Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚАЙРАН, ҚАЗАҚ ҚУЫРШАҒЫ

ҚАЙРАН, ҚАЗАҚ ҚУЫРШАҒЫ

Шындығында қазақ баласының ұлттық ойыншығы қайсы, осы? Тіпті болып па еді дерсіз? «Болды» дер біреулер, «болмады» дер екіншілер. «Болды» дейтіндер ұлттық ойыншығымызға нені балайды?

Дәл осы тақырыпты білек сыбана зерттеуге ниет қылдым. Алдымен көптің аузында жүрген Кунсткамера музейінің ресми сайтын шолып шықтым. Сөйтсем, елімізде жоқ қазаққа тән құнды дүниенің бәрі сонда екен.

Тақырыпқа тұздық. ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында өмір сүрген 3-10 жастағы қазақ балалары қолдан жасап, тігілген «қазақы» қуыршақпен ойнаған. Иә, нағыз кәдуілгі қазақ қуыршағы. Балалар қамысқа яки шыбыққа мата орап, сыртына көйлек тігіп, өздері жасаған деседі. Әдетте, қазақтың ескі қуыршақтарына бет-жүзі салынбаған. Десе де, қуыршақтың киімі қазақ халқының ұлттық киімінің дәл көшірмесі болған. Ұзын етекті, кең көйлекті. Ойыншық киіміне қарай: қуыршақ қыз, қуыршақ қалыңдық, қуыршақ жігіт болып кете береді. Халқымыздың нақ осындай ерекше құндылықтары Санкт-Петербургтағы Кунсткамера музейінде сақтаулы. Мұны ХХ ғасырдың басында этнограф Клавдий Щенников қазақ даласынан жинап, музейге өткізген көрінеді.

Бағзы заманда қазақ балалары ойыншықтармен тек ойын-сауық үшін ғана емес, өмірге бейімделу мақсатында да ойнаған деседі. Мәселен, қуыршақтардың көмегімен балалар жас кезінен бастап өздерінің болашақ міндеттеріне үйренді. Анығында шаруашылық жүргізу, мал бағу, аң аулау, соғыс, белгілі бір тұрмыстық заттар жасау және тағы басқа. Қазақ қуыршақтарының киіміне қарай түрлері болғанын жоғарыда жаздық. Кунсткамера музейіне қойылған ойыншықтардың ішінде қуыршақ жігіт те бар. Ол ХХ ғасырдың басында Ақмола облысы, Петропавл уезінен табылған екен. Осындай ойыншық түрлеріне қарап, балалар «үйлену тойын» ойнағанын аңғаруға болады. Олар қуыршақ қыз бен жігітті лайықтап киіндіріп, «тойға» дайындаған. Қуыршақ күйеу жігітті жасау үшін ағаш, мата, қауырсын мен жіп пайдаланылған. Оның бойы – 24 сантиметр болса, иығының жалпақтығы – 3,5 сантиметр.

Өткен ғасырдың басында Ақмола облысының аумағынан жиналған тұрмысқа шықпаған қыздарды бейнелейтін қуыршақтар да дәл осы музейде тұр. Ерекшелігі сол, бұл қуыршақтың жылқының жалынан жасалған бұрымы бар. Шаштың ұшына әшекей бұйым – шолпы ілген. Ол мыстан жасалыпты. Қуыршақтың бойы – 14 сантиметр болса, ені – 9 сантиметр. Ал, шашқа тағылған кішкене шолпының, яғни тиынның диаметрі – 2 сантиметр. Қуыршақ қалыңдықтың бойы – 17, бас киімін қоса есептегенде 25 сантиметрге барады. Иығының жалпақтығы – 5,5 см, бетінің диаметрі – 1,8 сантиметрді құраған. Қуыршақ қалыңдық болғаннан кейін, киіміне ерекше мән берілген. Мерекелік бас киімі түрлі-түсті әйнектермен, маржанның кішкене бөліктерімен, түймелермен, темір тақтайшалармен, жүн жолақтарымен, үкі қауырсындарымен әшекейленген. Көйлегі кестеленген екен. Қатарда камзол кигізген қуыршақтар да бар. Оны қазақ әйелдерінің дәстүрлі сырт киімі саналатын камзолдың толық көшірмесі деуге болады. Оны тігуге барқыт, шыт маталар, формалы киім үшін пайдаланылатын жіңішке алтын я күміс оқа және жіп пайдаланылған. Киім ұзындығы – 11, иығы – 5 см, қолының ұзындығы – 5 сантиметрді құрайды.

