Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаңару күні: Қазақ салтында бұл күні қандай рәсімдер жасалған?

Жаңару күні: Қазақ салтында бұл күні қандай рәсімдер жасалған?

Биылдан бастап Наурыз мейрамы жаңаша тойланып жатыр. Дегенмен, жаңаша дегенге қарағанда, дәстүрді жаңғырту десек, дұрысырақ болар еді. Себебі Наурыз тек 1 күн немесе 3 ғана аталып өтетін мереке болмаған. Мұны тарихи деректер мен этнографтардың жазбалары да растайды. Сонымен, 19 наурыз – жаңару күні. 

Жаңару күні: Қазақ салтында бұл күні қандай рәсімдер жасалған?
 Сурет: ©Дмитрия Доценко / tengrinews.kz

Наурызнамаға енгізілген бұл атаулы күнді биыл ағаш егу дәстүрімен бастау ұсынылған болатын. Сонымен қатар, еліміздің әр түкпірінде түрлі шара өткізілмек. 
Жалпы, Наурыз мерекесінде ағаш егу, үй-жайды тазарту, бұлақ көзін ашу сияқты жұмыстар атқарылғаны белгілі. Бұл – жаңа жылға, жаңа күнге жаңарып, тазарып қадам басу дегенді білдірген болса керек. Сонымен қатар, ескі-құсқы заттарды лақтырып, отпен аластау рәсімі де өткізілетін болған.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Археология, этнология және музеология кафедрасының профессоры Тәттігүл Картаеваның мақаласында Сыр қазақтарының көктеуге көшердегі отпен аластау, қауақ сындыру көне ғұрпы туралы Н.Гродеков, Ә.Диваев  жазбаларында қызықты деректер кездесетіні айтылған.
"Қыстаудан көктеуге көшке шығар алдында жолдың екі жағынан үлкен екі от жағады, әйелдердің жасы үлкені қауақтан жасалған ыдысты алып «қауақ сынды қайғы кетті» деп қауақты сындырады. Одан кейін жағылған екі арасынан жүк артылған түйелерді өткізеді, одан кейін адамдар «алас, алас, бәледен қалас» деп оттан секіріп, тазару ғұрпын жасап, қыстан аман-есен шыққандарына тәубешілік етеді. Байырғы қазақтар Наурызда кетік аяқ (ыдыс) болса сындырып, ескі заттарды «бәле-жала осымен кетсін» деп жерошақ қазып, отқа жағып, күлін көміп тастаған. Бұл ғұрып ескі зат үйдегі ошаққа тасталмағандықтан «моғал ошақ қазу» деп аталған. Қазақтар арасында ертеде Қайрақанды көшіру, төрткөз сарыаяқ итті өлтіру, жұп шырақ жағу ғұрыптары болған. Бұл ғұрыптарды кезінде қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов қариялардан жазып алған. Аластау, шырақ жағу рәсімдерінің архисемасы (түпкі мәні) – От Әулиеге (От Құдайға), отқа табынумен (зороастризммен, шаманизммен) байланысты сенім. Қазақтардың сенімінде Қайрақан – жамандықтың иесі саналған мифтік бейне. Ыдысқа сүт құйып, «Қайрақан көш, көш» деп, ыдыстағы сүтті дүниенің төрт бұрышына шашады. Күнделікті сенімде қазақтар ағарғанды төкпейді, қасиетті ас санайды", - деп жазады ғалым.
Мұндай деректі тарих ғылымдарының докторы, Ахмет Яссауи атындағы ХҚТУ-дың Құрметті профессоры Мұрат Қожа да өз еңбегінде айтып өтеді.
"Наурыз туралы құнды мәліметтерді 1927 ж. М.О.Әуезовтың кітабынан табамыз. Онда құшақтасып көрісумен, жақсы тілектер айтумен, қазан көтеріп арнайы тамақ беруден басқа деректерде айтыла қоймайтын мына рәсімдер айтылды: «Жұп шырақ жағу, кетік аяқ, кетік шөміш сындыру, көріскенде: «таза бақ, кел» деп, «Көш қайрақан, көш» деп  аластау барлығы да сол заманның тілегі. Ескіліктің ізін сақтаған, ескі күнде аман болып, бүтін болып қалмай, сынып, жарылып қазаға ұшыраған нәрселер болса, оның бәрінде ескі күннің сарқыты қалуға мүмкін. Онда иесіне арнаған жаманшылық сөз сақталып қалуы лайық. Сондықтан кетік ыдыстар сындырылады. … Бұлардан басқа төрт көз итті өлтіру, моғал  ошақ қазу болған». Мұндағы материалдар қазақтың наурыз мейрамында атқарылатын рәсімдер қатарын толықтырады", - деп жазылған ғалымның еңбегінде.
Яғни, Наурыз – ежелден тазару мен жаңару мейрамы. "Ескі жыл, есірке, жаңа жыл, жарылқа" деп жақсы тілек тілеп, бір серпіліп, бой жазатын, ішкі тазалық пен сыртқы тазалыққа тағы бір мән беретін күн. Осы үрдістің ғасырдан-ғасырға үзілмей жетіп, одан әрі жаңғырып жатқаны қуантады.
19 наурыз 2024 ж. 272 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№97 (9261)

06 желтоқсан 2024 ж.

№96 (9260)

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (9259)

01 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031