қарсы және әлеуметтік саясатты жетілдіру мен активтерің шетелге заңсыз шығып кетуіне тосқауыл қою.

Декларациялау тәсілдерін қайта қарау қажет пе?
фото: ашық дереккөз

Сарапшылар бұл науқанның беталысын келер жылғы көріністер айқындайтынын алға тартты. Қазір 250 және 270 формалары бойынша декларация тапсыру барысында тек 10% жеке табыс салығы (ЖТС) ғана қарастырылған. Егер 1 000 АЕК-тен жоғары сомада (2023 жылы 3,45 млн теңге, ал 2024 жылы 3,692 млн теңге) активін сатып және оны банк шотына салып, алайда салық органына бұл ақшаның қайдан келгенін түсіндіре алмайтын болса, онда салық төлеу міндеттеледі.
Салық сарапшысы Дмитрий Казанцевтың айтуынша, активтерге тікелей салық салынбайды. Декларация тапсырушы ақшаның қайдан келгенін түсіндіре алмайтынын білсе, өзі есептеп 10% салық төлеуі керек. Егер бұлай жасалмаса, салық органы декларация тапсырушыға өздері хабарласып, камералық бақылау арқылы «аяқ астынан» пайда болған ақшаның қайдан келгенін дәлелдеп береді. Мұндай жағдайда салығын ғана төлеп қоймай, оның сомасынан  200% айыппұл мен өсімпұл төлеуге міндетті болады. Егер бұл міндеттемені орындамаған жағдайда, айыппұл  300%-ға ұлғаяды.
Алдағы уақытта салық тапсырушы қолда бар ірі қаражатын брокерлік шотқа аудара алады.
Бұған дейін де декларация тапсыруға қарсылық танытқандар активтерді көрсетпеудің айла-шарғысына көшіп, жылжымайтын мүлікті немесе ақшаны балалар шотына аударуды көздейтіні айтылған еді. 
Д.Казанцев жылжымайтын мүлікті қайта рәсімдеу немесе ақшаны баланың шотына аударудың еш пайдасы жоқ екенін айтып, балалардың атында қандай да бір мүлік болса да, ата-аналары декларация тапсыруға міндеттелетінін түсіндірді.
Салық төлеуден жалтарып жүргендер де аз емес. Бұл мемлекеттік бюджеттің кіріс бөлігін қалыптастыруға кері әсер тигізетіні анық. Осы ретте мемлекет пен салық төлеушілер арасындағы қатынастарға сенімсіздік тудырып қана қоймай, бюджеттің кіріс бөлігіне, жалпы елдегі барлық қаржылық жағдайды шиеленістіруге әкеліп соғатынын ескерген жөн.
Тұран университеті «Қаржы» кафедрасының профессоры, экономика ғылымдарының докторы  Лутпулла Омарбакиевтың айтуынша, жаппай декларациялау асығыстықты көтермейді. Көлденең табысты көзден таса етпеудің барлық тетіктері зерделенуі керек. 
Негізгі өзгешелік – салықты есептеу мен төлеу тәртібінде екенін тәуелсіз сарапшылар да жоққа шығармайды. Ал біздің салық түсімдеріне жауапты басты мемлекеттік орган – Мемлекеттік кірістер комитеті (МКК) жаппай декларациялауды енгізу арқылы жеке табыс салығын (ЖТС) есептеу және төлеу тәртібі мен салық заңнамасының 37-тарауындағы «Салық шегерімдері» түбегейлі қайта қарастырылуын қажет етіп тұр.
«Мемлекеттік кірістер комитеті жеке тұлғалардан тек табысын ғана қарастырмай, дамыған мемлекеттер сияқты  азаматтарға салық салынған кезінде барлық шығындарын, олардың ішінде, коммуналдық төлемдер, отбасын асырауға жұмсалған шығындар, айыппұлдар, көлік салығы, жер және мүлік салықтары, сақтандыру жарналары, барлық банктерден алынған несиелер бойынша төлемдермен қатар салық төлеушілердің мүддесін сөзсіз ескеруі керек», дейді Лутпулла  Амурулламұлы.
Енгізіліп отырған салық декларациясында Қазақстан мен шетелдегі құнды қағаздар, шетелдік банк шотында жатқан 1 000 АЕК-тен асатын қаражатты көрсетуді талап ететітін біз де байқап қалдық.
Қаржылық сауаттылық мектебінің негізін қалаушы әрі салық жөніндегі кеңесші Әсел Әуелбекова еліміздегі салық жүйесінің жүйелі ойластырылмаған тұстарын, оның ішінде заңды тұлғалар қолданатын декларациялық жеңілдіктер мен жеке тұлғаларға қолжетімді емес пайдасыз мәліметтерді, әсіресе, дағдарыс кезінде салықты тіпті шығынмен төлеуге алып келгенін жеткізді. Оның айтуынша, заң жобасында брокерлік шоттардағы қалдық ақша туралы ақпаратты көрсету қажеттігін естен шығарып алған. Салық органы барлық заңды өз пайдасына икемдейді. Сондықтан ертеңгі күні мәселе туындамау үшін барлығын ашық көрсету қажет.
Біздегі  брокерлер отандық клиенттерінің шотындағы қалдықтар туралы мемлекеттік органдарға есеп беретіні бар. 2021 жылдан бастап шетелдік брокерлерде Common Reporting Standard (CRS) жүйесі арқылы басқа елдермен автоматты түрде айырбас аясында бірыңғай стандартқа сәйкес  Қазақстан 76 елден мәлімет алып, 64 елге ақпарат беріп отырады.  
«Еліміз CRS жүйесіне ерте ме кеш пе енеді. Өйткені бұл санкция мәселесіне қатысты. Тіпті көптеген офшорлар CRS-ге қол қойған. Себебі олар корреспондент банктердің санкциясына ұшырауы мүмкін», дейді Әуелбекова.
Ал декларацияны тапсырмай-ақ алғашқы ескертуін алып, кейін 15 АЕК көлемінде ғана айыппұл төлей салу керек деп ойлайтындар да жоқ емес. Мұндай әлеуетті декларация тапсырушылар жасырғаны үшін жазалау бар екендігін ескеру керек. Әрбір жасырылған шетелдегі жылжымайтын мүлік, көлік құралдары, заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлесі үшін 100 АЕК көлемінде айыппұл төлеу қажет  болады.
Сарапшылар салық органдары есеп бермегендерді басты назарда ұстайтынын ескертеді. Расында, бірінші рет ескертумен шектеліп, кейін 15 АЕК айыппұл төлейді. Дегенмен де декларация тапсырмағандар Мемлекеттік кірістер комитетінің ерекше бақылауына алынып, мұндай адамдардың тапқан пайдасы мен шыққан шығыны қадағаланып отыратынын біліп жүргендері жөн.
24 сәуір 2024 ж. 159 0