75 ТҰРҒЫННЫҢ 18%-Ы КІТАП СЫЙЛАҒАН

Әлемнің кітапсүйер оқырмандарынан қолдау тапқан күн өзінің аз ғана жылдық қалыптасу тарихында үлкен танымалдыққа ие болып келе жатыр. Әсіресе балаларға кітап сыйлау кеңінен қалыптасты. Кітапты сыйлық ретінде қабылдап алу тек балаларға ғана емес, ересектер үшін де қуанышты сезімі екені анық. Бұл дегеніміз – кітапты сыйға тартушы мен сыйға алушы арасындағы өзара жақсы қарым-қатынастың ерекше нышаны. Кітап сыйлағанда да адамның білім-білігін, көкжиегін, әлеуметтік ортасын, жас ерекшелігін ескере отырып сыйлау абзалырақ. Кітап сыйлау үрдісі – адамзат қоғамымен бірге жалғасын таба берері сөзсіз. Өзге халықтарды қайдам, біздің тарихта бұл ежелден бар. Түркі халқынан шыққан әйгілі ойшыл дана Жүсіп Баласағұн өзінің «Құтты білік» атты даналық кітабын 1070 жылы Қарахандар әулетінің (942-1210) негізін қалаушы Сүлеймен Арсылан ханға (908-955) тарту еткені тарихтан белгілі. Шығыстың ойшыл ғұламаларында ел иесі сұлтандар, хандар, патшаларға кітап тарту ету – ежелден бері қалыптасқан. Осы ретте кітап оқуға қатысты мына бір деректі ұсынуды жөн көрдік. Кітап оқуды тұрақты әдетке айналдырған адам аптасына қалыңдығы орташа деңгейдегі бір кітап оқыса, бір жылда елу кітап оқып үлгереді екен. Демек осы оқу қарқындағы кітапқұмар жасөспірім өмір бойы осылай оқыған қалпында қарттық белеске жеткен шағында шамамен 3000-4000 кітап оқиды деген сөз. Ал әлгі жасөспірім аптасына екі кітап оқиды десек, бұл көрсеткіш тағы екі есеге артады. Ал екі аптада немесе айына екі кітап оқиды десек, екі есе азаяды. Бірақ бұл әркімнің ынта-жігеріне, қызығушылығына қатысты түрлі көрсеткішке ие болуы мүмкін. Жалпы алғанда, Жер шарындағы адамзат баласының оқитын кітап саны орта есеппен бес жүз дана екен. Бұл сан бір адамның ғұмыры үшін көп пе, аз ба, өзіңіз сараларсыз. Ал сізге сұрақ? Өзіңіз осы жасқа дейін қанша кітап оқып үлгердіңіз? Қазір бос уақыт тауып кітап оқып жүрсіз бе? Болмаса қызықты кітапты парақтай, алтын уақытыңызды фейсбук пен уатсап, телеграмм сынды әлеуметтік желілерге арнап жүрсіз бе? Әрине, ғаламторды, ондағы сансыз ақпараттарды оқымаңыз, көрмеңіз демейміз. Бірақ кітапты да қолға алып, қызығушылықпен оқыған көркем әдеби кітаптардың білім көкжиегінде рухани жан азық алудағы ықпалы өлшеусіз ғой. Кітаптардың оқырманға психологиялық, эстетикалық тұрғыдағы сыйлайтын әсері бойынша тигізер пайдасы орасан екендігін кім жоққа шығарар? «Жақсы кітап – жан азығы» деген осы емес пе? Аталған тақырып бойынша Шиелі ауданының тұрғындарынан сауалнама жүргізген едік. Нәтижесінде 75 тұрғынның 18 %-ы «кітап сыйлағанбыз» десе, ал 82%-ы «жоқ» деп жауап қатты. Демек, бұл күнді тағы да насихаттап жіберу – біздің қолымызда. Ендеше Эмми Бродмур ойлап тауып, өмірге енгізген Халықаралық кітап сыйлау күні осылайша кітап өндірісіне де тың серпін бергендей.
Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