Суреттен көріп отырғаныңыздай, осы ойыншықтардың бәрін қазақ балалары ертеде қолдан жасап, киімін өздері тігіпті. Әсіресе, қыздар үшін қуыршаққа киім тігу – іс тігудің басы болған. Қуыршақтың киімін зерлеп, кестелеген. Осылайша, бұрынғылар балаларын тігіншілікке, ісмерлікке баулығаны байқалады. Қуыршақтармен ойнағанда оның «жиһаздары» да қатар жасалған. Олардың төсек-орын жабдығы, жиһазы, кереует, кілемше, жастықша, оюлы пердесі болған. Кілемше барқыт, шұға маталарынан тоқыма баумен және жіппен тігіліпті. Ұзындығы – 25 сантиметр, ені – 12 сантиметрге жеткен.

ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында қазақ балалары ойнаған қуыршақтардың бет-жүзі жоқ. Оған ата-бабаларымыздың «жын әлемді аралап жүреді және адамға ұқсас суретке еніп алуы мүмкін» деген түсінігі кедергі болса керек-ті. Сондықтан қазақ ертеде түрін адамға ұқсатып ойыншық жасамаған. Сондай-ақ Кунсткамера музейінде этнографиялық және археологиялық коллекция жинаушы Самуил Дудиннің 1899 жылы сол кездегі Семей облысы, Саумалкөл маңында түсірген қуыршақтар суреті сақталған. Онда қуыршақ қыздан бастап, қуыршақ әжеге дейінгі ойыншықтарды көруге болады. Тіпті қуыршақтарға арналған тұскиіз бен жастық, ойыншық иесінің кішкентай сөмкелері де бар.

Осыған қарап қазақтың қолынан бәрі келетінін аңғаруға болады. Кезінде әнші Қыдырәлі Болманов қазақ ойыншығын жандандыру мақсатында «Bal-bala» атауымен қазақша сөйлейтін қуыршақтар шығарған еді. Алайда оның бағасы қарапайым халық үшін қолжетімді бола қоймады. Десек те, осынау жаңашылдық неге қолдау таппайды? Бізде қазақ баласын баурайтын ұлттық нақыштағы ойыншық шығаруға ынта жоқ па, әлде бұл қиын шаруа ма? Тегінде қазақ ертегілерінің желісінен балалар ойыншығын шығаруға кейіпкерлер легі жетерлік. Тау көтерген Толағайдың бір өзі есте сақтау, ойлау қабілеттері жетіле бастаған балаларға қаншалықты әсер етерін тәптіштеп айтудың қажеті жоқ шығар. Тек айтарымыз, Толағаймен ойнаған бала тау көтермесе де, тау көтермекке талпынып өсері анық. Кішкене қыздарымыз қазақтың ұлттық киімін киген, қолаң шашы арқасына түскен қаракөз қуыршақтармен, ұлдарымыз Керқұла атты Кендебаймен, тау көтерген Толағаймен ойнаса дейсің. Ал қазір балабақша балалары көгілдір көзді қуыршақты қолтықтап, саусақтың ұзындығындай сары шашты тарағыштап әлек. Қала берді хит болған «Хаки-Ваки» ойыншығына құмартып тұрады. Сонда қазақ баласы қашанғы өзге елдің ойыншығына телмірмек?
15 қаңтар 2024 ж. 219 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№78 (9242)

01 қазан 2024 ж.

№77 (9241)

28 қыркүйек 2024 ж.

№76 (9240)

24 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031