Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » СӘУКЕЛЕНІ СӘНГЕ КИМЕЙДІ

СӘУКЕЛЕНІ СӘНГЕ КИМЕЙДІ

Той-думаны мен қызығы тарқамаған қазақ ұлтының салтдәстүрінен сыр шертетін сәнді қолданбалы өнердің озық жемісі – сәукеле. Қазақ киімдерінің дәстүрлі көркемдік ерекшелігі – ақыл-ойы мен пайым-парасаты, биік талғамы бас киімдердегі әшекейлерімен бірге оны киінген адамның әлеуметтік жағдайынан сыр тартатынында жатса керек. Соңғы жылдары қыз балалар ұзатылар алдында жарасты қазақы киім, басына сәукеле кию үрдісі жаңғырып келеді. Алайда бұл ұлттық бас киімнің маңызы мен мағынасына бойлай алып жүрміз бе?

Сәукеле – қыз баласы ұзатылғанда киетін, өн бойы қымбат маталармен қапталып, оның сырты асыл тастармен көмкеріліп, түрлі-түсті қымбат жіптермен тігіліп, безендірілетін бағалы бас киім. Дәстүр бойынша бас киімнің бұл түрін тек ұзатылатын қыздар ғана киеді. Ол айырбасталмайды, басқаға киюге берілмейді. Деректер сәукеленің биіктігі – 50-70 сантиметрге дейін баратынын жазады. Бір ғана мысал, «Бөкей Ордасы аймағындағы сәукеленің биіктігі бір кез болатын» деген мәліметті кездестіреміз. Бұл ауқатты отбасылар тіктірген сәукеленің 70 сантиметрден де асқанын байқатады. Сәукеленің негізгі бөліктерін – тәж, төбе, құлақбау және артқы бойы құрайды. Төбесі қиық конус тәрізді болып келеді. Ол дөңгелек төбе жағына қарай жіңішкере береді. Оны асыл тас, алтын, күміс, меруерт, маржанмен өрнектеп, алтын жіппен әшекейлейді. Төбесіне үкі тағылады. Осындай ауыр тастармен көмкерілген бас киім бастан қисайып немесе түсіп кетпеу үшін арнайы бау тағылады. Екі құлақ тұсынан омырауға дейін жететін құлақшаның қыз денесін тік ұстап жүруіне септігі мол. Сәукеленің артқы жағына ұзындығы жерге жететіндей ақ желек тағылады. Ол қалыңдықтың жүзін, бүкіл денесін жауып төгіліп тұратындықтан, беташар айтылғанда қыздың дене пішімін өте нәзік, сымбатты етіп көрсеткен. Ақ бүркеншек жабудың мағынасы терең. Бірі алғаш түскен келінді тіл мен көз сұғынан сақтайды десе, екіншіден, жолы ақ болсын деген ырымға саяды. Сәукеленің отау сынды болып келуі кездейсоқ емес. Мұнда да түтін түзу ұшсын, екі жас биіктерге самғасын деген тілек жатса керек. Халқымыздың тілдік қорында сәукеле жайындағы атаулар көптеп кездеседі. Сәукеленің әшекей бұйымдарының жалпы атауы­ «Басжақсы» деп аталған. Сәукеленің әшекей заттары көп әрі олар қымбатқа түсетіндіктен, күйеу жағы қалың малдан тыс бас киімнің құнын төлеген. Ал онда орналасқан шар сияқты металл әшекей қозаны «шытақ» дейді. Бергек – желекті ұстап тұратын әшекейлі қатырғы болса, жырға – моншағы, шұбыртпа, салпыншағы.

Сәукелемен бірге ішіне киілетін арнайы бас киім болған. Ол «зере» аталады. Қазақта ұялу сөзін «бет моншағы үзіліп» деген тұрақты тіркеспен алмастыра айтатын сөз бар. Сол бетмоншақ – сәукеленің екі жағына, маңдайына салбырата қадап қоятын бірнеше қатар төгілмелі моншақ атауы. Жақмоншақ – әйелдер баскиімдерінің екі жақ самайлығына және маңдайының алдыңғы жиегіне қастарын жасырып, тізбелі шоқ жасап шілтерлеп тағылатын әшекей. Жақмоншақты зергерлер алтын, күміс қозаларын жібек жіптерге тізіп, асыл тастармен бұршақтап, үзбелеп жасайды. Жоғары жағына асыл таспен, төменгі жағын күміспен, бас киімге, бесікке тағатын әшекей «үкіаяқ» делінеді. Дәстүрлі ұғымымызда үкі киелі құс саналған. Оның аяғы, қауырсыны тұмар орнына тұтынған. Үкіаяқ сырға, шаштеңгелермен бірге сәукеленің де құрамдас бөлшегі ретінде қолданылады. Сәукелені кез келген адам тіге алмайды. Ұсынықты, шебер қолдан шыққан мұндай бұйымды тігіп, дайындаудың өзі біршама уақытты алған. Қазақта сәукеле кигізу салты болған. Бұған құда-құдағилар шақырылады. Шашу шашылады. Ақ бата арналады. Сәукелелі келіншек ажарлы да базарлы көрінеді. Оны жұрттың бәрі көруге ынтық. Оның көрімдігі де соған лайық болу керек. Сәукеле байғазысының бағасы да олқы болмайды. Жоғарыдағы жайлар туралы көпшілік хабардар. Дегенмен сәукеле сөзінің мағынасына көбіміз ден қоя бермейміз. Қазақ халқы салт-дәстүрге өте бай. Алайда ата-бабадан жеткен мұрамызды келешекке қалай жеткіземіз. Бұрмаланбай, мән-мағынасын жоймай жаңғырса құба-құп емес пе? Тәуелсіздігіміз еншімізге тиіп, төл тіліміздің қадір-қасиетін арттырып, ондағы көмбедей көмілген жауһарларды жаңғыртамыз десек, ұлтымызға тән атаулардың сырына үңілер уақыт жетті.

Ақтоты РЫСБЕК
Фото: bilim-all.kz
07 ақпан 2024 ж. 275 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№79 (9243)

07 қазан 2024 ж.

№78 (9242)

01 қазан 2024 ж.

№77 (9241)

28 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031