Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Адал еңбек бос кетпейді

Адал еңбек бос кетпейді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес» деген болатын. Соңғы жылдары ауыл шаруашылық саласында бірқатар ауқымды жұмыстар мен жобалар қолға алынып келеді. Қазіргі уақытта әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен жергілікті тұрғындарды қамтамасыз ету, ауыл табысын арттыру, мал шаруашылығын дамыту сынды тағы басқа мәселелер оңтайлы шешімін тауып келеді. Осы ретте, қажырлы еңбек пен маңдай терді қажет ететін саланың бірі – ауыл шаруашылығынан ағымдағы жылда ауданның жеткен жетістіктерін сөз етуді ұйғардық.
2023 жылдың 11 айында ауыл шаруашылығы саласы бойынша ауданда 42 млрд 54 млн теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 103,4 пайызға орындалған. Атап айтсақ, егін шаруашылығы бойынша 29 млрд 233 млн теңге, мал шаруашылығы бойынша 12 млрд 471 млн теңгенің өнімі өндірілді. Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың негізгі индикаторларының іс-шара жоспарына сәйкес, мал шаруашылығын дамыту бағытында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Төрт түлікте де өсім бар. Ағымдағы жылдың 1 желтоқсанында мүйізді ірі қара саны – 93 261, қой мен ешкі – 136197, түйе – 1702, жылқы – 24 441, құс – 30 079 басты құрады. Аудан бойынша мал басының артуына байланысты өндірілген өнімдер мен өсімде де өзгеріс бар. Төрт түлік малдан өндірілген өнімдер (тірілей салмақта) 5051,8 тонна ет, 19832 тонна сүт өндірілді. Егіс көлемі бойынша биыл 30 792 гектарға егін егіліп, былтырғы жылдан 718 гектарға артып отыр. Негізгі дақыл күріштің үлесі – 13 176 гектарды құрады. Мал азығы қорын жасақтау үшін шөп дайындау жоспары 158,4 мың тонна болса, артығымен 164,8 мың тонна шөп жиналды. Оның ішінде 63 021 тоннасы жоңышқа шөбі. Қысқы мал азықтық қорына жоспарлы 36,4 мың тонна жемнің 37,6 мың тоннасы дайын. Жоспарлы 32,7 мың тонна сабанның 34,2 мың тоннасы дайындалған.
Биылғы егін маусымында алқаптарда 14 335 тонна минералдық тыңайтқыш пен 12 045 литр арамшөптерге қарсы гербицид қолданылған. Күзде барлық егіс толықтай жиналып, жоспарланған 10 700 гектар сүдігер айдалып, 848 гектар жерге күздік бидай егілді. Өткен жылдың күз айында егілген 1387 га күздік бидай ысырапсыз жинап алынған. Ондағы орта өнім 12 центнерді құрап, 1664 тонна бидай жиналған. Сондай-ақ 240 гектар жерге егілген жаздық бидайдан 96 тонна өнім жиналса, 877 гектар мақсарыдан 789 тонна өнім алынған. Ал 103 гектарға егілген жүгері дақылынан 309 тонна, 71 гектар сүрлем жүгеріден 178 тонна өнім алынып, 240 гектар тарыдан 840 тонна және 15 гектар күнбағыстан 45 тонна өнім жиналған. Сонымен бірге 1818 гектар көкөніс, 2436 гектарға бақша өнімі және 1223 гектар жерге егілген картоп дақылдары толық жиналды. Осы егілген 1818 гектар көкөніс дақылдарынан 59 085 тонна, 2436 гектардан 85 260 тонна және 1223 гектар картоп дақылынан 37 913 тонна өнім өндірілген.
