Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Наурызкөже – дәрумендерге толы тағам

Наурызкөже – дәрумендерге толы тағам

Ұлыстың ұлы күнінде дас­тар­қанға сән кіргізетін тағам – наурызкөже. Оның пай­дасы жайында С.Асфен­дияров атындағы Қазақ ұлт­тық медицина универ­ситеті нутрициология кафед­расының доценті, PhD, Ұлттық саламатты тағамтану орта­лы­ғының маманы Айгүл Қожах­ме­това айтып берді.

Наурызкөже – дәрумендерге толы тағам

– Бүгінде көптеген елдің  ғалымдары наурызкөженің құрамына ерекше мән беріп, оның құнарлылығына басты назар аударып жатыр. Ата-бабаларымыз наурызкөженің ғылыми маңызын осыдан сан ғасыр бұрын түсінген. «Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін шағында» дайындалатын тағам ағзаны пайдалы дәрумендермен қамтамасыз етеді. Қазақ даласында наурызкөже көктемге аман-есен жетіп,  ағзаның қайта жаңаруына, көнерген жасушалар жұмысының жандануына, әрі қарай жаңа үрдістің басталуына нәр береді деген түсінікпен дайындалған. Наурыз­көженің құрамына қосылатын  сүр ет, жар­ма түрлері, ашытылған сүт өнімдері, қатық, құрт, айран, бұл тағамдардың қай-қайсысында болсын ағзаға пайдалы дәрумен өте көп. Наурызкөженің әлсіреген ағзаны дәру­менді тағамдармен нәрлендіргіш қасиеті жоғары. Бидай, жүгері құрамында жүйке жүйесіне, бұлшық еттің тығыздығына қажет­ті В дәрумені көп кездеседі десек, ұнға салып сақтаған ет, сүрленген қазы нағыз ақуыздың көзі. Ағзаға ерекше күш-қуат береді. Қатық, құртты езіп қосу көженің дәмін кіргізсе, минералдарға бай сүт өнімдері сүйекті қажетті Ca, Mg сияқты макроэлементтермен толықтырып отырады, – дейді ғалым.
Бүгінде дәруменге бай әрі үнем­ді наурызкөжені жыл он екі ай дайын­дауға молынан мүмкіндік бар. Осы орайда, А.Қожахметова ұлттық тағамды күнделікті ас мәзіріне кіргізіп, дастарқанның сәніне айналдыру қажет деген пікірін алға тартты.
Биылғы мейрам Ораза айымен тұспа-тұс келіп отырғандықтан, наурызкөже күні бойы ашыққан ағза үшін жеңіл әрі пайдалы. Ал жармалардың түр-түрін тағамға жиі қосудың кеңседе жұмыс істейтіндерге пайдасы ұшан-теңіз. Мысалы, сұлының таңертең ботқасын, кешкілікте қайнатпасын ішу ағзадағы артық заттарды шығарып, тоқтықты қамтамасыз етумен қатар, ішек жолдарының жиырылғыштығын, метаболизмді жақсартып, оның құрамындағы Mg күйзелісті алдын алуға ықпал етеді. Ал қарақұмық артық салмағы бар, қант диабетіне шалдыққандарға пайдалы. Қант дең­гейін қалыпты ұстап  тұратын әсері бар.  Жарманы аз қимылдайтын әрі егде жастағы адамдар күнделікті ас мәзіріне кіргізсе құба-құп. Бұршақ тұқымдастар құрамындағы амин қышқылдары еттің ағуызына жақын келеді. Қалалы жерлерде етті жиі тұтынғаннан гөрі бұршақтан әзірленген тағамдарды ас мәзіріне тұрақты пайдалану ағзаны ақуыздарға толықтырудың бірден-бір жо­лы. В дәруменіне өте бай, магний ал­мастырғыш сипаты басым жарма түр­­лерін күнделікті тұтыну арқылы жүй­­ке жұмысын жақсартып, ағзада тұз жи­налу, ұйқыны тыныштандырғыш сипа­ты­на да мән беру керек, дейді ғалым.
Сауда орындарынан тағамдық өнімдерді тұтынғанда оның дайындалу сипатына, өнді­рушіге басты назар аударған абзал. Сөрелерде жарманың да, еттің де түр-түрі самсап тұр. Сондықтан елімізде өндірілген тағамдарды қолдануға аса мән берген абзал.
 
АЛМАТЫ 
22 наурыз 2024 ж. 206 0