Арықтау үшін қандай тағам жеу керек?
Арықтағысы келетін адамдар ең алдымен тағам мәзірін түзеу керектігін білуге тиіс. Артық салмаққа шағымданатындар әдетте дұрыс тамақтануды білмейді, артық жеп қояды, фаст-фуд пен газдалған сусынды көп ішеді. Бұл материалымызда арықтау үшін қандай тағам жеу керектігін түсіндіреміз. Әр тағамның ағзаға тигізер пайдасы болары анық. Ал ең пайдалы тағамды іздесеңіз шикілей күйінде таңдау керектігін ескеріңіз. Себебі оның құрамындағы пайдалы компонеттері сақталып қалады. Азықтарды таңдағанда калорий аз болуы керек екенін ескеріңіз. Ал тағам мәзірін дайындау кезінде май, ағуыз бен көмірсудың қаншалықты дәрежеде екенін анықтау керек. Көкөністер – жасұнықтың басты қайнары. Жеміс-жидектер – дәрумен мен антиоксиданттарға бай. Дәнді азықтар – ағуыз бен өсімдік майына бай. Сүт пен құрамында майы аз сүтті тағамдар – ағзадағы кальцийді арттырады. Ет пен етті азықтар – аминоқышқыл, коллаген мен эластинге бай. Балық пен теңіз өнімдері – ағуыз, дәрумен мен минералдарға бай. Жұмыртқа – ағуыз, дәрумен мен микроэлементтерге толы. Жаңғақ пен пісте – дәрумен мен микроэлементтерге бай. Арықтау үшін мәзіріңізде мына тағамдар болуы керек: 1. Көкөністер шырыны Жасуша деңгейіндегі ағзаның тазаруына, зат алмасу үдерісін жақсартуға көмектеседі. Өте тойымды болғанына қарамастан, құрамында калорий саны аз. 2. Саумалдық Азықтық талшық, калий, С дәрумені мен минералды заттарға бай. Сондай-ақ ол қартаю үдерісін баяулатып, сырт келбетке игі әсер етіп, физикалық белсенділікті арттырады. 3. Миндаль Оның құрамында магний, В тобының дәрумендері мен микроэлементтер молынан бар. 4. Алма Құрамында жасұнық мол болғандықтан, ас қорыту қызметін жақсартады. Сонымен қатар алма қартаюға қарсы көмекші ретінде де белгілі. Құрамындағы пектин мен органикалық қышқылдардың арқасында ағзаның тазаруы мен қалыпқа келуі жылдам болады. 5. Қызыл балық Құрамында омега-3 майлы қышқылы мол. Қызыл балық қан құрамындағы қант мөлшерін қалыпта ұстауға көмектеседі. 6. Қабықты бұршақ (фасоль) Оның құрамында калорий аз болғандықтан, молынан жеуге болады. Құрамындағы азықтық талшықтардың молдығынан ағзаны тез тойдырып, ішектің қызметін жақсартады. 7. Брокколи Брокколиді күнделікті жеген дұрыс, себебі ол ағзаны С және К дәрумендерімен қамтамасыз етеді. Сонымен қатар оның құрамнда антиоксиданттар мол.
Massaget.kz
Massaget.kz