Биыл облыс әкімінің тапсырмасына сайкес, аудан бойынша азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында әр жергілікті тұрғын өзін-өзі бақша өнімдерімен қамту үшін 1520 гектар қосымша жер ашылып, тұрғындар тарапынан көкөніс, бақша дақылдары егілген. Оның ішінде, 406 гектары картоп, 527 гектары көкөніс және 587 гектары бақша дақылдарының үлесінде. Бүгінде осы егілген өнімдер толық жиналып жоғары өнім алынып отыр. Биыл егілген 13 176 гектар күріштің әр гектарынан 56 центнерден өнім алынып, жалпы 73 786 тонна сыр салысы қамбаға құйылды. Бұл да толассыз еңбек пен төккен тердің арқасында жеткен жетістіктің бір парасы. Ал келер жылы ауданда егін науқанына судың тапшылығын ескере отырып, 29 929 гектар жерге егін орналастыру жоспарланған. Негізгі дақыл күріштің көлемі 11 000 гектарға қысқартылмақ. Сондай-ақ әртараптандыру дақылдарына аса мән беріліп, бидай 1421 гектарға, тары мен жүгері 1150 гектарға, майлы дақылдар 850 гектарға, мал азықтық дақылдар 10023 гектарға және картоп, көкөніс, бақша дақылдары 5485 гектарға ұлғайту көзделген.
Жыл сайын Сырдария өзенінің тартылуына байланысты егістік алқаптардың да көлемі қысқарып келеді. Дегенмен бұл табиғи құбылыс қайта орнына келеді деп сенеміз. Бүгінде ауыл шаруашылық құрылымдары жаңа үлгідегі «Мак-Дон», «Джон Дир», «Класс», «Енисей», «Есіл» маркалы соңғы үлгідегі ауыл шаруашылық технологияларымен толыққан. Сонымен бірге ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің қолында күзгі дала жұмыстарына 331 дана трактор, 117 дана комбайн, 63 дана жатка, 52 дана автомашина және 164 дана трактор тіркемесі қатысқан. Жалпы аудан бойынша кейінгі 4 жыл көлемінде отандық және шетелдік техникалармен 63 пайызға ауданның техника паркі жаңарды. Биылғы жылдың ІІІ тоқсанында ауданға ауыл шаруашылығы құрылымдары жаңадан 4 комбайн, 2 жүк тиегіш және 10 трактор алынды. Қазіргі уақытта ауданға 1 млрд 177 млн теңге инвестиция тартылып, өткен жылға қарағанда 2,7 есе артып отыр.
Биыл «Шиелісушар» өндірістік учаскесі теңгерімдегі, «02» шаруашылық аралық каналының 2 шақырымына, «Р-8» каналының 3,6 шақырымына, «Ескі сол жаға» каналының сағасына және «Жаңа Бестам» каналының 3 шақырымына және «Жаңа Сұлутөбе» каналының 5 шақырымына «Қазсушар» ШЖҚ РМК-ның Қызылорда филиалының тарапынан механикалық тазалау жұмыстары жүргізілді. Аталған каналдардың қайыр басқан жерлері толықтай тазаланды. Сонымен қатар Еңбекші ауылдық округі, Қосүйеңкі елді мекенін аяқ сумен қамтамасыз ету мақсатында 2022 жылы 2-2-2 каналына жоба-сметалық құжаттамалары әзірленіп, Қызылорда облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының шаруашылық жүргізу құқығындағы «Табиғат» мекемесі тарапынан 92 млн теңге қаржы бөлініп 23 шақырымына механикалық тазалау жұмыстары жүргізілді. Шиелі кентінің аумағына Сырдария өзенінен 22 бекет каналы арқылы келетін, кент тұрғындарын аяқ сумен қамтамасыз етіп отырған, «Базар» және «Байсары» арықтары Қызылорда облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының шаруашылық жүргізу құқығындағы «Табиғат» мекемесінің теңгерімінде. «Базар» арығының жалпы ұзындығы 8400 метр, 2016 жылы 2886 метріне темір бетонды науа (латок) салынған. Бетонды науа салынбаған жері 5514 метр. «Байсары» каналының жалпы ұзындығы 2881 метр, 2017 жылы 1949 метріне темір бетонды науа салынған. Бетонды науа салынбаған жері 932 метр. Жалпы «Байсары» және «Базар арығы» каналдарының бетонды науа салынуды қажет ететін ұзыныдығы 6446 метрді құрайды. «Базар» каналының темір бетонды науа орнатылмаған бөлігіне Қызылорда облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы арқылы 2023 жылға бетонды науа (бетондауға) жұмыстарына жоба-сметалық құжаттарын әзірлеуге 5 млн 600 мың теңге, «Байсары» каналының жоба-сметалық құжаттарын әзірлеуге 3 млн теңге қаражат бөлінген. Жоба-сметалық құжаттары әзірленуде. Сараптама жұмыстары жүргізілгеннен кейін қазу, тазалау және бетондау жұмыстарына толық қаражаты белгілі болады. Осыған орай, қалған бетонды науа салынбаған 6446 метр жерге науа салынатын болады. Биыл елді мекендерді аяқ сумен қамтамасыз ету мақсатында «Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы» тарапынан 14 дана насос қондырғылары берілген. Оның ішінде Қоғалы ауылдық округіне 4 дана KY-560 дизельді, Бестам ауылдық округіне 3 дана дизель, Тұран ауылдық округіне 2 дана электр, Бәйгеқұм ауылдық округіне 1 дана дизель, Еңбекші ауылдық округіне 2 дана дизель және Жөлек ауылдық округіне 1 дана электр, 1 дана дизелді насос қондырғылары берілген.
Жыл көлемінде «Ауыл Аманаты» жобасы аясында ауданда бір қатар азаматтар шағын несие алып, өздерінің кәсібін бастады. Біз осы тұста, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Мұрат Әшірбековке аталған жоба бойынша сауал жолдағанбыз.
Оның айтуынша, Кәсіпкерлік бастамашылыққа жәрдемдесу жөніндегі шараларды ұйымдастыру және қаржыландыру мақсатында Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты қорғау министрлігімен жеңілдетілген несие түрі бекітіліп, аз мөлшердегі үстемақымен несие беру жоспарланған. Осы жобаны әрі қарай дамыту мақсатында Қызылорда облысына Республикалық бюджеттен «Ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі жобаны үлкейту мақсатында шағын кредиттер беру» бюджеттік бағдарлама аясында 2023 жылға 3 млрд. теңге қаржы бөлінгені барлықтарыңызға белгілі. Облыста жобаны жүзеге асыру мақсатында Қызылорда қаласы және барлық аудандар бойынша жұмыс топтары құрылып, ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайын айқындау жұмыстары жүргізілді. ­Ауданда жобаға қатысушылар тізімін жасақтап, обылысқа ұсынған болатынбыз. Шиелі ­ауданы әкімінің орынбасары Ерсұлтан Амантайұлының төрағалығымен бірнеше рет жиналыс өтті. Қазіргі таңда сенім білдірген өкіл ретінде «Байқоңыр» ӘКК» АҚ анықталып, жобаларды комиссияға ұсыну жұмыстары жүргізіліп, осы жылдың қорытындысы бойынша ауданнан 75 жобаға 548 млн теңге мемлекет тарапынан қолдау тауып, мақұлданған жобаларға қаражат аудару жұмыстары жүргізілді. Ауданға тиісті қаржы көлемін шамадан тыс асыра орындап, барлық жоба толыққанды қаржыландырылды. Қолдау тапқан жобалардын арқасында ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсартып, іске асқан жобалардағы ашылатын жұмыс орындары арқылы ауыл тұрғындары тұрақты жұмыспен қамтылатын болады, – деді.
Иә, ауыл шаруашылық саласы ел экономикасының дамуына серпін беретін үлкен құрылым. Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру – стратегиялық міндет. Оның дамуына ықпал ету – мемлекеттің ғана емес, фермерлердің де алдында тұрған үлкен міндет болмақ.

Дархан БАЙТІЛЕС
25 желтоқсан 2023 ж. 220 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№97 (9261)

06 желтоқсан 2024 ж.

№96 (9260)

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (9259)

01 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031